Үстіміздегі жылғы 21 қаңтардан бастап облыс аумағында “Қауіпсіз мектеп автобусы” республикалық акциясы жүріп жатыр. Акция балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдауды ұйымдастыру барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жол-көлік оқиғаларының алдын алуды көздейді. Бұл шараға мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, мүдделі мемлекеттік органдардың, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың, ата-аналар қауымдастығының, мекемелердің, еңбек ұжымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті полиция қызметтерінің өкілдері қатыса алады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын болдырмау тақырыбында мектеп автобустарының жүргізушілеріне нұсқамалар тарату, сондай-ақ, балаларды көлік құралдарына отырғызу және түсіру кезінде мектеп автобустары жүргізушілерінің қажет жағдайда апаттық дабыл қағуды қолдануын тексеру де осы акция барысында атқарылмақ.
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, мектептерге және үйге қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету талаптарын бұзу фактілері болған жағдайда Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 8 (7172) 74-25-28 “сенім телефонына” хабарласуға болады.
Айгүл ОСПАНОВА,
облыстық білім басқармасының бас маманы.