Бабымен келген жүйрігінің бағын байламай, білім мен ғылымның бәйгесіне тұлпарын баптаған ұстаздарымның ұлағаты өлшеусіз. Бүгінгі күні ұстаздарым салған сара жолмен, жүрек қалауыммен мен де жүріп келемін. Таңдаған жолымның мәресіне жетпесем де, межелеген орнымды байқап, бағыт сілтеген бағдаршамнан адаспағанымды сеземін.
7-сыныпта оқып жүрген кезімде мектебімізге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін жаңа мұғалім келді. Ең бірінші күннен-ақ жылы шырайымен, жұмсақ дауысымен, кең пейілімен, ақжарқын мінезімен баурап алды. Әдебиетке деген сүйіспеншілігімді оятып, шығарма жазудағы шеберлігімді шыңдай білді. Сол кезден бастап “қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болсам” деген арман көкейімнен шықпай қойды. Мұғалімдік мамандықты таңдап, ұстаз болуыма әсер еткен Жанар Қалиева еді.
Жанар Әсетқызы Бұлақ орта мектебінде жас ақындар үйірмесін, “Тұмар” дебат-клубын ашып, талантты жастарға тәлім берді. “Ұстаздың мерейі – шәкіртінің жеңісі” демекші, бүгінгі күні бәйгеге қосқан баптаулы тұлпарлары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жанар Әсетқызы аудан, облыс көлемінде өткен жыр мүшәйраларының талай мәрте жеңімпазы атанған. Ақындық өнерімен қоса, ән айтып талайды тамсандырады. Адами келбетінен тек мейірім лебі сезіліп, айналасындағы адамдарға жақсылық нұрын сеуіп тұрғандай болатын ұстазымның әрбір сөзі мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Бала жанын баурап алатын Жанар Әсетқызының еңбекқорлығы мен адамгершілігін өзіме үлгі тұттым.
Орта мектепті бітірген жылы арманның ақ желкенін ту етіп, облыс орталығындағы қасиетті қарашаңырақ Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға қабылдандым. Аталмыш оқу орнында талантты басшы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Таласпаевадан тәлім алдым. Студенттер мен магистранттар ол кісінің салмақты да сабырлы мінезін, білімділігі мен байыптылығын, ұйымдастырушылық қабілетін, талапшылдық қасиеттерін өнеге тұтып, қадірлейді.
Ғылымға сүбелі үлес қосып келе жатқан Жанар Серкешқызынан тәлім алып, шәкірті болу – мен үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе. Жанар Серкешқызының бір ерекшелігі, әңгімелескен адамымен: “Мен айтайын, сен тыңда” демей, терезесін тең ұстайтындығы. Реті келгенде “осылай емес пе?” – деп әлсін-әлі тыңдаушысын өресі жетер биікке көтергендей айтарын мақұлдата отырып, үйреншікті құбылыстан тың мән-мағына тауып, ынтаңды арттырып, әр нәрсеге зер салуға баулиды. “Бұл қалай?” – деп ізденіске итермелейді. Егер, “осылай емес пе?” – деген сауалдарға жарытымды жауап естімей жатса, “Мұны білу керек”, – дейтін-ді ұстаз. Мұндай ескертулерді сирек болса да, алған кездерім болды. Сондай ескертулер алмас үшін күні-түні ізденетінмін.
Жанар Серкешқызының жетекшілігімен “Қазақ баспасөзіндегі қысқарған сөздердің қолданыс ерекшелігі” тақырыбында дипломдық жұмыс қорғадым. Қысқарған сөздердің шағын сөздігін жасадым. Зерттеу жұмысымның негізінде “Манаш оқуларында”, “Шоқан тағылымында” мақалаларым жарық көрді. “Қыран түлегіне қайтпас қанат, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды” демекші, ғылыми жолымның нұрлы болашағына жол ашқан Жанар Серкешқызының тәлімінің арқасында магистратурада білім алып, ғылым жолына қаймықпай бет алдым.
Алғашқы еңбек жолымды Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастадым. Жұмыс атқарып жатқаныма, бір жылдай ғана уақыт өтті. Дегенмен, осы бір жылдың ішінде біраз тәжірибе жинақтадым. Тәлімгерім болып тағайындалған Жанар Әбілова алғашқы күннен-ақ жан-жақты көмек көрсетті. Деңгейлік бағдарламамен таныстырып, дәстүрлі сабақтан бөлек, жаңаша мазмұнда дәріс өткізудің қыр-сырларын игеруіме септігін тигізді. Бос уақыты болғанда, сабағыма қатысады. “Сын түзелмей, мін түзелмейді” демекші, қате-кемшіліктерімді айтып, келесі сабағыма дұрыс бағыт-бағдар береді. Осылайша, Жанар Жәметқызы жас маман ретінде әдістемелік тұрғыда шыңдалуыма көп үлес қосты.
Білім ордасында бірге қызмет атқарған осы уақыт аралығында ол кісінің кеңдігі мен кішіпейілділігіне, мейірімі мен адамгершілігіне тәнті болдым. Білікті маман, жүрегі ашық тәлімгерім қашан да талаптылардың тынысын ашып, қанаттандырып жіберуді дәстүрге айналдырған. Оның қамқорлығын көрген көптеген тәлім алушылар бүгінде абыройлы ұстаздардың қатарында.
“Бұлақ көрсең, көзін аш!” демекші, менің Жанар апайларым әлі талай таланттардың биіктен көрінуіне жол ашатындарына сенімдімін. Талантымды тамыр ұстап білмесе де, маған дұрыс жол сілтей алған, Жанар апайыма алғысым шексіз.
Гүлбағыш КЕМЕҢГЕРОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы
облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-
интернаты қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.