«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАУСЫМДЫҚ ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Қаңтар, ақпан айлары – вирусты инфекциялардың өршитін уақыты. Жыл басталғалы облысымызда 53 адам жедел-респираторлық ауруға шалдыққан. Тұмаудың А/Н3N2 түрімен 46 науқас тіркелсе, 7 адамда В түрі табылған.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы, яғни 2016 жылдың 1 қазанынан бүгінге дейін жедел-респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанған 13146 адам тіркелген. Әрбір 100 мың адамға шаққанда 2308-ден келеді. Бұл – 2015 жылғы деңгейден 1,5 есеге жоғары. “Ауру жас талғамайды” дегендей, тұмауға шалдыққандарды жас-жасымен есептегенде мынадай көрсеткішті құрап отыр: 4 жасқа дейінгі балалар – 35,3 пайыз, 5-14 жас – 27,5 пайыз, 15-29 жас – 23,1 пайыз, 30-64 жас – 12,9 пайыз, ал 65 жастан асқандар – 1,1 пайыз.

Тұмауға жеңіл қарауға болмайды. Ауру асқынып кетсе, тыныс жолын, жүйке жүйесін, қан тамырларын, жүректі сырқатқа шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ, бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және сол секілді басқа да жеке заттары арқылы жұғып, тез тарайды. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері біліне басталғанда дереу дәрігердің көмегіне жүгініп, ем қабылдау керек. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жапқаны жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, тағы басқа жеке заттары болуы және олар жиі жуылуы тиіс.

Тұмауратқан адам тәулігіне екі литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзада вирустың көбеюін тежеп, тез айығып кетуіне әсер етеді. Қолды күніне 5-6 рет сабындап жуу керек. Бұл тұмаудың жұғуын екі есеге дейін азайтады.

Сондай-ақ, тұмаудан халық емі арқылы да айығуға болады. Бал қосылған сүт немесе шайды ыстықтай ішу – тұмаудың бірден-бір емі. Ыстық шайға лимон, таңқурай қосып ішу арқылы да ағзадағы вирустарды жоюға болады.

Салқын тию мен тұмау індетінен сақтану үшін азаматтар әрқашан өз денсау­лығына күтіммен қарауы тиіс. Тиімді тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, ағзаны шынықтыру мен спортпен айналысу – салқын тиюге төтеп береді және басқа көптеген аурулардың пайда болуының алдын алады.

Фарида МҰХАМЕДЖАНОВА,

облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті инфекциялық және паразиттік

ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp