
Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың “Махаббат мұнарасы” романының желісімен қойылған туындыны Мәдениет қайраткері, режиссер Баатырбек Шамбетов сахналады.
Қойылым әлемнің тең жартысын қанға бөктірген әйгілі Әміршінің құрметіне, сүйікті әйелі тұрғызған мұнара туралы аңыздың төңірегінде өрбиді. Дастарқанынан құрт түскен нарт қызыл алманы көрген Әмірші оны үлкен бәйбішесі жібергенін сезеді. Бәйбішенің Әміршіге сыйлаған қызыл алмасының нендей құпиясы бар? Алма жібергендегі ишарасы кіші ханымның өзге біреуге көңілі ауғанының белгісі деп түсінеді. Өзі жорықта жүргенде кіші ханым салдырған мұнараның сыры енді Әміршіге әйгілі болады. Бірақ бұл шындық Әміршіні де, кіші ханымды да, мұнара салған шеберді де тығырыққа тірейді. Бұл үшеуінің күні күн емес. Басқа жұрт, ең болмағанда, дау-далабасын, іштерін кернеп бара жатқан құсаларын айтып, шер тарқататын кісі табады ғой. Бұл үшеуінде ол да жоқ.
Астарлы философия мен аңыздық рух астасқан, көркемдік қуаты берік туынды екі ай бойы әзірленген. Қойылымда Нұрбол Асқаров (Әмірші), Аида Супатаева (күтуші), Дарина Уәлиева (кіші ханым), Думан Әбікенов (Жаппар) ойнады, актерлер рөлдерін жоғары деңгейде орындап шықты. Оған көрермендердің ерекше қошеметі дәлел.
Кәсіби шеберліктері мен сымбаттары келіскен, сайдың тасындай іріктелген актерлер қай қойылымды болсын бар ынтасымен, жүрегімен ойнайды. Олар театрға келген көрермендер үшін бар өнерлерін ортаға салады. Осы жолы театрға адамдар аз жиналды. Ол жарнаманың аз болғаны ма, әлде адамдардың рухани нәр алатын орындарға баруға құлықсыздығы ма? Бұл қойылымнан өзім жақсы әсер алсам да, көрермені аз болған актерлерді аядым.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талған ТӘНІБАЕВ.