«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ, БАЛАНЫҢ ТІРЕГІ

Аяулы ана, асыл жар, ардақты ұстаз, сыйлас та сырлас құрбы, білікті басшы – осының бәрінің бір ғана адамның бойынан табылуы сирек құбылыс. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, Балапан Базарбекованың болмыс-бітіміне ерекше реңк берген – осы асыл қасиеттер. Басшымыз, әріптесіміз, ұстазымыз, ақылшы ана­мызға айналған ол бүгінде еңбегінің зейнетін көрер жасқа келіп отыр.

Өнегелі жанның жүріп өткен жолына әркімнің де қызыға қарары сөзсіз. Асылы­, өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай, анық тапқан адамдардың ғұмыр шежіресі қашанда мағыналы, кейінгіге үлгі-өнеге.

Зулап өтіп жатқан өмір-ай! Уақыт деген ғарыш кемесіндей жылдам екен ғой. Қырық жылға таман ұстаздық қызмет етіп, білім беруде өзінің анық бағдарын танытып, талапты жастан өнегелі ұстазға айналған, саналы өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған, талай жылғы қажырлы да қа­йырлы еңбегінің арқасында құр­метке бөленіп жүрген аяулы жан жайлы айтылар лебіз ерекше.

Кез келген жанның саналы, ардақты азамат болып қалыптасуына оның бала кездегі арманы көмек­тесетіні анық. Балалық арманын орындап, ұстаздық жолды таңдаған Балапан Қайнашқызы 1980 жылы Кеңес орта мектебіне жас маман болып келеді. Білім негізі бастауышта екені белгілі. Жаңа ғана мектеп табалдырығын аттаған балғындарға әліппені оқытып, тәлім-тәрбие берген ол шәкірттерін өз балаларындай мәпеледі. Ол қаншама жүрекке ізгілік отын жағып, маңдай терін төгіп, көз майын тауысып, мұғалімдікпен қатар бес жыл оқу ісінің меңгерушісі болды. Білікті басшы жиырма жылға жуық мектеп директоры қызметін атқарып келеді. “Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы” дегендей, оның ең алғаш қанатының астына алып, қолдарына әліппе ұстатып, оқу мен жазуды үйреткен сары ауыз балапандары – бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген атпалдай азаматтар.

Мұғалімдік еңбек жолын бастағаннан өз ісіне асқан жауапкершілікпен қараған Балапан Қайнашқызы талай марапаттауларға ие болды. Еңбегі бағаланып үстіміздегі жылы “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды. Мұғалімдік жолын баяндар өмірбаяндық сайысқа қатысып, республикалық білімді дамыту орталығы ұйымдастырған “Өнегелі ұстаз” энциклопедиясына есімі жазылды. Ғылыми конференциялардағы мазмұнды баяндамалары, баспасөз беттеріндегі мақалалары ұстаздың ғылым мен білімге деген құштарлығын танытқандай.

Басшылықпен қатар білім беруді де алып жүрген ұстаздың әр сабағы тартымды өтеді. Сабақты түсін­дірудегі қолданатын әдіс-тәсілдері өте тиімді, оның дәрістерінде оқушылар жалыққан емес. “Жақсы ұстаз болу үшін әрбір сабағыңа­ тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алу керек”, – деп әріптестерін үйретуден жалықп­айды. Өзінің тәжірибесі мол болғандықтан, басқалардан бірінші кезекте өте сауатты, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Табиғатынан салмақты жанның сабырмен ұжымды басқара жүріп, өзінің тәжірибесін, еңбектегі жетістіктерін шәкірттеріне, жас ұстаздарға үйретіп, бағыт беру жолдары әрбір жанға тағылымды мектеп болғандай. Жақсының жансарайын тез бай­қайтын ұстаз жаңадан келген­ жас маманды ә дегеннен аналық қамқорлығына бөлейді. Оның өмірлік қағидалары, өзіне шам­шырақ етіп ұстаған жолы – адалдық, әділдік, шындық, ұстамдылық, кеңпейілділік, асқан мейірімділік. Мұның бәрі мектеп басшысының бойында тұнып тұр десек, артық айтпағандығымыз болар.

Балапан Қайнашқызы – ұстаздардың ұстазы. Сонымен бірге ынтымағы жарасқан өнегелі­ отбасының алтын діңгегі. Құдай қосқан қосағы Жанғалимен бірге екі ұл мен бір қызды өсіріп, үлкен өмірге қадам басқызды.

Шынар ТУКЕНОВА,

Кеңес орта мектебінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp