«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРИЯНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Ұлы Абайдың рухани ілімін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сөзі мен даналығын ғасырларға жеткізу – бүгінгі күннің мұраты. Жыл сайын облысымызда өткізілетін “Абай оқулары” байқауының көздейтіні де осы. Өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін бұл байқаудың Абай шығармашылығы арқылы мемлекеттік тілді насихаттауда алар орны ерекше. Дәстүрлі сынақтың облыстағы ақтық сайысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы деп бірауыздан айыртаулық Мария Гордеева танылды. Ол – Саумалкөл ауылындағы №2 гимназия-мектебінің 10-сынып оқушысы. “Абай жолының” бірінші тарауын жатқа оқыған Мария әншілік өнерден де кенде еместігін байқатты. Мектепте қазақ тілі пәнін үздік бағамен оқитын бойжеткеннің мемлекеттік тілге көзқарасы да қуантты. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын түп-нұсқадан оқып, жаттауды әдетке айналдырған екен.  

Тайыншалық Даниил Свинцицкий Абайдың бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды. “Желсіз түнде жарық ай” әнін де әдемі орындады. Вишневка орта мектебінің 10-сыныбында оқитын Даниил екінші орынды Анастасия Володинамен бөлісті. Шал ақын ауданынан келген Анастасия – Сергеевкадағы Е.Шайкин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы.

Байқаудың үшінші орны үш жеңімпазға бұйырды. Олар – петропавлдық Надежда Янина, қызылжарлық Вероника Марушкина, аққайыңдық Кристина Гапочка. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан келген Ольга Кислова да байқаудан бос қайтқан жоқ. Абайдың шығармаларын еш мүдірмей, жатқа оқығандығы үшін дипломмен марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болды. Дәл сондай марапатты Анастасия Бельская да қанжығасына байлады. Ол – Есіл ауданының өкілі.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp