Ағаштарды жапырағынан айырған күздің қара суығы. Шиттей бала-шаға. Жылап-сықтаған ағайын-туыс. Мезгілсіз қазаға қабырғалары қайысып, қайғырған көршілер. Өмір мен өлімнің ортасындағы жағдайды түсінуге қауқарсыздық танытқан адамдар. Жүректерге зілмауыр мұң артып, орны толмас өкінішке душар еткен ажал. Бұл менің сүйіп қосылып, бір шаңырақ астында бақытты өмір сүрген жұбайым Мұраттың өмірден озған кездегі жағдайдың бір ұшқыны ғана.
Жұбайыммен отасқан жылдары өмір тек бақытты сәттерден, қуанышты кезеңдерден тұратындай көрінген еді, уақыт өте келе ойламаған жерден ойран қылатынын сезбеппін. Ол кезде жиырмадан енді асқанмын. Медициналық училищені бітіріп, ауылға келген кезім. Көп кешікпей өзге әулеттің босағасын аттап, бір үйдің келініне айналдым. Студент кезімізде бүршік жарған балаң сезіміміміз шынайы махаббатқа ұласты. Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді хат арқылы жеткізіп, сезім сырын іштей ұғыса білген біздер үшін үйлену де, үй болу да қиынға соқпады.
Жұбайым Мұрат Мамлют ауданындағы Беловка ауылында жауапты қызмет атқарды. Үйімнен береке үзілген немесе күйеуіммен ренжіскен кездерім есімде қалмапты. Әрине, ара-тұра орын алып тұратын ыдыс-аяқтың сылдыры, ұсақ-түйек келіспеушіліктер біздің сезіміміз бен сыйластығымызға сызат түсірмеді, керісінше, шынайы махаббаттың өмірдің осындай сәттерінде одан сайын беки түсетінін дәлелдеді. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Жүрдек пойыздай жүйткіген өмірдің әрбір сәтінен мейірленуді үйрендім. Тәңірдің өлшеусіз нығметі шығар. Жұбайыма төрт бірдей ұл сыйладым. “Шаңыраққа ие болып қалатын ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда” демей ме? Төрт ұлы бар жұбайым төрт құбыласының тең болғанына марқайып, масаттанатын…
Ол кезде жаспыз ғой. Қанша жерден ақкөңіл, тіл табысқыш болсақ та, бізде ұяңдық басым болды. Ішкі сезімімізді әке-шешемізден көрген тәліміміз бен тәрбиеміз билейтін. Күйеуімнің шешесін екінші анамдай қатты сыйладым, жақсы көрдім. Отбасындағы майда-шүйде шаруаға дейін ол кісімен ақылдасып атқаратынмын. Апам да мені “Мәруашым” деп еркелететін. Оның осы бірауыз сөзі менің сенімімді арттырып, қанатымды қатайтты. Енем ойламаған жерден ауыр дертке шалдығып, жүріп-тұруы қиындағанда ол кісіге қолғабыс ету үшін ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттегі жұмысымнан өз еркіммен кеттім. Енемнің уақытында тамағын дайындап, дәрі-дәрмегін беріп, қажет кезде жуынуына жәрдемдесіп, батасын алуды міндетім ғана емес, адами парыз деп санадым. Үлкен ұлдарым мектепке баратын сәт туғанда олардың сабақтарымен айналысуға да уақытым болды. Қариялардан алған алғыстың “қартайып, қайғы ойлағанда” бақыт пен қуаныш болып оралатынына жан-жүрегіммен иландым. Өмірдің мағынасы да сол емес пе? Адамның тағдыры жиған дүниесімен емес, жасаған ізгі амалымен жазылмай ма? Менің зыр жүгіріп, шаруаға да, жұбайымның көңілін табуға да, бала-шағаның тәрбиесімен айналысуға да уақыт табатыныма іштей риза кейіп танытатын енем: “Өркенің өссін, өмірлі бол”, – деп үнемі ақ батасын беретін.
Бір күні жұбайымның туған күніне ағайын-туыстар, көрші-қолаң, өзі қызмет атқаратын ұжым мүшелері бірі қалмай үйге жиналды. Сол баяғы “Жиын-той болса бәрі ақын, жау тисе түгел жауынгер” дейтін әдетімізге басып, алаңсыз ойнап-күліп, сән-салтанатымыз жарасып отырдық. Отырыс үстінде өзінің атадан жалғыздығын есіне алған көңілшек жұбайым: “Мен үнемі өзімнің жалғыздығым үшін сары уайымға салынатынмын. Осы үшін дүниеден безіп кетуге даяр тұратынмын. Қазір бәрі өзгеше. Менің ізімді өкшелеп келе жатқан, есімімді есте қалдыратын Ұлан, Мирас, Асқар, Бегман сияқты төрт тұяғым бар. Арманым орындалды. Енді Алла маған ажал құштырса да ризамын”, – дегені жүрек тұсыма қанжар сұғып алғандай әсер етті. Айтылған сөз – атылған оқ емес пе? Араға көп уақыт салмай ол өмірден озды. Қабырғамды қайыстырған мынау жалғанға лағнет айтып, жылап-сықтағанмен өткен уақыттың дөңгелегі кері бұрылмайды ғой.
Жан жарымнан мәңгілікке айрылған күннен бастап мен өзімнің өте әлсіз, нәзік, көмекке мұқтаж екендігімді сездім. Басқа түскен соң баспақшыл. Алдымда төрт баланы асырау, адам қатарына қосу міндеті тұрды. Жалғыз ұлының қасіретін көтере алмай, дерті жанына батқан енем баласының қазасынан кейін көп ұзамай дүние салды. Енемнің қырқын бергеннен кейін бұрынғы жұмысыма қайтып баруды ойладым. Ауылдағы ФАП-тың меңгерушісі де жылы жүректі жан еді, менің жағдайымды түсініп, ешқандай қарсылықсыз жұмысқа қабылдады. Отыз бес жаста төрт баламен жесір қалудың тірі жанға нағыз қасірет екендігін басынан өткерген адам ғана түсінеді ғой. Оның үстіне төртеуі де ер бала. Ер балалар әкенің жылы сөзін аңсайды. Әкесінің жоқтығын білдірмеу үшін жанымды салып бақтым. Ауыл ішінен сөз айтып, екінші рет тұрмыс құруға ұсыныс жасағандар да кездесті. “Жалғыздық Құдайға ғана жарасады, өз бағыңды байлама”, – деп ақыл-кеңестерін айтқандар да табылды. Алайда, өмірімнің мәні мен сәні – балаларымның бақытын бәрінен жоғары қойдым.
Оларды шамам келгенше оқыттым. Жұмыстан қолым қалт еткенде әртүрлі үйірмелерге апардым. Үлкен ұлым – Ұлан төбелеске жақын болды. Сотқар емес, елдің намысын жоғары ұстайтын боксшы болсын деп бокс үйірмесіне бердім. Алатын азғантай жалақымды балапандарымның қажеті үшін жарататынмын. Өзім киімсіз жүрсем де оларға жылы күртелер сатып әперетінмін. Екеуі жоғары білім алса, екеуі колледж бітірді. Үлкен ұлым жоғары оқу орнын тамамдап ауылға келгенде көңілім толқып, көзіме еріксіз жас үйірілген еді. Алла тағаланың берген нығметіне шүкірлік айтып, дүрілдетіп той жасағаным әлі есімде. Екінші ұлымды әскерге жібергендегі көңіл-күйім де жадымда жатталып қалыпты. Алабұртқан көңілімнен қимастықтың табы байқалды. “Ер жігіт қой. Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті”, – деген ойым оның абыроймен оралуына септесті.
Балаларының барлығын адам қатарына қосу жер бетіндегі ана атаулының ең асыл міндеті емес пе? Басымнан нендей қиын-қыстау күндерді кеше жүріп, алыстан қол бұлғаған шуақты күнге де жеттім-ау. Ендігі менің алдымда тұрған ең үлкен міндет балаларымды үйлендіру болатын. Оның үстіне өзімнің де жасым біразға келіп қалды. Бұрынғыдай денсаулығым да жоқ. Соңғы кездері үй шаруасын атқарудың өзі қиынға соғуда. Шай үстінде осы мәселені қаузап, інілері ағаларына үйлену туралы қолқа салатын. Жаныма майдай жағып тұрса да: “Балам, бәрі Алланың бұйрығымен болады. Көздеп жүрген біреуің болса мен қарсы емеспін. Маған да көмекші керек”, – деуші едім.
Алланың бұйрығынан адам аса алған ба? Еш алаңсыз отырған бір күні Ұланым “Мама, үйленгім келеді” демесі бар ма? Аспаннан Ай құлағандай абдырадық та қалдық. Үйленем деген баланың бетін қайтармау керек дегенді үлкендерден жиі естуші едім. Не де болса, тәуекелге бел будық та тойдың қамына кірісіп кеттік. Дұшпанның табасына, достың күлкісіне қалдырма деген тілегім орындалып, бәрі сәтімен болды. Ақжарқын есімді келін түсірдім. Қолымды жылы суға малатыныма қуандым. Қызым болмаған соң ба оны жұмсауға дәтім бармайтын. Ауылдағы мектепте химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ұлым да, келінім де – мұғалім. Күні бойы жұмыста. Баяғы әдетіме басып, қазан ошақтың тірлігімен айналысып жүре бердім. Келінімнің аяғы ауыр екенін естігенде төбем көкке жеткендей қуанған едім. Өмірге немерем де келді. Құдайға шүкіршілік айтып, құрбандық шалдым. Келінім баланы мейірленіп құшағыма ала бастасам болды, жақтыртпай, қолымнан жұлып алатын. Оның бұл әрекеті көкірегімнен итергендей жанымды жаралайтын. Екеуінің бақыты үшін деп тіс жармай жүре бердім. Осындай қиналыспен Мирасым мен Асқарымды үйлендірдім. Екінші балам үйге келін түсіргенде үлкен ұлым бөлек шығуға дайындалып жатқан еді. Олар арада екі ай өтпестен жұмыс бабымен Алматыға жол тартып кетті. Сүйген жары жалғызсырамасын деп бірге ертіп жібердім. Сол кеткеннен мол кетті. Ара-тұра хал сұрап, хабарласқандары болмаса, қауқарсыз аналарына немересін бір иіскетудің нағыз бақыт екендігін сезбейді ғой олар.
Үшінші балам – Асқар ет сатумен айналысатын. Ауылдан ет алып, қалаға барып өткізеді. Екі жыл өтпей шаруасын дөңгелетіп, Петропавлдан үй сатып алды. Ұлымның: “Мама, сол үйге көшеміз. Сіз де күн сайын қартайып келесіз. Үйде немерелеріңізді қарап отырыңыз”, – дегені жаныма медеу болғандай еді. Келінімнің: “Ауылда да бір үй керек. Бегман да ержетті ғой. Оның да үйленетін уақыты алыс емес”, – дегені қуанышымды су сепкендей басты. Даңғарадай бес бөлмелі үйді жылытудың өзі қиынға соғатынын алға тартып, ауылдың шетінен шағын үй сатып алуға көндіргендерінің астарында қара бастың қамы жатқандығын қайдан білейін? Маған айтпай, үйдің ақшасын қаладан үй сатып алуға жұмсапты…
Мирасым да қолына құсын қондырды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балаларымның үйлі-жайлы болып, ана алдындағы жауапкершіліктен жалтарып, жан-жаққа тарап кеткендері жаныма тастай батты.
Бүгінде жасым жетпіс жетіден асты. Ауыл шетіндегі суық, ескі үйімде пештің түбінде бүрсиіп отырған ана үйдің емес ау, балаларының жүрек жылуын аңсайды. Сағынады. Қамығады. Жүзіме түскен әрбір қатпар әжім балаларымның бақыты үшін күрескен ана болғандығымды дәлелдеп тұрса да оны ардың алдында айқайлап айтуға қауқарсызбын. Жақында есік алдындағы мұзға құлап аяғымды сындырып екі ай бойы облыстық аурухана төсегіне таңылып жаттым. Осы ғасырға татыған уақыт менің өмірдегі қорғансыз, жанашыры жоқ, жалғыз ана екендігімді көзіме шұқым көрсеткендей болды. Дәрменсіздігімді іштен шыққан шұбар жылан деген сөз жеңіп шығатыны несі? Сонда жұбайымның маған тапсырған аманаты осы ма? Бұл дүниеден озарының алдында қос дүниенің жақсылығын тілеп, жылы сөздерін айтқан енемнің ақ батасының өтеуі ме, әлде?
Төрт қабырғаға қамалып, теледидардың пультінен басқа ештеңе басқара алмайтын қауқарсыз қарияның ойына нелер келіп, нелер кетпейді. Жуырда “Қазақстан” ұлттық телеарнасынан қарттар үйіндегі қатпар тағдырлар туралы бағдарламаны көрдім. Жүрегім езіліп, жыладым. “Кетем деген ұлды, өсем деген қызды бағып”, балалары мен келіндерінен көңілі қалған олардың қилы өмірлері бір кітап сияқты. Алайда, оны оқуға ешкімнің құлқы бармайтыны өкінішті. Менің өмірім – қазақтың қуанышынан қайғысы басым кемпір-шалдарының кейбірінің басындағы жағдаймен үндеседі.
Жанымды жегідей жеген мұңымды құшақтап терезеге телміремін. Алыстан өзім түтінін түтетіп, бақыт сәулесін жаққан жұбайымның қарашаңырағы көрінеді. Әзірге, жұбанышым сол үй ғана.
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.