Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта білім беру саласы көптеген реформаларды басынан өткерді. Болашақтың мектебі – бұл мәдениеттің, білім мен тәрбиенің ошағы, эстетикалық талғам мен интеллектуалдық дамуға, оқушының сана-сезімін жаңа деңгейге тез жеткізуге мүмкіндік жасайтын үздіксіз білім беру кешені. Іргесі жарты ғасырдай бұрын қаланған Көбенсай орта мектебін де осындай білім кешеніне жатқызуға болады.
Мектебімізде тәлім-тәрбие алып жүрген жетпіс тоғыз оқушыға жиырма екі мұғалім дәріс береді. Ұстаздардың төртеуі – жоғары, сегізі – бірінші, тағы соншасы – екінші санатты мұғалім. Ұжымда педагогтердің кәсіби дамуына, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне белсенді түрде енгізулеріне, жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгерулеріне жағдай жасалған. Ұстаздар жаңаша оқыту, сын тұрғысынан ойлау, жобалау технологияларын кеңінен қолданады. Бүгінгі заман талабынан қалыспай, өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін мұғалімдер үнемі өз біліктіліктерін жетілдірумен қатар, түрлі сайыстарға қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Ұстаздар арасында өткен “Жылдың үздік мұғалімі” байқауының аудандық кезеңінде тарих пәнінің мұғалімі, Көбенсай орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Атығаев “Педагогикалық дебют” аталымы бойынша үшінші орынға ие болды. Қазіргі заман талабына сай білім беру үдерісі бойынша ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дина Мұхамеджанованың бірінші сыныпта “Критериалдық бағалау” тақырыбында өткізген сабағын аудан педагогтері жоғары бағалады. Ақмарал Махметова орта білім беру мазмұнын жаңарту бойынша мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жетілдіруді көздеп тренерлік курс жүргізді. Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру пәндері мұғалімдерінің байқауында Қуаныш Мұхамеджанов жүлделі үшінші орынды иеленді.
Бізден білім алып шыққан түлектеріміздің көпшілігі жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсіп, мектебіміздің мақтанышына айналған. Олардың арасында Жанғали Пшенбаев, Әсет Үсенов, Ерлан Нұрғазин, Еркебұлан Құрбаниязов нағыз ер-азаматтардың мамандығы саналатын әскери саланы таңдаса, Ерсін Әділбаев, Фариза мен Назым Абсаттаровалар білім мен ғылым бағытына басымдық берді. Индира Шихова – денсаулық сақтау, Ризат Болатовтың таңдауы техникалық ғылымдар болды.
Оқушыларымыздың спорттағы жетістіктеріне қуанамыз. “Балбұлақ” шағын орталығы кішкентай бүлдіршіндерінің де өз жетістіктері бар. Олар “Үркер” байқауында бірінші орынға ие болып, жеңіс тұғырына көтерілді. “Жүлдегер” аталымында Жанерке Болат пен Әмір Қалықов марапатталды. “ZIAT” ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған сурет байқауында Сымбат Ахметжан жүлделі орынға ие болса, Әмір Қалықов жеңімпаз атанды. Балғындарды түрлі байқауларға қатыстырып жүрген тәрбиешілері – Гүлден Қожназарова мен Сандуғаш Шөкенованың еңбегі атап өтуге тұрарлық.
“Универсиада – 2017” республикалық сурет сайысында Аңсат Болат жеңімпаз атанса, “Менің анам – ұстаз” атты облыстық шығармалар байқауында 7-сынып оқушысы Ділнәз Серікқызы екінші орынға ие болды. Шығыстың бір ғұламасы: “Ғалым болу оңай, адам болу қиын”, – деген екен. Біздің ауыл мектебінің алдына қойып отырған басты міндеті – нағыз адамды тәрбиелеп шығу.
Бақытжан ПШЕНБАЕВА,
Көбенсай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Уәлиханов ауданы.