«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ — ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ

Тәуелсіздік туын көтеру үшін қанша күш-қуат жұмсалса, оны тік ұстап тұру үшін де қыруар еңбек қажет. Көк байрағымыз ширек ғасыр бойы Ұлы дала аспанында желбіреп, кейбір мемлекеттер жүздеген жылдардан кейін ғана бағындыратын биіктен көрінуде.

Қазақстан мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне қадам басты, оған барар бағытты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес институттық реформада көрсетіп берді. Ұлт жоспарының негізгі векторы – “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясы. Мақсат – Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру. Бұл жетістіктерге қол жеткізу – әрбір қазақстандықтың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болмақ. Солтүстікқазақстандықтар да өздерінің лайықты үлесін қосатыны анық.

Өткен шақырылымдардағы және осы шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жұмысы осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары өңірде қолға алынған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыруда алғы шепте деп айтуға болады. Бұл, ең алдымен, депутаттық корпустың үштен бір бөлігін құрайтын – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері. Мерейтойлы жылы диқандар қамбаға рекордтық астық құйып, ортақ іске үлес қосты. Геннадий Зенченко, Владимир Коваленко, Алтынбек Сапаров, Сейілбек Махметов, Еркебұлан Мәмбетов, Юрий Шоль, Иван Фиксель және басқаларды ерекше атап өткен жөн.

Біздің облыста өнеркәсіп, құрылыс салалары қарқынды дамуда, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Бұл салаларда да мол табысқа қол жеткізіп отырған ірі компанияларды басқаратын басшы-депутаттар: “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов, “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің директоры Сергей Леонтьев, “Основание” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеевтің еңбегі елеулі. Бұлармен бір қатарда облысымыздың әлеуметтік саласының дамуы жолында еңбек етіп жүрген, соның ішінде балаларды тәрбиелеп, оқытуда жаңашылдықтарымен көзге түскен педагогтер – Тимирязев мектеп-интернатының директоры Айман Асанова, Петропавл қаласындағы №4 мектептің директоры Ғафура Бөстекова, ұлт саулығы үшін түн ұйқыларын төрт бөлген медицина қызметкерлері Анатолий Рафальский, Ерлан Мүсетаев пен Анатолий Белоногтың атқарып жатқан жұмыстары қыруар.

Депутаттық жұмыс күрделі, көп қырлы және жауапты. Сайлаушылар бізге өздерінің басындағы мәселелерін шешуге қолдан келгенше көмектеседі деп сенім білдірген. Алдыңғы шақырылымдардағы депутаттардың бастамаларын одан әрі дамытып, уақыт талабын ескере отырып еңбектенудеміз. Халық қалаулылары өз жұмысында ауылдық аумақтарды дамыту, кәсіпкерлікті, мектепке дейінгі білім беруді қолдау, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне баса назар аударады.

Алтыншы шақырылым депутаттары бүгінге дейін жеті сессия өткізді. Онда қаралған мәселелердің ішінен Солтүстік Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасының орындалу нәтижелерін қараған отырыстың маңыздылығын айта кеткен жөн. Білім беруді дамыту бағдарламасының орындалуы туралы мәселені сессияда қарауға әзірлеу барысында депутаттар Мамлют, Тайынша аудандарында мектепке дейінгі білім беру жүйесінде басқару органдары мен шаруашылық субъектілері арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің оң мысалдары бар екеніне көз жеткізді. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Мәмбетов басқарып отырған “Мәмбетов және К” КС-і Меңгесер және Бексейіт ауылдарында мектепке дейінгі тәрбие беретін шағын орталықтар ашу үшін жаңа ғимараттар салып, қолданысқа берді. Сессияға дайындалу барысында қаралатын мәселе бойынша нақты жағдайды көзбен көріп барып, талқылау әдісін облыстық мәслихаттың депутаттары кеңінен қолданады.

Мәслихат қылмыс пен құқық бұзушылық мәселелеріне де барынша мән беруде. Мәслихаттың төртінші сессиясында ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының есебі тыңдалды. Депутаттық өкілеттік, азаматтар құқығы және заңдылықтар, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға барып, көшпелі отырыс өткізді. Онда да жергілікті полиция қызметінің жұмысымен танысты.

Депутаттар мақсатты бағдарламалардың орындалу барысын да үнемі бақылауында ұстайды. Өкілетті органдардың құзыретіне бюджетті қарау және бекіту кіреді. Депутаттар бұл құжатты үнемі жан-жақты қарап, өздерінің ұсыныстары мен ескертпелерін енгізіп отырады. Ол алдын ала тұрақты комиссия отырыстарында талқыланатынын айта кеткен жөн.

Қоғамдық тыңдаулар, тұрақты және басқа комиссиялардың жұмысына қатысу депутаттардың сайлауалды бағдарламаларын нәтижелі орындауына мүмкіндік беретін маңызды қызмет формалары болып табылады. Облыстық мәслихаттың 30 депутатының әрқайсысы өздерінің жұмыс орындарында, сайланған округтерінде, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.

Халық қалаулылары қайырымдылық шараларына да белсене қатысуда. “Мектепке жол” акциясына үлес қосып, тұрмыстық жағынан аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек беруді игі дәстүрге айналдырған. Көптеген мәселелерді шешуде депутаттардың жергілікті атқарушы органмен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуі өз жемісін беріп келеді.

Владимир БУБЕНКО,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp