«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫҚТЫ МӘСЛИХАТ – ЕЛ ТІРЕГІ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өркендеу жолына үлес қосып келе жатқан аудандық мәслихаттар Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Президенттің стратегиялық даму бағдарламаларын басшылыққа ала отырып жұмыс істеуді мақсат етеді. Мәслихаттың сегізінші шақырылымына әр округтен сайланған 10 депутат бүгінгі күнде өздеріне жүктелген қоғамдық қызметтерін талапқа сай атқарып келеді. Депутаттар құрамы осы шақырылымда сапалық жағынан біршама жаңарды.

Мәслихат өз өкілеттілігін сессияларда мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттары мен төрағасы арқылы ел заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. Жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Сегізінші шақырылымнан бері 30 сессия өтіп, 229 шешім қабылданды. 14-і әділет департаментінде тіркеліп, 154 шешім нормативтік-құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланды. Мәслихаттың өз құзыреті шегінде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қабылдаған шешімдері заңнамада белгіленген тәртіпте ресми жариялануға тиіс және ол тиісті аумақта орындалуға міндетті.

Депутаттарымыз өз сайлау округтері бойынша әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, сессия қарауына ұсынып отырады. Жарас Жағыпаров, Сағындық Шүлембаев, Александр Герлиц, Нұрқасым Хасенов, тағы басқа халық қалаулыларының белсенділігі жоғары.

Кездесу-жиындарда, сонымен бірге жұртшылық сауалдары және мониторинг барысында анықталғандай, қабылданған шараларға қарамастан, сайлаушыларды толғандыратын жайттар аз емес. Әсіресе тұрмыстық салада (жол, ауызсу, интернет, такси, автобус байланысы, су бөгеттері, қаңғыбас иттер, және т.б.) шетін мәселелер көп. Осы себепті депутаттардың күш-жігері түйткілді проблемаларды шешуге бағытталған. Бір атап өтерлігі, аудандық мәслихаттың мемлекеттік тіркеуге жіберілген нормативтік құқықтық шешімдеріне Әділет министрлігі тарапынан бас тартулар, прокуратурадан наразылықтар болған жоқ. Мұның өзі аудандық мәслихат аппараты мен мемлекеттік қызметшілер жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Аудан әкімінің есебі, аудандық бюджеттің орындалуы мен аудандық және ауылдық округтердің негізгі бюджеттерін бекіту мәселелері жан-жақты талқыланып, нақты шешіледі. Кезектен тыс сессияларда ауданға қосымша қаржылар мен трансферттердің түсуіне байланысты өзгерістер еңгізілді. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмек көрсету қағидасын бекіту, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, сайлау комиссияларының құрамын сайлау және әкімдік жанындағы комиссиялар құрамына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қаралып, қабылданды.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстары сессия қарсаңында өтіп, аудандық және ауылдық бюджеттің орындалуы, аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту туралы шешімдердің жобалары қаралып отырады. Аудан аумағында жүргізіліп жатқан жолдарды жөндеу жұмыстары да тұрақты комиссиялардың бақылауына алынған. Аудандық мәслихат жанындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясымен бірлесе отырып, бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды қабылдаудың ұтымды жолдары ойластырылған.

Мәслихат депутаты ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына және мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, атқарушы органдардың лауазымды адамдарына мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүгінуге құқылы. Депутаттық сауалдың жауабы жазбаша түрде, бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Депутат берілген жауап негізінде өз пікірін білдіре алады. Халық қалаулылары сайлаушылардың бірде-бір өтініштілегін назардан тыс қалдырған емес. Құзырлы органдарға 61 депутаттық сауал жолданып, негізінен ауыларалық, ауылішілік жолдарды жөндеу, темір жол көлігінің аялдау уақытын ұзарту, қосымша вагонмен қамтамасыз ету, елді мекендерге спорт- сауықтыру кешендерін салу, қосымша электр желісін тарту, сапалы мобильді байланыс және интернет желісін қосу, дәрігерлік амбулаториялар салу, жол белгілерін орнату мәселелері қамтылды. Мәслихат депутаттарының белсенділігінің арқасында аудан орталығындағы станцияда темір жол көлігінің аялдау уақыты ұзартылды, нәтижесінде жолаушылардың уақыттары үнемделіп, аялдамада біршама демалуларына мүмкіндік туды. 4 медициналық пункт тұрғызылып, жаңа жабдықтармен толықтырылды. Өрт қаупі жаз айларында күшейе түсетіні белгілі. Депутаттардың дабыл қағуынан кейін орманды алқап айнала жыртылып, сақтық шаралары күшейтілді. Ауызсудан тапшылық жоқ. Десек те, үй-жайларға дейін су құбырын жеткізу мәселесі бар. Әр ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Нәтижесінде бірнеше елді мекен орталықтандырылған су құбырына қосылды.

Алда тұрған басты міндеттің бірі – елімізді көгалдандыру акциясына бір кісідей жұмыла қатысу. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы ішкі жол бойларына, саябақтарға 300 түп терек пен 100 түп қарағай көшеттері отырғызылды. Былтыр А.Герлицтің бастамасымен аудан орталығындағы «Батыр» спорт кешенінің бойына, биыл О.Сватконың ұсынысымен Қазан ауылына көшеттер егілді. Облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Ысқақова аудан тұрғындары мен халық өкілдеріне үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сенат депутаттары Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова, Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода да бірқатар мәселелердің шешілуіне барынша ықпал етті. Депутаттар қайырымдылық пен демеушілік шараларына да белсене қатысады. Мұқтаж отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, мектептер мен мектеп оқушыларына әркез материалдық қолдау көрсетеді.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған шараларды жүзеге асыру басты ұстаным болып қала береді.

Мағжан ЖҮСІПБЕКОВ,

Ақжар аудандық мәслихатының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp