Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровты көрсе, көрерменнің көбінің көз алдына сыршыл өлеңдері мөп-мөлдір лириканың бастау бұлағындай болған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың елестері сөзсіз. Актер Дәуреннің сырбаз сахнагерлігі, өз болмысына тән биязы мінезі сахнада анық байқалады. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер Мұрат Ахманов Мағжанды кескіндей алады-ау деген актерлердің ішінен бірден Дәурен Тойбазаровты таңдапты. Бұл, әлбетте, режиссердің көрегендігі ғой.
Жазушы Дулат Исабековтың Мағжан Жұмабаев жайында жазған «Өйтпесе Мағжан бола ма?!» атты пьесасы Қызылжардағы қазақ театрының сахнасына арнайы тапсырыспен жол тартқанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Режиссер басты кейіпкерді таңдаудан қателеспепті. Актер Дәуреннің тумысынан сыршыл табиғаты мен ақынның нәзік болмысы өзара үндесе кеткен. Дәурен сахнада Мағжан болып жыр оқиды, Мағжан болып сыр шертеді. Үстіне киген ақ костюм, бұйра толқынды шаш ақын бейнесіндегі актерді одан сайын ажарландыра түскендей. Кескін-кейпі, сахнадағы қимыл-қозғалысы Мағжан ақыннан айнымай қалғандығы бек ақиқат. Дәурен Мұратұлының рөлді барынша тыңғылықты, иланымды етіп шығарудағы ізденістері көңіл қуантады. Оны тек өнерсүйер қауым, спектакльдің куәгері болған көрермен ғана байқап қоймай, сол пьесаның авторы, марқұм Дулат Исабековтың өзі де зор таңданыспен қойылым соңында «Мағжан ақыннан айнымай қалыпсың!» деп ыстық ықыласын жаудырып, жоғары баға берген екен. Ақынның рөлін сахнаға шығару жолында қаншама уақыт көз ілмеген актер Мағжан жайында мәліметтер жинап, өлеңдерін тағы бір мәрте қайта оқып шыққандығын айтады. «Мағжанға ғашық болмай, оның бейнесін сомдау мүмкін емес», – деп Дулат Исабеков айтқандай, Дәурен Тойбазаровтың ақын шығармашылығын жете түсіне білгені сезіледі.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Дайыр ауылының тумасы ат төбеліндей қазағы бар Қызылжарға 2004 жылы келген еді. Ол Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша тамамдаған соң, жолдамамен Сәбең театрына актер болып қызметке орналасады. Жасынан өнерге, әдебиетке құштар болып ержеткен ол бір сұхбатында: «Болашақ мамандығымды таңдау кезі келгенде еш ойланбастан актерлік жолға түсуге бел будым», – дейді.
Театр сахнасында еңбек ете жүріп ол Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісінде» – Өкіл, О.Әубәкіровтің «Қожа мен спортында» – Қарпық, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшысында» – Елес, М.Байджиевтің «Қылмысты оқиғасында» – Назар, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» – Едик, К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметшісінде» – Сильвио, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашында» – Тұрсын, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» – Абдолла, Қ.Қорғанұлының «Қанмен жазылған хатында» – капитан Толстунов, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Қабанбай сынды рөлдерді үлкен дайындықпен сомдаған.
Дәурен Тойбазаровтың қазақ театры сахнасындағы ең ірі рөлдерінің бірі – жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Кебек. Дәурен сахнаға шығарған Кебектің аталмыш трагедияның ішкі қуатын, темпоритмін асқан сауаттылықпен меңгергенін көреміз. Ол бір-бірін қалтқысыз сүйген екі жасты трагедияға душар еткен әлеуметтік қайшылықтың мазмұнын терең саралап, сахналық бейнесін нанымды суреттеген. Өткен заманның етектен тартқан ескілігінің шырмауына оралып, оның қисынсыз дәстүрінің жөн-жосығын спектакль бойы еріксіз сезінесің, қойылымның жетегіне ересің. Кебек біресе мұңдана ән айтады, біресе әділетсіз қоғамға қасқайып қарсы тұрғысы келеді. Әттең, қолда дәрмен жоқ.
Актер араға екі жыл салып жазушы Әкім Таразидің «Жақсы кісі» драмасында Шалкез атты кейіпкердің рөлін ойнаған. Шығарма желісі бойынша, Ахметтің үй-іші бір кеште ерке қызы Қатираның жігіті Шалкезбен танысады. Шалкезді шолжаң қыз Қатирадан гөрі, Ахметтің мансабы қызықтырады. Дәл осы басқосуда жаңа танысқан жас жігіт пен оның отасқалы отырған жарының отбасы жайлы бар шындықтың беті ашылады. Шалкез хал үстінде жатқан анасына барудың орнына мансаптың соңынан қуып, бөтен үйдің есігін күзетіп жүрген, өзінің ішкі есебі бар жан боп шығады. Сырттай қарағанда, жақсы кісі болып көрінгенімен, екіжүзділік, мансапқұмарлық сынды жағымсыз мінезге ие кейіпкерді өз деңгейінде жасап шығарады.
Әйгілі Софоклдың «Эдип патша» трагедиясында Дәурен Тойбазаров малшының рөлін ойнайды. Ол үшін біраз тер төгуге тура келді. «Эдип патша» классикалық шығарма екендігін ескерсек, ондағы әрбір кейіпкердің өзіндік орны бар. Оның мазмұны да шым-шытырық. Пьесада суреттелген оқиғадан жаның түршігеді. Болашақта өз балаларынан қастандық көретіндігін балгерінен білген Иокаста мен оның жұбайы Иолай баласынан құтылмақ болып малшысына құндақтағы сәбиді өлтіруді бұйырады. Бірақ малшы Дәурен сәбиге аяушылық танытып, оны көрші мемлекетке шекара астырып, танысына тапсырады. Өзгелерден естіген балгердің жорамалынан қашамын деп Эдип көрші елге көшіп кетеді. Ол сол кезде маңдайына жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайтындығын білмесе керек. Тағдырдың жазуымен Эдип патша абайсызда өзінің туған әкесін мерт етіп, анасына үйленіп, патшалыққа иелік етеді. Эдиптің сол елдің мұрагері екендігін тек малшы ғана біледі. Сондықтан пьесадағы малшының бейнесі – қосалқы рөл болғанымен, негізгі кейіпкер. Оның сахнаға келуімен құпияның сыры ашылады.
«Бұл рөлді кескіндеу кезінде өмірін мал бағумен жел өтінде өткізіп, сұрқия құпияны мойнымен көтеріп жүрген малшының жағдайын барынша түсінуді мақсат тұттым. Ол шындықты сақтаудан әбден қажыған. Өмір сүруге деген құлшынысы жоқ. Малшының бір- ақ арманы бар. Өмір бақи сақтаған құпиядан арылу. Көрге тыныш кету. Малшы соңында шындықты айтып, ажал құшады. Бұл кейіпкер арқылы мен кәріліктің, өлімнің, жүгі ауыр құпияның не екенін сезінгендей болдым», – дейді актер.
Актердің театрға сіңірген еңбегі ескеріліп, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Актерге 2022 жылы І дәрежелі «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі табыс етілді. Ол соңғы бірнеше жылдан бері балаларға арналған жаңа жылдық ертегілерге режиссерлік етумен де айналысып келеді. «Самұрық құстың сиқырлы қауырсыны», «Сыр сандық», «Аяз атаның хаты», «Аяз атаның қызыққа толы қоржыны», Эндрю Стэнтонның «Ойыншықтар оқиғасы» ертегісі, «Қаңбақ шал» халық ертегісі, Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясы сахналанды.
Актер алдағы сәуір айында театрда өз көрерменіне арнап бенефис-кеш ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл шараға өзге облыстардан көптеген өнер майталмандары келеді деп күтілуде.
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
өнертанушы.