Үстіміздегі жылы тамыз конференциясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұғалiмдер мен ата-аналардан ақша жинаған басшылардың қатаң жазаланатынын ескерткен болатын. “Бюджеттен бөлінетін қаржы жеткілікті. Мұндай фактілер жайлы “Facebook”, “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшама хабарлауға болады. Тексеріс нәтижесінде ақша жиналғаны расталса, басшыларды жазалаймыз”, – деген облыс әкімі мектеп директорлары мен бiлiм бөлімі басшыларына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Дегенмен, ата-аналардың қалтасын қағуды тоқтатпаған, тіпті, заңдастырып алған білім ордалары да бар екен. Мәселен, облыс орталығындағы “БЭСТ” гимназиясында 20 жыл бойы ақша жинап келген “Альянс” қоғамдық қорын жабу қиынға соқты. Бұл мәселе “Qyzyljar – adaldyq alańy” кеңсесінде талқыланды.
Жақында ата-аналардан ақша жинау әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. “Альянс” қоры білім ордасындағы бір кабинетті жалға алып, өз қызметін сол жерде жүзеге асырған. Әрбір ата-анамен келісімшарт жасау арқылы оларды мүшелікке қабылдайды. Егер баласы оқу озаты болмаса, айына 1500 теңге төлеп отыруға міндетті. Өткен жылы осындай әдіспен 18 млн. теңге жиналыпты. Оның 30 пайызы ұйым төрағасы, есепші мен кассирге жалақы төлеуге және кабинетті жалға алуға жұмсалған. Ал қалғанына мектепке компъютерлік техника, интерактивті тақта, шетел баспаларының оқулықтары сатып алынып, түрлі шаралар ұйымдастырылған, олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алған оқушыларға сыйақы берілген.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жиырма жыл бұрын мұндай қор қажеттіліктен құрылған екен. Білім ордасында жарық, жылу болмаған қиын-қыстау кезде бұл ұйым материалдық тұрғыдан көп көмектескен. Бірақ екі жыл бұрын мектептерде қорғаншылық кеңестерін құру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі кеңес бұрынғыдай ата-аналардан ақша жинаумен емес, мектеп әкімшілігімен бірге қаржының қайда жұмсалатынын шешіп, өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін білдіріп, оқу үрдісіне немесе әртүрлі іс-шараларға қатысады. Мектеп директорын тағайындау кезінде де қорғаншылық кеңестің пікірі ескеріледі. Басқарма басшысы қорғаншылық кеңестің білім ордасына қайырымдылық көмек ретінде түскен қаржыны мақсатты жұмсауға араласуға құқылы екеніне баса назар аударды. Осы жерде “Егер бұл мәселемен қорғаншылық кеңесі айналысатын болса, “Альянс” қорының не керегі бар?” деген орынды сұрақ туындайды. Екіншіден, гимназияда басқа мектептермен салыстырғанда оқушылар саны көп болғандықтан, қор жалға алып отырған кабинетті мектептің басқа керегіне жаратқан әлдеқайда тиімді емес пе?!
– Мектепке түлектер мен ата-аналар қаржылай қолдау көрсеткісі келетін жайттар көп. Олардың қолын ешкім қақпайды. Бірақ неге мүмкіндігі жоқ ата-аналарды келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейміз? Ата-аналардың кейбірі қандай құжатқа қол қойғандарын, ол үшін ай сайын ақша төлеу керек екенінен хабарсыз. Кез келген адам білім ордасына көмектесе алады. Бірақ бұл ерікті түрде жүргізілуі керек. Сол үшін өткен жылы облыс орталығындағы 42 мектепте шот аштық. Ата-аналар қалауы бойынша осы шотқа ақша салсын, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Гимназияның директоры Гүлнәр Арықпаева бұл қызметке бір жыл бұрын кіріскен сәтте “Альянс” қорының жұмысын тоқтатпақ болыпты. Бірақ ата-аналар, қоғамдық ұйымның белсенділері қарсы шыққан. Әрі қордың атқарып жатқан жұмысы мен мектепке тигізетін пайдасы жайлы айтып, райынан қайтарған көрінеді. Ұйымға төраға болып жақында ғана сайланған Владимир Витченко да қор мүшелерімен алғашқы жиналыста оны жабу туралы ұсыныс білдіріпті. Алайда, жиналысқа қатысқан 44 ата-ана қарсылық танытыпты-мыс.
Аталған мектептегі қорғаншылық кеңесті басқаратын белгілі кәсіпкер Сайран Хамзин: “Ата-аналардан жиналған 18 млн. теңгенің қандай мақсатқа жұмсалып жатқанын білмейміз. Мәселен, жаз мезгілінде қор жұмыс істемегенімен, қызметкерлеріне еңбекақы төленеді. Одан да сол ақшаны мектептің басқа қажетіне жаратқанымыз жөн деп ойлаймын. Біз қазір өткен жылы жиналған қаржының қайда жұмсалғаны жөнінде ақпарат сұратып жатырмыз”, – деді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин ақша заңға сәйкес жиналып жатқанымен, бұл алдағы уақытта жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін екенін айтты.
– Мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қажетті қаржы бөлінуде. Ал қор мүшелері еңбекақы алу үшін түрлі жұмыстарды ойлап тауып отыр десек те болады. Әрине, ата-аналар ерікті түрде ақша тапсырады деп ақталуда. Ата-аналар арасында анонимді сауалнама жүргізіп, көп сұрақтың жауабын алуға болады, – деді Нұрлан Жахин.
“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланғанымен, қордың жұмысын үйлестіріп отырғандарды алған беттерінен қайтару оңайға соқпады. Дегенмен, ата-ананың қалтасына салмақ салып отырған ұйымды жабу ұйғарылды. Олар жақын арада қор мүшелерін жинап, олардың пікірлерін білуі тиіс. Көпшілік дауыс берсе, қор жабылып, ондағы қаржы қорғаншылық кеңесіне өтеді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.