Үстіміздегі жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ішкі істер органдарына бірқатар міндеттер жүктеді. “Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында өңіріміздегі ішкі істер органдарында қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмысқа қарсы күресте азаматтардың қауіпсіздігін, ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.
Үстіміздегі жылдың он бір айының қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында жалпы қылмыс көрсеткіші 5 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр қылмыстар саны 19,3 пайызға және аса ауыр қылмыстар 16,7 пайызға азайды. Есепті кезең ішінде жалпы қылмыстың ашылуы 72,1 пайызға жетті. Ашылмай қалған қылмыстар саны 5 пайызға кеміді, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 33,3 пайызға азайды. Бұрын жасалған 503 қылмыс ашылды, олардың ішінде екеуі аса ауыр және оны ауыр қылмыс түрлері болып саналады.
Криминогендік жағдайды тұрақтандыру мақсатында департаменттің күштері мен құралдарын барынша қолдану арқылы тұрақты негізде ауқымды операциялар өткізіліп тұрады. Көшеде, сондай-ақ, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Жыл басынан қоғамдық орындарда тіркелген қылмыстар саны 8,1 пайызға азайды. Сондай-ақ, көшелердегі қылмыстың тіркелуі – 11,8 пайызға немесе 399-дан 352 фактіге кеміді.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығында 410 сыртқы бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сыртқы бейнебақылау жүйесін қолдану арқылы 16786 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 12995-і – жол қозғалысы ережелерін, 2198-і – қоғамдық тәртіпті бұзу және басқа да құқық бұзушылықтар бар. Қылмыстардың ашылуына септігін тигізетін 169 факті анықталды. Осылайша, көшелердің қиылыстарында, аулаларда, темір жол вокзалы мен автовокзалда орнатылған бейнекамералар арқылы облыс орталығында тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы қамтамасыз етіледі. Жасөспірімдер жасайтын қылмыстарға да ерекше назар аударылады. Жылдың басынан олар 46 қылмыс жасады. Қылмыстар саны 27 пайызға немесе 17 фактіге азайды.
Криминогендік жағдайды жақсарту мақсатында бірнеше жыл қатарынан ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы іске асырылып келеді. Жалпы құқық бұзушылық ішінде бұл қылмыс түрі 60 пайызды құрап отыр. Бағдарлама бірнеше кезеңді қамтиды және 2018-2020 жылдар аралығында іске асырылатын болады. Ол барлық мүдделі органдармен келісіліп, облыс әкімі бекіткен.
Аталған бағдарлама аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерін, облыс орталығын “Қазақтелеком” АҚ-ы орнататын “бұлтты бақылау” жүйесі бойынша бейнебақылау камераларымен жабдықтау көзделген. Бүгінгі күні қалада 630 кіреберісте 1263 камера орнатылған. Таяу арада оған 200 бақылау камерасымен жабдықталатын 100 кіреберісті қосу жоспарланған. Бұл камералар қойылған сәттен бастап ашылған қылмыстардың саны артты. Осылайша, биылғы жылдың 11 айында бейнебақылау камераларының көмегімен 540 қылмыс ашылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,4 пайызға артық. Мысалы, қыркүйек айында Жуков көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінде белгісіз адамдар кішкентай газ баллонын бетке шашып, осы үйде тұратын азаматқа зиян келтіріп, 500 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Үйдің кіреберісі бақылау камерасымен жабдықталғандықтан, қаскөйлер көп ұзамай анықталды. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі.
Полиция қызметкерлері соңғы жылдары белсенді қолданатын техникалық жаңашылдықтар жұмысты ашық етеді әрі адами факторға жол бермейді. Бірінші кезекте, бейнетіркегіштер туралы айтуға болады. Бүгінгі күні өңірдің жолпатрульдік полициясының барлық экипаждары осындай заманауи құралдармен жарақталған. Сонымен қатар полиция жұмысына енгізіліп жатқан электронды планшеттердің көмегімен бес мыңнан астам хаттама толтырылды. Жұмыстың бұл форматы бірден біріктірілген бірыңғай республикалық деректер базасына түседі және хаттамалардың электронды түрде толтырылуына бақылау жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, біз қызмет көрсетудің жаңа сервистік түріне көштік. Бүгінгі күні облыстың полиция бөлімдерінде халыққа жедел кезекшіні күтпей-ақ олардың толғандырған мәселелерін тез шешуге мүмкіндік беретін фронт-офистер ашылды. Облыстық полиция департаментінің барлық күштері өңір халқының қауіпсіздігін сақтауға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Қайрат ОРАЗАЛИН, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі.