«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАЦИЯ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

Өмір көрсетіп отырғандай, ауылдық жерде көп дауды ел ішінде отырып-ақ шешуге болады. Мұндай қадамның, ең алдымен, болмашы даудан ағайын арасының ашылмауына, сонымен бірге соттардың жұмысын жеңілдетуге сеп болары анық. Осы орайда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд және Салқынкөл ауылдық округтерінде медиация кабинеті ашылды. Медиация институты біздің қоғамға жат түсінік емес. Себебі, медиацияның көздегені бітімгершілік пен ымыраластық болғандықтан, оны ежелгі билер сотымен салыстыруға болады.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамға жаңа атаумен келген медиацияның арқасында Америка Құрама Штаттарында – 95, Ұлыбританияда – 87, Словенияда 35 пайыз даулар сот талқылауына жетпей шешіледі екен. Біз де осы деңгейге жетуіміз үшін 2011 жылы “Медиация туралы” жəне “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қолданысқа енді.

Осы орайда, өңіріміз бойынша ауылдық жерлерді кәсіби және әуесқой медиаторлармен қамтамасыз ету жұмысы қарқын алды. Әрі ауыл тұрғындарына медиация институтын насихаттау, медиативтік келісім орнату арқылы дауды сотқа жеткізбей шешуге болатындығы жөнінде түсіндіру жұмыстары қоса жүргізілуде.

Қос ауылдық округте осы мақсатпен ашылған медиация кабинетінің арқасында жергілікті жердегі медиаторлардың жұмысы жанданып, ауыл тұрғындарының сұранысына ие болары сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp