
– Маржан Жанатқызы, сіздің жуырда облыстық “Ең үздік жас инноватор” байқауында бірінші орынға ие болғаныңызды білеміз. Жасыңыз жиырмадан енді ғана асқан сіздің бүгінгі жетістігіңізге қарап отырып, есіме “Дүниені өзгертемін деп едім, Мен жиырма жасымда” деген ақынның өлең жолдары түсіп тұрғаны…
– Дұрыс айтасыз. Жастық шақ адамға бір рет ғана берілетін ең қызықты, әрі қайрат-жігерге толы керемет кезең ғой. Халқымыз “Жастар – елдің ертеңі” деп қоғамның жас буын өкілдеріне айрықша сенім артады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жастар – қоғамның басты қозғаушы күші” деп атап көрсетуі біздің ел болашағының негізгі тіректері екендігімізді айғақтайды. Жаңа талпыныстарға, тың ізденістерге толы жастық шақты дұрыс, болашақта өз жемісін беретіндей пайдаланып қалу маңызды деп ойлаймын. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне арналған жастар арасында өткен байқауда бас жүлдені жеңіп алдым. Бұл айтулы жеңіс менің ойымда жүрген идеяларымның жүзеге асуына көп жәрдемдесті.
– Бүгінгі таңда білдей бір мейрамхананың жұмысын ұршықша иіріп отырсыз. Өз кәсібіңізді ашуға кімнің ықпалы болды? Бірінші кезекте ата-анаңыздың қолдауының арқасы шығар?
– Әрине. Менің өмірдегі ақыл сұрап, кеңесетін, пікірімді бағалап, мақсаттарымды сәтті жүзеге асыруға қолдау көрсететін ардақтыларым – ата-анам. Барлық адамның бір іске икемі болатынындай, мен де жастайымнан сауда-саттыққа өте әуес болдым. Туысқан әпкемнің жеке дүкені болды. Оқушы кезімде сол үйде көп жүретінмін. Сауда жасаудың қыр-сырымен, тұтынушылардың тілегін қанағаттандырудың жолдарымен бала кезімнен қанықтым десем болады. Есейе келе ол менің арманыма айналды. Ол үшін үнемі құбылып тұратын экономика саласын терең меңгерудің қажеттігін түсіндім. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Оқи жүріп шағын және орта бизнесті дамытудың жолдарын, осы салада кездесетін кедергілермен күрес тақырыптарын зерттей бастадым. Осыған байланысты өңірімізде болып жатқан семинарлардан, шеберлік сыныптарынан қалыс қалмадым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жарты жылға жуық уақыт бойы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалында курстан өтіп, кәсіпкерлікпен айналысуға бел будым. Анам да, әкем де – қарапайым адамдар. Анам есепші болып қызмет атқарады. Әкем ішкі істер органдарында еңбек еткен, бүгінде зейнет демалысында. Мейрамхананы жалға алып, жұмыс істеймін деген ойыма алғашында екеуі де қарсылық танытып, қобалжығаны рас. Алайда, бетімнен қақпады. Керісінше, шамалары келгенше қолдады, демеу болды. Жас кәсіпкерлермен жиі бас қосамын. Сонда әріптестерімнің көбі мені кәсіпкерлер отбасынан шыққан деп ойлайды. Осы күнге ешқандай демеушінің көмегінсіз, адал еңбегіммен жеткеніме таңданыспен қарайды.
– Сіз жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отырсыз ғой. Мейрамхана жұмысына тоқталып өтсеңіз.
– Мейрамханада жұмыс істейтін аспаздардың, даяшылар мен қызметкерлердің дені менен жастары әжептеуір үлкен адамдар. Ғимаратымыз зәулім әрі көрікті. Қолайлы жерде оналасқан. Екі залы бар. Кіші зал – 60, ал үлкені 250 адамға лайықталған. Біз банкеттерді ұйымдастырумен қатар, өңірімізде болып жатқан әртүрлі маңызды оқиғалар кезінде тұтынушыларға қызмет көрсетеміз. Мәселен, жуырда ғұлама ғалым М. Қозыбаевтың 85 жылдық мерейтойына алыс-жақын өңірлерден көптеген қонақтар жиналды. Конференцияға қатысушы меймандарды ас-ауқатпен біздің мейрамхана қамтамасыз етті. Сенбі, жексенбі күндері банкет залдары бос болмайды. Кейде, бір күнде үш банкет өтетін жағдайлар да кездеседі. Мұның өзі қызметкерлеріміздің сапалы жұмысының нәтижесі деп ойлаймын. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетер “Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу” деп айтқандай, қарамағымдағы адамдарға өзгелерге ұқсамайтын озық қызмет көрсетудің маңызын айтып отырамын.
– Жасырын болмаса, табысыңыз жайында айта кетсеңіз…
– Шынымды айтсам, тапқан табысымның бәрі әзірге өзімнің жеке кәсіпкер ретінде білімімді дамытуыма, өрісімді кеңейтуіме кетіп жатыр. “Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен амал керек екен адамға” демей ме? Сол сияқты кәсіпкер болу үшін адамға қабілет ғана емес, білім керек. Бүгінде мемлекетіміз жастардың кәсіп ашуларына бар жағдайды жасап отыр. Еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамыту саласы негізгі индикаторлардың бірі болып отырғандығын да жақсы білесіз. Соған сәйкес республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан қандай да бір іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамын. Мәселен, жуырда Астанадағы Назарбаев университетінде ауқымды жиын өтті. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлікті дамытуға жасалынып жатқан орасан мүмкіндіктер жайы талқыланды. Оған қатысып, біраз мағлұматтар алып келдім. Одан өзге Польша, Ресей сияқты елдерде өткен бизнеске, ынтымақтастық байланысқа, инвестициялық қарым-қатынасқа қатысты жиындарда төбе көрсеттім. Бұлардың бәрі менің өз ісімді дөңгелетіп әкетуге септігін тигізген алғышарттар болды. Болашақта мейрамхана ісімен ғана шектеліп қалғым келмейді. Халықаралық бизнеспен айналысуды көздеп жүрмін. Ағылшын тілін жетік меңгеруге ден қойдым.
– Сөзіңіз аузыңызда, кәсіпкер болу үшін адамға қабілет қажеттігін айттыңыз. Осы сала бойынша жоғары білімі бар өрендердің өзі бір кәсіпті ұйымдастыруға келгенде тауы шағылатындай кібіртіктеп тұратыны шындық. Кәсіпті бастау үшін адамға ең әуелі қабілетпен қатар батылдық керек сияқты. Өзіңіздің алғашқы ұмтылысыңызды есіңізге түсіріп көрсеңіз.
– Петропавлдағы “Парк хаус” қонақүйлер желісін білетін боларсыз? Пәтерлерді жалға берумен айналысатын мекемеге ең алғаш рет таңғы ас дайындап, сатумен айналыстым. Ол жерде адамдар сағат алтыдан бастап таңғы ас ішеді. Сол уақытта тағам дайын болу үшін түнгі үштерде ұйқымнан оянып, тамақ пісіретінмін. Кейін түскі асты да дайындауға, оны тапсырыс бойынша үйлерге жеткізіп беруге кірістім. Әлі есімде, алғашқы табысым он бес мың теңгені құрады. Оның тең жартысына азық-түлік сатып алатынмын. Қабілетімді еңбегім, үнемшілдігім шыңдады. Осылайша, мейрамхана ісімен неге шұғылданбасқа деген ой келді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының мүшесімін.
Әңгімелескен
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.