“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тетігін солтүстікқазақстандықтар ұтымды пайдалануда. Бүгінгі жаһандық дағдарыс кезінде бизнеске мемлекеттік қолдаудың қаншалықты маңызды екендігіне “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалы өткізген баспасөз туры тағы бір көз жеткізді. Жергілікті БАҚ өкілдері бұл жолы үш нысанға ат басын тіреп, олардың тыныс-тіршілігіне және қол жеткізген табыстарына куә болып қайтты.
Журналистердің бірінші барған нысаны – “Көпбейінді жабдықтар зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыт 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Индустриялық-инновациялық дамуға басымдық беретін кәсіпорын жылда техникалық жаңғыртулар жүргізеді. Биыл да екі заманауи станок сатып алып, өндірістің қуаттылығын ұлғайту мүмкіндігіне ие болған. Үстіміздегі жылдың он айында зауыт 730 миллион теңгенің тауарын сатқан. Серіктестік “Қазақстанның үздік тауары – 2016” республикалық байқауының облыстық кезеңінде жүлдегер атанып, өзінің абыройын одан әрі асқақтата түскен.
– Біздің зауыт мұнайшылар мен кен игерушілерге, энергетика саласына қажетті құралдар мен қосалқы бөлшектер жасайды. Тауарларымыздың сапасы жоғары бағаланады. Зауытта ай сайын жүздеген өнім түрі дайындалады. “Еуразиялық банк” АҚ-дан несие алу кезінде “Даму” қорының кепілдік тетігін бір пайдалансақ, өңдеу өнеркәсібі ретінде банктен алған 80 миллион теңге қарыздың жылдық үстемеақысын 6 пайызға дейін қысқартып, екінші көмекті көрдік. Бұл зауыт үшін үлкен қолдау, – дейді серіктестік директорының міндетін атқарушы Қосарбек Испандияров.
“Олжа” жеке кәсіпкерлігі осыдан жарты жыл бұрын облыс орталығында көтерме-бөлшек сауда орталығын ашып, қалалықтарды бір қуантып тастаған еді. Осы аралықта ол өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген. 2230 шаршы метрді құрайтын екіқабатты сауда орталығының құрылысын жүргізерде жеке кәсіпкер “Цеснабанк” қаржы институтынан 125 миллион теңге несие алған. Сол несиенің пайыздық үстемеақысына мемлекеттің демеуқаржысы берілген. Сауда кешенінің жартысы ресейлік саудагерлерге, 16 дүңгіршек жергілікті кәсіпкерлерге жалға берілген. “Сауда орталығында отандық тауар өндірушілер өнімдерін көтерме бағамен сатады. Сондай-ақ, ресейлік тауарлар да арзанға өткізіледі.
Ресейлік кәсіпкерлердің сауда жасауда өзіндік ерекшеліктері бар. Олар тауарлары жатып қалмас үшін жеңілдіктерді жиі ұйымдастырады.
– Тұтынушыларымыз мұндай әрекеттерге үйреніп алды, белгіленген уақытты күтіп жүреді. Орталықты салу үшін аз қаржы жұмсалған жоқ. Ғимараттың алдында үлкен алаң бар. Сол жерді сауда жасауға ынтасы бар қарияларға өздерінің бау-бақша өнімдерін сатуға тегін бергіміз келеді, – дейді орталықтың директоры Сәуле Айсенова.
“Демалыс базасын қайта жаңғырту” инвестициялық бағдарламасын қолға алып, мемлекеттің қолдауын көріп отырғандардың бірі – “Казиканов және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қала сыртындағы демалыс орнына “Гринвуд” деген атау беріп, ол жердегі бұрынғы базаларды толықтай жаңартып жатқан құрылтайшылардың қадамы қарымды. Олар өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін “Цеснабанк” АҚ-ның өңірлік филиалынан 27 миллион теңге несие алған. Ол қаржыға екі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан үлкен бассейн салыпты. Бүгінде еуропалық үлгідегі демалыс орны көптеген жаңашылдығымен демалушылардың қызығушылығын оята бастады. Биылғы қыста демалушылардың ол жерде хоккей ойнауға, конькимен сырғанауға, шаңғы тебуге мүмкіндіктері бар. Аққайыңдар мен қарағайлардың ортасында орналасқан демалыс орнының әсемдігіне көз сүйсінеді.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жыл басынан бері несиелік портфелі 13 млрд. теңгені құрайтын 188 жоба мақұлданды. Он айда кәсіпкерлерге 0,75 млрд. теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілген. Несиелік портфелі 1,9 млрд. болатын 39 жоба бағдарламаның банк алдындағы кепілдік тетігін қолданған. Кепілдік қаржы мөлшері – 0,8 млрд. теңге. Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы маркетинг, бизнес жоспарлау, заңгерлік және бухгалтерлік мәселелер бойынша 3500 кеңес берді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.