Биыл Астанада “Нұр Отан” партиясы бастауыш ұйымдарының алғаш рет ұйымдастырылған республикалық форумына делегат ретінде қатысқанымды өмірімдегі үлкен белестің бірі деп санаймын. Тұңғыш Президент, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушыларға өзінің құттықтау сөзін жолдап, партияның 20 жылдық мерейлі белесіне орай өткізіліп отырған бастауыш партия ұйымдары бірінші форумының ашылуымен құттықтады.
“Бүгінде біздің алдымызда Қазақстанды əлемдегі бəсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына енгізетін жаңа даму моделін қалыптастыру міндеті тұр. Мен биылғы Жолдауымда еліміздің даму деңгейі əрбір азаматымыздың əл-ауқатымен өлшенетінін атап өттім. “Нұр Отан” партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге əр қазақстандықтың мемлекеттің əлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін партиямыздың өзі де жетіліп, заманауи үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделгені жөн”, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Сондай-ақ, партия Төрағасы Саяси кеңестің биылғы маусым айындағы кеңейтілген отырысында партияның жүйелі жаңғыру үдерісі басталғанына жəне оның басты бағыттарының бірі – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру екеніне назар аударған.
Ерекше атап өтер жайт, Тұңғыш Президент, “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бастамасымен бұдан былай бастауыш партия ұйымдарының форумы дəстүрге айналып, екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болды. Бұл партия жұмысына қатысты кез келген мəселені талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін жаңа алаң болмақ. Барлық ұсыныстар жиын кезінде қатысушылар тарапынан қолдау тапқан бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамада ескерілді. Аталған құжатта бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру, сапалы партиялық актив пен кəсіби кадрлық резерв қалыптастыру, өзекті мəселелерді анықтау технологиялары мен оларды шешудің тиімді тетіктері, цифрлы технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық жұмысты жандандыру жəне бастауыш ұйымдардың басқару жүйесінде жаңа жұмыс форматтарын енгізудің ұтымды жолдары айқын көрсетілген.
Мен “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде форум шешімдерін жүзеге асыруға күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Биыл 25 жылдығын атап өткен компания халық тұтынатын тауарлардың 280 түрін шығарады. Біздің кәсіпорын ұжымындағы бес жүз қызметкердің әрбір оныншысы “Нұр Отан” партиясының мүшесі. Олардың барлығы кәсіпорындағы белді қызметкерлер, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Алдағы уақытта іргелі кәсіпорын ретінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қосатын боламыз.
Максим БОЛЬШЕДВОРОВ, “Радуга” ЖШС-і “Нұр Отан” партиясы бастауыш ұйымының төрағасы.