Өткен жылы еліміздің сот жүйесін жаңғырту мақсатында “Сот жүйесін дамытудың 7 түйіні” атты жоба қолға алынған болатын. Соның аясында дауды шешудің баламалы тәсілдері заңнамалық деңгейде бекітілді.
Бүгінде облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта “Соттағы татуластыру рәсімдері” қанатқақты жобасы бойынша жұмыстарды бір жарым жылдан бері судья Дамир Омаров сәтті жүзеге асыруда. Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында бітімгер-судья Дамир Омаров 147 іс бойынша тараптарды татуластырды. Оның ішінде 93 іс бойынша бітімгершілік келісім, 54 іс бойынша медиативтік келісім жасалған. 29 880 804 млн. теңгеден астам мемлекеттік баж салығы қайтарылды.
Осы жоба аясында ел көлемінде сотқа дейін татуластыру кабинеттері ашыла бастады. Дау туындаған кезде екі тарап арасында түсініспеушілік орын алатыны белгілі. Сондай уақытта бірден сотқа жүгінбей, үшінші тараптың көмегімен дауды шешуге болады. Арнайы кабинетте судья тараптардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, олардың уәждерін тыңдаған соң тараптарды татуласуға шақырады. Ондай жағдайда төленген салық сомасы толық көлемде қайтарылады, тараптарға ортақ шешімге келудің басқа да тиімді тұстары түсіндіріліп, ортақ бітімге келуге бес күн уақыт беріледі. Жоба шеңберінде шарттық міндеттемелерді орындау, материалдық және моральдық залалды, шығынды өндіруге байланысты даулар реттелді.
Еліміздің Жоғарғы соты судьялардың жүктемесі мен жұмысын бағалау бойынша тең шарттарды қалыптастыру мақсатында “Соттағы татуластыру рәсімдері” қанатқақты жобасы бойынша процестік әрекеттерінің жаңа алгоритмін енгізді. Осы алгоритм негізінде 2019 жылдың 23 қыркүйегінен бастап татуластыру рәсімдері соттың барлық судьяларына жүктелді. Бұдан былай әрбір судья аталған жобаны іске асыруға атсалысады. Бұл – медиация институтының тиімділігі дәлелденгенінің белгісі.
Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы.