«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ өрлеу тетігіне айналуда

Елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бірнеше мекеме болса, солардың бірі – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы. Аталмыш қаржы институтының облыстық филиалы директорының орынбасары Айдар Төлеевті әңгімеге тартқан едік.

– Айдар Маратұлы, әңгімемізді қордың бүгінгі тіршілік-тынысынан бастасақ.

– “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ 20 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Қор елді мекендердегі кәсіпкерлікке қолдау көрсете отырып, ауыл тұрғындарының бақуаттылығы үшін үлкен еңбек сіңіруде. Өткен жылдың он айында қор солтүстікқазақстандық 433 бизнес-жобаны қолдады. Оған жұмсалған қаржы 1 миллиард 339 миллион 61 мың теңгені құрады. Бұл қаржы институтының алты бағдарлама бойынша игерген сомасы. Әр бағдарламаның өзіндік бағыты, жоспары мен тәртібі бар. Осының барлығы ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен қолдау екендігі сөзсіз. Соның ішінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бойынша 235 жоба 451 миллион 34 мың теңгеге қаржыландырылды. Алдыңғы жылдары несие алған 75 жобаның иесі биыл 159 миллион теңгені қайтарды. “Егінжай” бағдарламасы аграршыларға көктемгі егіс жұмыстары кезінде үлкен қолдау көрсетіп келеді. Биыл 80 кәсіпкер 330 миллион теңгенің несиесін алып, оған науқан кезінде қажетті жанар-жағармайын, техникаларының қосалқы бөлшектерін сатып алып, еңбеккерлердің еңбекақысын төлеуде қиналған жоқ. Енді, міне, күзгі науқаннан кейін борыштарын өтеуде. Ал “Кәсіпкер” бағдарламасы арқылы кез келген бизнес бағыты қолдау көретіндігі – оның үлкен артықшылығы. Мұнда, тіпті, сауда-саттық саласы да қамтылады. Өткен он айда 21 жоба осы бағыт бойынша 81 миллион теңгеге қолдау тапты. “Мурабаха” – шошқадан басқа малдардың барлығына қаржылай көмек көрсететін бағдарлама. Ол бойынша биыл 50 миллион теңгенің несиесі берілді. Бұл “Ислам даму банкі” қаржы орталығының бастамасы, ал бүгінде біз кейін қайтарылған несие есебінен өз қаржымызды айналымға сала бастадық. Өздеріңіз білетіндей, “Аргобизнес – 2020” бағдарламасында сүтті асылтұқымды мал басын көбейту көзделген. Онда 60 миллион теңгеге дейін несие қаржысы қарастырылған. Бұл бағдарламаның артықшылығы – оның 11 пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызы мемлекеттің демеуқаржысы есебінен жабылады. 2014 жылдан бері “Ырыс” арқылы 11 жоба мақұлданып, өңір кәсіпкерлері 1150 бас ірі қара сатып алды. Бұл белгіленген жоспардың артығымен орындалуы. Сондай-ақ, 5 сүт қабылдау қосыны қаржыландырылды. Қор үшін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына атсалысу – үлкен мәртебе. Оның елді мекендерге жол тартқан жас мамандарға қолдау көрсету бағыты – олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне көмектесу. Онда айлық есептік көрсеткіштің 1,5 мың еселенген деңгейінде несие беріледі. Жылдық сыйақы ставкасы – 0,1 пайыз ғана. Ал әлеуметтік салада қызмет атқаратындар тұрғын үй алу үшін 2,9 пайызбен несие ала алады. Осының барлығы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен елді мекендердің ахуалын көтеруге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау.

– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында тындырылған істер де аз емес сияқты.

– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының қолға алынғанына биыл төртінші жыл. Бұл бағдарламаны біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп атқарамыз. Былтыр ауыл тұрғындарының несие бойынша өтініштерін қарайтын арнайы комиссия әр ауданда құрылды. Бір өкініштісі, аудандарда біздің бөлімшелеріміз жоқ. Құжаттарды реттеу үшін ауылдықтарға облыс орталығына жиі қатынауға тура келеді. Басқа өңірлер бұл мәселені шешіп алған. Бізде әр ауданға бекітілген менеджер ғана жұмыс істейді.

Өткен жылдың несие портфеліне назар аударсақ, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының үлесі – 45 пайыз. Мұнда несие алғандар саны 235 адам десек, сонша адам артығымен жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарлама жұмыссыздар мен әлеуеті төмен адамдарға өз кәсібін ашып, жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді. Өткен жылғы он айда берілген 451,34 миллион теңгенің 95 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. 6 пайызбен 3 миллионға дейін берілетін несиені бір алып, оны мүмкіндігінше жауып тастап, бағдарлама тәртібі бойынша қайтадан 5 миллион теңгеге дейін несие алу – оның тағы бір артықшылығы. 2015 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, ең төменгі несие мөлшері 500 мың теңге болып белгіленді. 36 айға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4,8 пайызға дейін түсірілді.

– Осыдан бірер жыл бұрын несие алу үлкен қиындық тудыратын. Қағазбастылық көп болатын. Бүгінгі жағдай қалай?

– Қор несие алушыларға талапты жылдан-жылға жеңілдетіп келеді. Мәселен, кепілдікке қойылатын мүлікке байланысты айтар болсақ, осыған дейін біз жылжымайтын мүліктің жағдайына қарайтын едік. Мәселен, қамыстан жасалған үйлер кепілдікке алынбайтын. Ал қазір адам тұрып жатқан жылжымайтын мүлік кепілдікке алына береді. Сол сияқты – көлік. Бұрын көліктің жасалу жылы ескерілсе, қазір жүріп-тұрған кез келген көлік кепілдікке қойылады. Үшіншіден, үшінші тұлғаның атынан да кепілдік қабылданады. Яғни, мемлекет ауыл тұрғындары табыс көзін тауып, отбасын асырау үшін кәсіп етуге шақырып, жанашырлықпен қолдау көрсетіп отыр.

– Осыны түсінбейтін жауапсыз клиенттер де болатын шығар?

– Егер адам алған қарызын басқа мақсатқа жұмсап қойса, ондай жауапсыз несиегермен әңгіме басқаша болады. Несие алған соң кәсіпкер 90 күннің ішінде қаржының қалай жұмсалғандығы туралы толық ақпарат беруі керек. Егер кәсіп мал бағу болса, онда оның сатылып алынғаны, ветеринарлық құжаты, құлағындағы таңба, қора-қопсы, жемшөбі – барлығы талапқа сай болғаны жөн. Олар көзбе-көз тексеріледі. Ал берілген несие қаржысы өз бағытында жұмсалмаса, жағдайды дұрыстауға мүмкіндік беріледі, болмаса жауапсыз кәсіпкермен соттасуға тура келеді. Соттың шешімі бойынша заңды түрде мақсатсыз жұмсалған ақшаның үстіне 25 пайыз айыппұл төлетеді. Мұндай фактілер көп емес.

– Аудандар бойынша жағдай қалай?

– Әр ауданда игерілген қаржы мөлшері әртүрлі. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының көрсеткіші жоғары. Онда 31 адам 51 миллион теңгенің несиесін игерді. Ал “Егінжай” бойынша Есіл ауданының 12 аграршысы қолдау көрді, “Кәсіпкер” бойынша Тайынша ауданының 5 адамы жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. “Мурахаба” бағдарламасымен Уәлиханов ауданының 3 тұрғыны 12,9 миллион теңгенің қаржысын табыс көзі үшін игеруде. Біз 2011-2013 жылдары “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жұмыс істеген кезде 181 жобаны қаржыландырдық. Нәтижесінде 6060 бас ірі қара сатылып алынды. Бүгінде сондағы несие алушылар малдарын екі-үш рет еселеп алды десек, артық айтқандық болмайды. Мысалы,10 бас мал алғандар оларды 30 басқа жеткізді. Айыртау ауданындағы Казанка ауылдық округінде бір бағдарламаны жақсы иегеріп, мемлекеттік қолдаудың екінші бағыты бойынша кластерлік өндіріс орнын ашқандар да бар. Осы аудандағы Прекрасное ауылын қайта көтеріп отырған кәсіпкер былтыр “Ырыс” бойынша қаржы алып, өзіндегі ірі қараға тағы 100 бас қосты. Ақжар ауданындағы Восход ауылында Тәжиден Қабдірахмановтың “Кусумус” шаруашылығы 2008 жылы біздің қордан несие алып, 10 бас сиыр сатып алған болатын. Бүгінде шаруашылық 400 бас ірі қара ұстайды. Алайда, ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдау тетіктерінің барлық жолдарын біле бермейді. Жақында бір кәсіпкер әйелді кезіктірдім. Ол сүт жинайтын көлік сатып алып, сонымен табыс тауып жүр екен. Ол көлігі үшін мемлекеттен 30 пайыз демеу-қаржы алатынын білмепті. Сондықтан ақыл-кеңес айтып, бағыт көрсетуге дайынбыз.

– Бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыс көп мәселеде қолбайлау болары анық. 2016 жылға қандай болжам жасап отырсыздар?

– Биылғы жылы бағдарламалар бойынша бөлінетін қаржының көлемі азаюы мүмкін. Алайда, тұтынушылар тарапынан несие алуға сұраныс төмендеген жоқ. Көктемгі егіске өткен жылы 380 миллион теңге бағытталған болса, биыл 330 миллион теңгемен шектелдік. Филиал былтыр барлық бағдарламалар бойынша бір жылдың жұмысын 10 айда игерді. Бұл жерде ақшаның қысқартылғандығымен қатар, мемлекеттік қордан несие алуға деген сұраныстың өскендігін де ескеру керек. Былтыр өтініш білдіріп, қаржыға қол жеткізе алмай қалғандардың сұранысын биылғы жылы бөлінетін ақшамен қанағаттандыруға тырысамыз. Мемлекеттік қордан қаржыландыру шарасы тоқтатылмайды. Сондай-ақ, қордың өз қаражаты да бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында үнемділік мәселесіне аса назар аударды. Ендеше, қордан бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуы бұдан әрі де назардан тыс қалмайды. Бүгінгі таңда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның өңірлік филиалының кәсіпкерлікке ден қойып отырған 1,5 мың тұтынушысы бар. Бұл – біздің қызметіміздің қажеттілігінің бір көрінісі.

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp