«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРАЛДЫҢ МҮЙІЗІМЕН ИМАНТАУ ДА ЕМДЕЙДІ

Айыртау ауданында “Солнечный ВИП” демалыс аймағы базасында маралдың мүйізімен емдеу орны ашылды. Бұл мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев: “Солтүстік Қазақстанның туризм әлеуеті соңғы жылдары пайдаланылған жоқ. Сіздерде туризм орталығы болудың барлық мүмкіндігі жеткілікті, Астананың жанындасыздар, сондықтан да мұны пайдалану қажет. Мұндай нысандарды ашу сіздерге туристер тартуға мүмкіндік береді”, – деді.

Мекеме Имантау көлінің жағасында орналасқан, күніне 45-ке дейін адам қабылдай алады. “Осыдан алты жыл бұрын біз Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына келдік, өйткені, мұндағы табиғат өте тамаша, суы тұнық Имантау көлі бар. Туризмді танытуға мүмкіндік мол. Біз туристердің демалуы үшін 20 шағын үй салдық, тағы осынша үй тұрғызбақпыз. Бүгінде инвестициялар 300 млн. теңгеден асты. Негізінен туристер Ресейден келеді. Емдеу орнында марал мүйізінің қаны пайдаланылады. Қазіргі кезде Баянауыл және Қарқаралы демалыс аймағында бізге қажетті жануарлар бар. Біз осында сол жануарларды жеткізу жөнінде уағдаластық. Биылғы жылғы қарашада 10-20 бас марал болады”, – деді “Астана транс строй” ЖШС бас директоры Дмитрий Паморцев.

Бұл күні Айыртау ауданындағы Имантау көлінің жағасында орналасқан “Акбар” турбазасында 30 орындық жаңа корпус ашылды. Бұл демалыс орны 2003 жылы қалпына келтірілген болатын. Ол күніне 150-ге дейін турис қабылдайды. Демалыс орны арзан, тәуліктік тұру, тамақтануды қосқанда 2500 теңгеден аспайды.

“Біз демалыс орнына жаңадан су, жарық тарттық. 2008 жылы жолды қалпына келтірдік. Бүгінде мемлекеттің ауданымыздағы туристік саланы дамытуға көңіл бөліп отырғаны қуанышты. Айыртау ауданында 18 табиғи қорғалатын ескерткіш бар, солардың бірі – Имантау көлі”, – деді “Жол техникасы ҒӨБ” ЖШС бас директоры Қазыбек Хасейінов.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының туристік индустриясын дамытудың “2014-2015 жылдарға арналған жоспарын” бекіткен болатын. Демек, алдағы кезеңде облысымызда туристік саланың жедел қарқынмен дамып, кең өріс алатынына сенім мол.

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Суреттерді түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp