Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазхром” ТНК” АҚ жаңа ферроқорытпа зауытында болды. Қуаттылығы 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром және құны 843 млн. доллар болатын зауыт Ақтөбедегі республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген ең ірі инвестициялық жоба болып табылады.
Мемлекет басшысы тетікті басу арқылы зауыттың бірінші балқыту пешін іске қосты. LED-экранда on-line режімде пештің пультті жұмысының мониторлар бойынша трансляциясы басталды. Онда пештің температурасы, салқындау параметрлері мен технологиялық процесс көрсетілді.
Президент Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан кейін 2013 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген “Достық” су спорты түрлерінің орталығында болды. Аталған орталық барлық халықаралық стандарттарға сай және кез келген деңгейдегі жарыстарды, соның ішінде FINA 2012 стандарты бойынша спорттық және синхронды жүзуден әлем чемпионаттарын өткізуге арналған.
Жаттығу залында Мемлекет басшысы ақтөбелік спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесті. Олардың арасында спорт шебері, ауыр атлетика бойынша КСРО спорт шебері Қадыржан Ізғарин және 2012 жылы Лондондағы суда жүзуден 22-ші жазғы олимпиада ойындарына қатысқан Александр Тарабрин де болды.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев “Дәру” клиникасы” медициналық оңалту орталығына барды. Клиниканың директоры Ғалымжан Елеуов Елбасын медициналық мекеменің жұмысымен таныстырып, онда түрлі амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетілетіні жөнінде айтып берді. Сауықтыру-емдік кабинетінде мәртебелі меймандарға 600 мың еуро тұратын “Hocoma-Locomat” жоғары технологиялық құрылғысының, “Kinotek” емдік кешендерінің мүмкіндіктері көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Президенті үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асыру жөніндегі “СНПС “Ақтөбемұнайгаз” АҚ жұмысымен танысты. Кәсіпорынның бизнес-орталығында on-line режімінде Жаңажол кеніші бас директорының орынбасары Тахталифум Есенғұлов үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының 2 кезеңі құрылыс жұмыстарының аяқталғанын баяндады. Зауытты пайдалануға беру және толық қуатына шығуы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырымен елдің оңтүстік өңірлерін халықаралық стандарттарға жауап беретін тазартылған дайын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
“ҚазАқпарат”.