Стандарттау және сапа бойынша әлемдегі ірі халықаралық ұйымдар БҰҰ-ның қолдауымен жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сапа күнін атап өтеді. Ол 1989 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл күнге Еуропа, Азия, Африка құрлықтарының 70-тен аса мемлекеті атсалысады. Ондағы мақсат – жұрттың назарын сапа мәселесіне аудара отырып, өнімнің сапасын жоғарылату және өнімділікті арттыру, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, сапа мәселесі елдің экономикалық саясатының темірқазығы болып табылады.
Әйгілі америкалық ғалым Эдвард Демингтің “Дағдарыстан шығу” атты еңбегін көпшілік пайдаланады. Мәселен, жапондықтар ондағы сапаны жүйелі басқарудың теориялық тәсілдерін тәжірибеде қолдана отырып, өндірістің әр кезеңінде тауар және оны жасау үдерісін сапалы жүргізу арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, Жапонияның экономикасын дамытты.
Сапа – қашанда күрделі мәселе. Елімізде техникалық реттеу туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бері тауарлардың сапасына, тұтыну мен қызмет көрсетуге өзгерістер енгізіліп, оларға ерікті қолдану қағидасы таратылды.
Бұл реформада Қазақстандағы техникалық реттеуді қарқынды және икемді ету мақсаты көзделіп, бір жағынан тауар өндірушілерге әкімшілік қысым көрсету азайтылса, екіншіден, нарыққа тек қауіпсіз тауарларды шығару мүмкіндігі пайда болды.
Тауар мен қызмет көрсету сапасын қадағалау – тұтынушылардың құқығын қорғайтын мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен азаматтардың құзырында. Сапалы тауар сатып алу немесе қызметті пайдалану – әр тұтынушының құқығы. Сапа – қоғамның көңілін толтыруға тиісті және оның ахуалын көтеретін қуатты құрал. Бүгінде өңіріміздегі көптеген тауар өндірушілер сапа негізінде өзіне мықты стратегиялық жоспар құруға дағдылануда.
Бүгінгі таңда әлемдегі барлық елеулі өндіріс орындарын сапаны арттыру мәселесі толғандырады. Біздің облыстағы іргелі өндіріс орындарының даму көрсеткіштеріне сүйенер болсақ, көптеген кәсіпорындар 2015 жылы сапа менеджменті стандарттарының ИСО 9000, 14000, 22000, 18000 сериялар жүйесін игерді. Ал 46 кәсіпорын осы жүйеге ену деңгейіне жетті. Біздің облыста өндірілген тауарлардың біразы сырт аймақтарға да шығарылады. Осының өзі тауарлардың сапасы тұтынушылар көңілінен шығатындығын айқындайды. Сапаны басты назарға алып, абыроймен тауар өндіретін, қызмет көрсететін солтүстікқазақстандық кәсіпорындар жетерлік. Нәтижесінде өңір тұрғындары сапалы қызметті тұтынуда, нарық қауіпсіз азық-түліктер мен киім-кешектерге толтырылуда, жолдар жақсартылуда, қандай да бір құжаттарды жинауда жеңілдіктер байқалуда және т.б.
Дүниежүзілік сапа күні шарасын ұйымдастыру арқылы тауарлар өндіру мен қызмет көрсету ісінде сапа мәселесіне тағы да назар аударуға мүмкіндік туады. Тоқетерін айтар болсақ, сапа – тұтынушылардың сенімін ұлғайтатын, елдің экономикасын арттырып, мемлекеттің керегесін берік ететін маңызды мәселе.
Светлана ПЛЕННИК,
Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің
бас маманы.