«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАЦИЯ – КЕЛІСІМ ЖОЛЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Құқықтық саясаттың маңызды мәселесi азаматтардың Конституция кепiлдiк беретiн сот арқылы құқығының қорғалуын жүзеге асыру болып табылады. Бұл үшiн сот төрелiгiн жүзеге асыру процесiн оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсiмдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсендi енгiзген жағдайда мұны iстеу қиын емес. Сонымен бiр мезгiлде соттардың жұмысын жеңiлдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртiппен жүргiзiлетiндей тетiктер қарастыру қажет”, – деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі күні мемлекетіміздің құқықтық саясатында сот тәртібімен қаралатын даулардың санын қысқарту көзделіп отыр, себебі шет мемлекеттерде (АҚШ, Австрия және т.б.) даулы мәселелердің үштен бір бөлігі соттың қатысуынсыз медиация тәртібімен шешіледі.

Медиация (ағылшын сөзі “mediation” – араға түсушілік) – үшінші бір мүддесіз тараптың екі немесе бірнеше тараптардың арасындағы даулы және шиеленісті жағдайларды келісімге келу жолымен шешуі. Азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында туындаған дауларды жеңілдетілген тәртіппен өзара ерікті түрде шешуді құқықтық негізде реттеп, сол арқылы тараптарды келістіретін медиатор институты енгізілді.

Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Заңның 1-бабында жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды медиация тәртібімен шешуге болатындығы айтылған.

Егер медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (даушарларға), сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істерде медиация рәсімі қолданылмайды.

Медиацияның мақсаты – келісімге келу арқылы екі тарапты да қанағаттандыру. Медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары негізінде жүргізіледі. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор (кәсіпқой немесе қоғамдық медиатор) бола алады.

Медиация барысында медиатор бір мезгілде барлық тараптармен де, жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткізуге және оларға дауды (даушарды) шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге, құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы. Сонымен бірге, медиатор медиацияны жүргізген кезде медиация тараптарының келісімімен ғана әрекет етуге, медиация басталғанға дейін тараптарға оның мақсаттарын, сондай-ақ, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті. Кәсіпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы (одағы) бекітетін Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауы тиіс.

Медиация тараптары медиаторды (медиаторларды) ерікті түрде таңдауға және одан бас тартуға, медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға, медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға, дауды (даушарды) реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы.

Медиация туралы заң қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы №402-IV Заңымен кейбір заңнамалық актілермен қатар, соның ішінде Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 49, 53, 55, 56, 61, 79, 113, 153, 170, 185, 192, 193, 240, 242, 244, 247, 342, 383-11 баптарына да медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 49-бабы бойынша тараптар істі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, оларға тараптар қол қояды және сот бекітеді. Егер бұл іс-әрекет заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот талап қоюшының талабынан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.

Талап қойған прокурор, бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар талап қоюшының дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығын пайдаланбайды.

Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғалардың тараптарды қандай да болсын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.

Айта кететін жайт, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық іс жүргізу барысында медиацияны жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар туралы медиатордан куә ретінде жауап алуға болмайды (Азаматтық іс жүргізу кодексінің 79-бабының 2-тармағының 3-2-тармақшасы).

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 193-бабының талабы бойынша тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оларға тиісінше талап қоюшы, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Егер тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотқа жолданған жазбаша арыздарда жазылса, олар іске қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.

Тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге сот ұйғарым шығарады, сол арқылы осымен бір мезгілде іс жүргізу тоқтатылады.

Тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе, іс жүргізу қысқартылуға жатады (АІЖК-нің 247-бабының 4-1-тармағы).

Сот тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпеген жағдайда сот бұл туралы ұйғарым шығарады және істі мәні бойынша қарауды жалғастырады.

2014 жылы Петропавл қаласының №2 соты барлығы 8940 азаматтық істі қарады, оның ішінде 51 (0,6%) азаматтық істің өндірісі тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімшартын жасауына және оны соттың бекітуіне байланысты қысқартылды.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының мақсаты – еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам құру. Бұл жағдайда жеке және заңды тұлғалардың арасында туындаған даулар бітімгершілікпен, аралық сотпен немесе медиция тәртібімен келісім арқылы шешіліп жатса, дауласқан тараптардың ұтпаса, ұтылмасы анық.

Қалжан ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Петропавл қаласы №2 сотының

судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp