Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша нақты шаралар жоспары мен бұған дейін атқарылған жұмыс жайында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Марат Жәмәлиев баяндама жасады.
– Бүгінгі таңда Петропавл қаласы мен облыс аудандарының барлығында мүлікті жария ету жөнінде нақты шаралар қолға алынуда. 1 желтоқсанға дейінгі дерекке қарағанда, мүлікті заңдастыру жөнінде облыста жалпы саны 843 нысан бойынша 740 өтініш қаралған. Жалпы сомасы 4 миллиард 493 миллион теңгені құрайды. Ал 265 өтініш кері қайтарылды. Бұған себеп – қажетті құжаттар толық жиналмаған, – дейді Марат Өзбекұлы. Оның айтуынша, мүлікті жекешелендіру бойынша бүгінде нақты жұмыс атқарылуда. Биылғы Жолдауда Президентіміз жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру бойынша тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы орайда облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары жекешелендірудің жаңа бағдарламасы әзірленетінін атап өтті.
Өткен жылы жекешелендірудің екінші толқынының шеңберінде коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізіміне 39 ұйым қосылған. Оның ішінде “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының 13 мекемесі мен коммуналдық меншіктегі 26 кәсіпорын бар. Сату кестесіне сәйкес 2014 жылы 32120,3 мың теңге сомасындағы облыстық бағыныстағы 3 кәсіпорын жекешелендірілген. Олардың ішінде “Есіл” волейбол клубы, облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы бар.
Жиында келесі жылы алдымен облыстық екі мекемені сату жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл ретте әңгіме сан рет сауда-саттыққа шығарылып, өтпей қалған нысандарды қайтадан ұйымдастыру, жою туралы болып отыр.
Баспасөз мәслихаты барысында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Лилия Әбілева да сөз алып, Елбасының халыққа арнаған Жолдауында айтылған дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты бойынша атқарылуы тиіс нақты шараларға тоқталды. Ол жеке кәсіпкерлер үшін – патент, шағын және орта бизнес, аграрлы сектор үшін арнайы салық режімі енгізілетінін тілге тиек ете келе, салықтық әкімшілендірудің тиімділігі қарастырылатынын жеткізді. Баспасөз мәслихатында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Анар Әдиева да сөз алып, облыс бойынша жеке тұлғалардан шетелдегі мүлікті заңдастыру үшін 8 өтініш келіп түскенін хабарлады. Оның жалпы сомасы 29 миллион теңгені құрайды. Өтініш бойынша қаралған 6 нысан заңдастырылған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.