«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсаттары — жастарды адастыру

Бүгінгі күні жат ағым өкілдерінің жастардың санасын улап, олардың Сириядағы соғысқа аттануына ерекше ықпал етіп жатқаны кім-кімді де болсын алаңдататын мәселе.

Сәләфилік-уаһабистік бағытты ұстанушылар ұл-қыздарымызды тұзағына қалай түсіреді. Осы сауалға жауап берейікші. Алдымен олар дінге бет бұрып, мешітке келіп, намаз оқуға ниет қойған, әлі де болса оңы мен солын танымаған, имамдармен сөйлесіп үлгермеген жастарға жанашырлық кейіп танытқан сыңай байқатады. Осылайша, көмек ұсынып, ақыл айта жүріп, бірте-бірте мешіт имамдарына деген теріс көзқарас қалыптастыруды көздейді. Өйткені, имамдар да періште емес, олардың да қателіктері болуы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді теріп, “міне, сенің сеніп жүрген имамың. Олар дұрыс жолда емес. Дұрыс жолдағылар бұлай жасамайды”, – деген секілді өздерінің уағыздарын жастардың санасына сіңіреді.

Өздерін “дінтанушымын” деп жүргендер “ақида (сенім) бірінші орындағы мәселе емес, оған аса мән бермеуіміз керек. Ең бастысы, олардың саяси немесе агрессиялық көзқарастары. Мемлекеттің ұстанымына қарсы келмеуі, билікті мойындауы, қолына қару алып жиһадқа кетіп қалмауы қажет” деген секілді пікір білдіріп жүр. Бұл – қате пікір. Себебі, осы айтылған қарсылықтардың барлығы әуелгі ақиданың дұрыс болмауынан басталады. Оларды ешкім бірден “мына мемлекетке қолдарыңа қару алып, қарсы шығыңдар” деп үйретпейді. Ең бірінші, “Біз Алла Тағаланы дұрыс тануымыз керек, Алла Тағаланың сипаттарын пайғамбарымыз (с.ғ.с.), сахабалар қалай түсінген болса, біз де солай түсінуіміз керек” дегеннен бастайды. Яғни, бірінші орынға сенім мәселесін қояды. “Имамдар Алла Тағаланы барлық жерде деп айтады, бұл адасушылық”, – дейді. Шын мәнінде, матуриди ақидасында Алла барлық жерде деп айтылмайды. Бұл олардың матуриди ақидасына жапқан жаласы. Содан кейін “Алла барлық жерде емес, Алла аспанда”, – деп Құран аяттарынан мысал келтіреді де, Алланың аспанда екендігі аятта анық айтылып тұрғанын алға тартады. Кейін “Пайғамбарымыз қойды қасқырға жегізген күңнен: “Алла қайда?” деп сұраған еді, ол: “Аспанда”, – деп жауап берді” деген Муслим риуаят еткен хадисті келтіреді. Шын мәнінде бұл сынға ұшыраған хадистердің бірі. Тура сол оқиға Имам әл-Байхақидің ри-уаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күңнен “Раббың кім?” деп, сосын “Сен Алланың бір екеніне, мені оның елшісі екеніме сенесің бе?” – деп сұраған. Ғұламалар бірінші риуаят екіншісіне қайшы келгендіктен, бірінші хадисті “шазз” яғни, кездейсоқ хадистердің қатарына жатқызған. Ал сәләфилер сол бірінші хадисті діни сауаты төмен жастардың санасына тықпалайды.

Сондай-ақ, олар аса мән беретін тағы бір жайт, “пайғамбарымыз бен сахабалар осылай түсінген” дегенді үнемі алға тартып отырады. Яғни, өздерінің түсініктерін пайғамбар мен сахабаларға апарып жүктейді. Бірақ бұлардың пікірі әрі кеткенде хижри жылымен санағанда IV ғасырда Андалусияда, берісі Ибн Тәймия, оның бергі жағы Мұхаммед Әбдул Уаһһабтан басталады. Құрандағы Алланың қолы туралы айтылатын аятты да адамның қолы деген секілді тура мағынасында түсіндіреді. Бұған сенбегеннің барлығын адасушы, кәпір, бидғатшы, тозақ адамы деп есептейді. Бұларды үнемі тыңдаған тұлғаның бойында теологиялық, діни тұрғыдан “менің ғана пікірім дұрыс” деген ой қалыптасады. Осыдан кейін барып “ата-анаңдікі де, мемлекеттікі де, ата-бабаңдікі де дұрыс емес, мені ғана тыңда”, – деп адамды мәңгүрттендіріп тастайды. Тіпті, “басқаны тыңдау харам” дейді. Олардың кейбір шейхсымақтары имамдарды бидғат иелері деп, айыптап, сөздеріне құлақ аспауға шақырады. Аят пен хадиске де бұрылмай, өздерінің уағызшы шейхтарының ғана сөзін тыңдаса, бұлардың роботтан несі артық?! Үнемі бір бағыттағы уағызды тыңдай берген адамның санасында салыстыру ұғымы болмайды. Аталмыш жат ағымның көздеген мақсаты да сол.

Соңғы жылдары елімізде және шетелдерде діни білім алған сауатты ғалымдарымыздың қатары арта түсті. Солардың бірі – Ерсін Әміре. Ол ақида мәселесі жөнінде уаһабистердің көсемі Октаммен пікірталастырғаннан кейін көптеген бауырларымыз тура жолға қайтып оралды. Бір ғана Ақтау қаласының өзінде отыз шақты сәләфи райынан қайтқан екен. Бірақ әлі де болса, нақты бір шешімге келе алмай жүргендер де аз емес. Олар бүгінгі күні уаһабистердің қатары азайып қалмауы үшін жанұшыра “имамдар аят, хадис келтірсе де тыңдамаңдар” деп пәтуа шығарып жатыр. Бұл бағыттағылар ұстазының айтқанын бұлжытпай орындайды. Осылайша, теологиялық тұрғыдан санасын өзгерткеннен кейін, жайлап қарулы іс-әрекеттерге уағыздай бастайды. Мәселен, 2010 жылдары кім екені белгісіз Абу Мунзир Аш-Шанкити дейтін “ұстаздары” еліміздегі жат ағым өкілдеріне “енді ұйымдасқан түрде қарулы қақтығыстарды бастай берсеңдер болады” деген пәтуа шығарды. Ал 2011-2012 жылдары осындай пәтуалардың кесірінен түрлі қарулы қақтығыстар орын алды.

Жоғарыда айтқанымдай, бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Ерсін Әміре, Ризабек Батталұлы, Қабылбек Жұмабеков, т.с.с. сауатты, білімді азаматтар қызмет атқаруда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында арабша білетін, шариғат шарттарын, Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін талқылай алатын имамдар аз еді. Ол кезде уаһабистермен пікір таластыру қауіпті болатын. Ал қазір имамдармен пікірталастырудан олар қашқақтайды.

Мұсылман елдердің тарихына көз жүгіртер болсақ, сәләфилік-уаһабистік идеология үстемдік құрған жерлердің ешқайсысы да жақсылыққа қол жеткізе алмады. Олардың көздегені қоғамды бүлдіру, тыныштықты кетіру, мұсылмандарды бір-бірімен жауластыру.

ХVIII ғасырда бұл діни ағымдағылар шиғаларды кәпірлер, түріктерді сопылар-мүшіріктер, өздеріне қарсы келген басқа арабтарды бидғатшылар-тозаққа лайықтылар деп мұсылмандардың қанын төкті. Тіпті, құрсақтағы балаға дейін найза түйреген кездері болған. Сол кезде жасалған қатыгездіктерді бүгінгі күні ДАИШ ұйымы қайталап отыр. Бірақ қазіргі сәләфилік ағымға ерушілер бұл тарихи шындықты мойындағылары келмейді. ДАИШ сол кездегі уаһабистік қозғалыстың жалғасы. Мұны саудиялық шейхтардың өзі ДАИШ-қа кетіп жатқандардың барлығы сәләфилік бағыттағылар екенін мойындаған болатын.

Ислам шариғатының тағы бір ерекшілігі әрбір елдің географиялық, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктерімен санасады. Мысалы, имам Шафиғи Иракта болған кезде өзінің мәзһабын қалыптастырды. Ал Египетке көшіп барғаннан кейін кейбір пікірлерін, пәтуаларын өзгертті. Себебі, Ирак пен Египеттің қоғамдық, тұрмыстық ахуалдары бір-біріне ұқсамайтын еді. Сондықтан шариғат талаптарына қайшы келмесе, шарттарына өзгеріс енгізуге қатаң тыйым салынбаған. Мысалы, шариғат әйел адамға ұятты жерлерін жауып жүруді бұйырады. Бірақ дәл Сауд Арабиясындағыдай қара орамал тағып, қара киініңдер деп міндеттемейді. Ұлттық ерекшеліктерді, қоршаған ортаның мәдениетін ескере отырып, шариғат талаптарын орындауға болады. Ал сәләфилік бағыттағылар араб халқының, атап айтқанда, исламды ұстанудың саудиялық үлгісін қазаққа таңғысы келеді. Әрине, бұл өз кезегінде халықты дінге қарсы қойып, исламофобияны қалыптастыруға себепші болып жатыр.

Алла Тағала Құранда “Біз адам баласын құрметті еттік” дейді (Исра сүресі, 70-аят), пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәндіктің өзін өртеп өлтіруге тыйым салған. Ал ДАИШ өздерінің қолына тұтқынға түскендерді аямайды. Тіпті, тірідей өртеп, жауыздықпен өлтіріп жатады. Ешбір жиһадтың шарттары мен талаптарын сақтап жатқан жоқ. Мұның өзі ДАИШ-тің қаншалықты адасқан топ екендігін айғақтайды. Ал бізден Сирияға барып жатқандардың барлығы өкінішке қарай өзге елдердің саяси ойындарының құрбандарына айналуда.

Еркінбек ШОҚАЙ,

дінтанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp