«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУДЕ БЕЛСЕНДІЛІК ҚАЖЕТ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов мүлікті жария етуге байланысты аппараттық кеңес өткізді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша мүлікті жария етуге 782 өтініш келіп түскен.

– Келіп түскен өтініштер бойынша жалпы құны 4 615 498 мың теңгені құрайтын нысандар саны – 901. 445 өтініш бойынша мүлік жария етілген. 287 өтініш қажетті құжаттардың толық болмауынан кері қайтарылса, 65 нысан бойынша 50 өтініш қаралу үстінде, – деді Ескен Әкімжанов.

Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Төлеген Қабдөшев жылжымайтын мүліктен 8 тұрғын үйдің және шетелде орналасқан тұрғын үйге жатпайтын бір нысанның жария етілгенін хабарлады.

Селекторлық режімде өткен аппараттық кеңеске барлық аудандардың әкімдері қатысты. Облыс әкімі оларға жергілікті жерде ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Мақсатты топтармен белсене жұмыс істеу керек. Бұл жұмыстың барынша шапшаң жүргізілгені дұрыс, – деді Ерік Сұлтанов.

Кеңесте жануарларды қысқы уақытта азықтандыру мәселесі де қаралды. Облыс аумағында 19 мыңға жуық айыртұяқты және 110 мыңнан астам ұсақ үлпек жүнді және жыртқыш аңдар есепке алынған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, өткен жылы 1635 центнер шөп, 36 мың бума ағаш жапырағы әзірленіп, 900 центнер мал жемі және 920 кг. тұз сатып алынған. Бір сөзбен айтқанда, азық қоры қыс маусымының аяғына дейін жетеді.

Аппарат кеңесі барысында мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртіпті сақтау мәселесі де қаралды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp