«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН “МЫРЗАЛЫҚ” ЖАСАҒАН директор қатаң жазаға тартылады

Дүйсенбі күні мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, онда үш мәселе қаралды.

Мамлют ауданының прокуратурасы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Думан Серғалиевке сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берді деген кінә тақты. Өйткені, ол үстіміздегі жылғы 12 мамырда өзінің жеке шаруасымен Ресей Федерациясы Қорған облысының Петухово қаласына барып, көрші ел аумағында төрт жарым сағаттан астам болған. Алайда, жұмыс уақыты табеліне сол күні 8 сағат жұмыс істедім деп көрсетіп, өзіне 4300 теңге жалақыны артық төлегендігі әшкереленген. Мұндай мемлекет есебінен жасалған “мырзалықты” өзінің оқу ісі жөніндегі орынбасарына да көрсетіп, биыл жұмыс уақытында жеке шаруасымен көрші елге бірнеше рет барып-қайтқан оған 47200 теңге жалақыны артық төлеген болып шықты. Думан Серғалиұлы өз кінәсін толық мойындады. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалағаны үшін атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау ұсынылды.

Облыстық қаржы бақылау инспекциясы Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі Балалар ауылының директоры Арыстан Әкімжановты Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бұрмалады деп кінәлады.

Бірақ Тәртіптік кеңес мүшелері оның іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлық белгісі жоқ деген ортақ ұйғарымға келіп, оның үстінен қозғалған тәртіптік істі қарауды облыстық білім басқармасына тапсырған жөн деп шешті.

Облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек өзі басқаратын салада мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол осы орайда Тәртіптік кеңес тарапынан жасалған орынды ұсыныстардың бәрі де ескеріліп, алдағы уақытта тиісті шаралар қолданылатындығын мәлімдеді.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp