«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ ӘКЕМ

Бауыр еті – баласы үшін өмірдің ауыртпалығына қасқайып қарсы тұрып, перзентіне лайықты тәрбие беру барлық әкелердің қолынан келе бермейді. Анамды жоқтатпаған әкем Кеңес Омарұлының жақсы ұл-қыз өсіру жолындағы орасан еңбегі жайлы сөз етпекпін.

Мен үшін өмірдегі ең қымбат жан-анашым төсекке таңылып, аурудың құрсауында қалды. Сол кезде мен бар болғаны үш-төрт жаста едім. Анамның ауруы ұзақ жылдарға созылды. Отбасындағы бар ауыртпалық әкеме түсті. Менің күтімім, анамның ас-суын дайындау әрі қызметі бар, әйтеуір, дамыл көрмей, күн ұзаққа жүгіріп жүретін. Мені қолтығына қысып алып, балабақшаға да, мектепке де өзі апарады. Балабақшаға жеткенше әкемнің құшағында ұйықтап баратынмын. Кейін сабағымды оқытуға да уақыт тауып жүрді.

Өзі де жетімдіктің ащы дәмін татып өскен әкем бауыр еті – баласы үшін аянбады. Сол жылдары ағам Серік сыртта еді. Ал әпкем Шолпан Алматыдағы консерваторияда оқитын. Әкем қанша шаршап жүрсе де, қабағынан кірбің байқалмаушы еді. Үсті-басым тап-тұйнақтай, шашым да жинаулы, сабаққа мұнтаздай қылып жіберетін әкемнің сол кездердегі қайсарлығына бүгін қайран қаламын. Ол жұмыс уақыты аяқталған соң басқа шаруалардың бәрін ысырып қойып, кешкі алтыда міндетті түрде үйде болатын. Соның өзінде шаршағанын айтып, реніш білдірмейтін. Түзде басшылық қызмет атқарып жүрсе де, үй жұмысынан арланбайтын. Алыста қалған балалықтың ауылынан мына бір жағдайлар есімде қалыпты.  

Сабақ үстінде артқы партада отыратын Леша есімді сыныптасым қайта-қайта бұрымымды тартқылап, әбден зықымды шығарды. Үйге ағыл-тегіл жылап келдім де, Лешадан көрген қорлығымды әкеме жайып салдым. Ол кісі мені үнсіз тыңдады да, сөзбен жұбатты. Екінші күні мектепке Лешаны іздеп келіп, онымен жігіттерше сөйлесіп кетті. Осыдан кейін Лешаның бассыздығы сап тыйылды. Қайта, керісінше, маған деген құрметі артып, сөмкемді көтеріп, үйіме дейін шығарып салатын болды. Мектепте де маған қамқор болып жүретін. Осылайша Леша екеуіміз достасып кеттік.

Атқа мініп жүргім келетінін айтқанымда да әкем әдетіне сай қарсылық көрсетпеді. Тілегімді орындау үшін демалыс күндері ауылға жол тарттық. Туысымыздың жас жылқысын ерттеп жатқан әкеме жайдақ мінгім келетінін айттым. Ол кісінің маған қабақ шытпайтынын жақсы білемін ғой. Жайдақ мінудің қауіпті екенін айтып, түсіндіргісі келгенімен, бірбеткейлігім райымнан қайтара алмады. Ақыры әкемді өз дегеніме көндірдім. Мен мінген атты әкемнің жетектеп жүргені де ұнамады. Өзім деп, тағы еркелікке бастым. Шу дегенімді күтіп тұрғандай, ат ала жөнелді. Қатты шошып кетсем керек, жанұшыра әкемді көмекке шақырып жатырмын. Ол кісі сасқанынан аттың құйрық-жалына жармасыпты, жылқы малы оған қарасын ба, алды-артына қарамай ойнақтап келеді. Сөйтіп, аттан құлағаным бар. Сонда да әкем еркелігімді бетіме баспай, айналып-толғанып, бір жерім ауырып қалмады ма екен деп бәйек болып жатты.

Бойжетіп келе жатқан қызбын, құрбыларымның би кешіне баратынын естіп, менің де қалғым келмеді. Әкеме уәжімді айттым, ол кісі қарсы болған жоқ. Бірақ би кешіне мені өзі ертіп барамын деп қасарысып, айтқанынан қайтпады. Келісуге тура келді. Мұндай жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталанды. Әкем би кешіне жалғыз жібермейтін. Мен құрбыларыммен билеп, ойнап-күліп болғаннан кейін өзі ертіп, үйге алып кететін.

Әрине, анаға деген сағыныштың ортаймайтыны айқын. Соның өзінде менің көңілімді аулап, бар бос уақытын менімен өткізетін. Әсіресе, сенбі күнін асыға тосатынмын. Өйткені, бұл күні әкем дәмі тіл үйірер балмұздақтың сан түрін сататын дәмханаға ертіп барушы еді. Демалыс күндері балмұздақ жеу біздің әдетімізге айналды. Тіпті, дәмхана даяшыларының бізді танып алғаны сондай – арнайы үстелімізге басқа меймандарды отырғызбайтын.

Ұшқыр уақыт алға қарай адымдай басып, жылжи берді. Тірі адам тірлігін жасайды емес пе? Оқу бітірдім, жоғары білім алдым, еңбекке араластым. Өмірдегі жалғыз жанашырым – әкемді жерге қаратпауға өз-өзіме сөз бердім. Уәдем – уәде, перзент жақсылығы ғана әкенің абыройын асырады. Мен де айтқан сөзімде тұрып, әкемнің мақтанышы бола білгеніме әр кез масаттанамын.

Бірде басшылық маған жетім балалар үйін басқаруды жүктеді. Ата-ана мейіріміне зәру жеткіншектердің бәрі бірдей тұл жетім емес. Ол жерде ата-анасы ішімдікке салынып, қараусыз қалған балалар да бар. Теріс жолға түскен кейбір әйелдер ащы су мен жеңіл жүрісті өмірдің қызығына балап, балаларын ұмыт қалдырғандарды да кездестірдім. Түрлі тағдыр иелерімен бетпе-бет сөйлескенде ылғи әкемнің маған жасаған жақсылығын айтып беретінмін. Көп ер-азаматтар бала тәрбиесін әйелдердің мойнына жүктеп қойған. Бірақ жақсы әке жауапкершіліктен қашпайды.

Күнделікті күйбің тірліктен бас көтере алмай жүрсем де, күніне бір мәрте әкеме қоңырау шалып, қал-жағдайын біліп тұру менің дағдыма айналған. Мен үшін асқар таудан да биік, дүниенің бар байлығынан қымбат жан – әкем даусымды естігенде кішкентай балаша қуанып, жылы сөздерімен айналып-толғанып жатады. Бүгінгі күні қырық жастың ауылы алыс болмаса да, әкеме деген құрметім бір ортайған емес, оған деген сезіміме селкеу түсірмей, әрқашан таза күйінде сақтап келемін. Біреулер “Әкенің жақындығы жездедей” деп жатады. Бұл пікірмен мүлде келісе алмаймын. Өйткені, менің әкем балалары үшін жалғыз өзі тауды да, тасты да қопаруға дайын екенін жақсы білемін. Өмірде перзент үшін қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұра алатынын дәлелдей білді. Тағдырға мойынсұнғанымен, бәз біреулерге ұқсап баз кешіп кеткен жоқ. Әсіресе, мені аяғымнан тік тұрғызу үшін анамды жоқтатпай, әкелік махаббатымен перзент жүрегінің төрінен орын алды. Кездескен сайын, телефонмен сөйлескенде де: “Әке, жүз жасаңыз”, – деген тілегімді сан мәрте қайталап жүрмін. Менің әкем, шынымен де, құрметке лайық жан.

Сәуле ОМАРОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp