Желтоқсанның басында Тұңғыш Президент күнін тойласақ, айдың ортасында азаттық мейрамы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Одан кейін таңғажайыптарға толы Жаңа жыл да келіп жетеді. Бүлдіршіндер бұл мейрамды асыға күтетіні анық. Бірі шыршаны дүкеннен арнайы сатып алынған ойыншықтармен әсемдесе, екіншілері өздері түрлі бұйымдар жасап іледі. Қолдан ойыншық жасауды әдетке айналдырған жанның бірі – Анастасия Пушкалова.
Бойжеткеннің жасы 16-да. Анастасия алдымен мектепте қағаз бен картоннан түрлі бұйымдар жасап үйренген. Есейе келе ойыншықтар жасау үшін өзге де заттарды қолдана бастапты.
– Анам – өте өнерлі адам. Кез келген мерекенің сәнін келтіріп, салтанатты кешке айналдыра алатын жан. Отбасылық шаралардың дизайнері де – анам. Бұл өнер менің бойыма да дарыды. Түрлі заттардан әсем бұйымдар жасаймын, – дейді Анастасия.
Жас шебердің әрбір ойыншығы ерекше талғаммен жасалады. Негізінен пластик, әшекей тастар мен барқыт матасын қолданады. Бір заттың пішінін келтіруге 2-3 сағат уақыт кетеді. Мереке сайын жақындарын әсем сыйлықтарымен қуантады. Бойжеткен үшін ең шуақты мереке – Жаңа жыл. Бұл мейрамды кейіпкеріміз тағатсыздана күтеді. Бір ай бұрын қажетті материалдарды сатып алып, ойында жүрген ойыншықтарды жасайды.
– Мен үшін әр мерекенің орны бөлек. Тәуелсіздік күні – егемендігіміздің басты нышаны деп есептеймін. Ал Жаңа жыл – отбасылық қуаныш. Барша әлемнің бүлдіршіндері Аяз атаға сеніп, ертегілер әлеміне саяхат жасайды. Бұл мереке көңілді өтуі үшін бөлмені безендірудің маңызы зор. Бала күнімде әке-шешем үйімізді түрлі заттармен әсемдейтін. Бұл дәстүрді мен де жалғастырып келемін, – дейді Анастасия.
Бойжеткеннің түрлі сыйлықтарына туған-туыстары ғана емес, қаламыздың өзге тұрғындары да қызығушылық танытуда. Оған негізгі себеп – жас шебер өзі жасаған қолөнер бұйымдарын әлеуметтік желіге салады.
– Қолдан жасаған бұйымдарды сатамын деген ой болған жоқ. Өзімнің қатарластарым көрсін деп әлеуметтік желіде бөлістім. Көбі таңданып, жасап беріңізші деп өтініш білдіріп жатты. Сатып алғылары келетінін айтты. Тапсырыс бойынша жасап көр деп ұсыныс тастады, – дейді ол.
Соңғы кездері Анастасия үйлену тойлары мен мерейтойларға арнап түрлі сыйлықтар жасап жүр. Болашақта өнерін одан әрі дамытқысы келеді.
Аманжол НҰРТАЗИН.
“Soltüstık Qazaqstan”.