Біздің №13 орта мектепте қуыршақ театры жұмыс істей бастағанына бір жыл болды. Бұл мектеп инклюзивтік бағыттағы білім ошағы болғандықтан, театрға қатысатын 17 бүлдіршіннің 8-і – тірек-қимыл мүшелері зақымданған балғындар.
Қуыршақ театрының өз қойылымдарын қоюына көп орын да қажет емес. Мектептің бір бұрышына балалар мен ұстаздар және ата-аналардың өз қолдарымен дайындалған шағын сахнасы орнатылады да, балғындар өнерлерін көрермендер назарына ұсына береді.
Қуыршақ театрының ашылуына мұрындық болған – қосымша білім беру педагогі Жанар Тәшібаева. Ашылғаннан бері олар жол қозғалысы ережелерін сақтауға арналған “Бағдаршам”, мазмұны осы заманға лайықталған “Шалқан”, “Теремок” қойылымдарын көрермендер назарына ұсынды.
Қуыршақ театрының қойылымдарын балалар қызыға тамашалап, ерекше әсер алады. Сахнаның ашық бояуы, кейіпкерлердің өз рөлдерін дауыс ырғағын сала отырып, шеберлікпен орындаулары оқушылар түгіл, ересектерді де сүйсіндіреді. Қойылым кейіпкерлерінің костюмдері мен басқа да қажетті бұйымдарын балалар өздері дайындайды. Кейіпкер қуыршақтарды дайындауда кішкентай әртістер оларды нағыз өмірдегідей шынайы етіп шығаруға жандарын салады.
Қазір балалардың сөздік қорлары да жұтап, тілдің көркемдігі азайып бара жатқаны, өз ойларын түсінікті етіп, толық жеткізе алмаулары үрдіске айналып бара жатыр. Қосымша білім беру арқылы мектептерде театр өнеріне баулу осындай жағдайлардың алдын алуға, оқу-тәрбие үдерісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Өйткені, балалар өздеріне тапсырылған кейіпкерлерінің рөлдерін сомдау кезінде көрермен көңілінен шығу үшін бар шеберлігін, сөздік қорын, қиялын сарқа пайдаланады. Жетекшілері Жанар Қапезқызы балалардың өмірін көңілді, қызықты, жарқын да мазмұнды етуге тырысады.
Ботагөз ШАБАРОВА,
№13 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Петропавл қаласы.