“Ертеңгі күніңді ойласаң – дән сеп, он жылыңды ойласаң – ағаш отырғыз, жүз жылыңды ойласаң – бала тәрбиеле” деген халық нақылы бар. Бүгінгі күні оқушыларды азаматтық-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі маңызды. Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатында ашылған “Жауынгерлік және еңбек даңқы” мұражайының жұмысы білім берумен қатар, тәрбие үдерісін қамтиды. Тарих пәнінің мұғалімдері Б. Есеналин, О. Ярошенко және мұражай кеңесі мүшелерінің белсене араласуымен Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері туралы мол материалдар жиналып, деректемелермен толықты. Жәдігерлер мектебіміздің бұрынғы қызметкерлері, олардың жауынгерлік ерліктері, тарихтың қиын кезеңдерінде бастан кешкендері туралы сыр шертеді.
Бұрынғы мектеп директоры, педагогикалық еңбек ардагері И.Матюшко Отанын фашист басқыншыларынан алғашқы күннен бастап қорғап, жапон соғысына қатысқан. Тыл еңбеккерлері А. Пискова, А. Кузьменко, Р. Коркина, П. Верчак, тағы басқаларының соғыс кезіндегі ерліктері, тынымсыз еңбектері туралы да осы жерде айтылады. Олар “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Ленинград қаласының жау құрсауында қалғанын басынан өткерген Л. Дюкареваның естеліктері де оқушыларды патриоттық тәрбиелеудің таптырмас көзі. Оның “Фашистер Ленинградты қоршап алғанда мен 10 жаста едім. Отбасының әр мүшесіне күніне 125 грамм, ал жұмыс істейтін адамға 250 грамнан ғана нан берілетін. Әсіресе, Ладога көлінен өту кезінде бомбаның астында қалғанымыз есімнен кетпейді”, – деген естелік жазбалары мұражайда сақтаулы. Соғыстың осындай жан түршігерлік оқиғаларын оның тірідей куәсі болған ардагерлердің өз ауыздарынан есту оларға деген құрметті арттыра түседі.
Іздестіру жұмыстары да оқушыларды елжандылыққа баулиды. Материалдарды жинап, тарихын зерттеу балаларды танымдылыққа, білгенін жүйелеуге, еңбексүйгіштікке, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға ықпал етеді. Жас патриоттар “Алғыс”, “Саланг” әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Клуб мүшелері майдан даласынан тапқан бірқатар жәдігерлерін біздің мұражайға сыйға тартты. Педагогикалық еңбек ардагерлерінің мұражайға табыстаған фотосуреттері, медальдары мен ордендері жерлестеріміздің өшпес ерліктерін паш етеді. Мұражайда өткізілген сабақтарда оқушылар мектеп педагогтерінің Отаны мен халқы үшін ерліктің үлгісін көрсеткеніне көз жеткізеді. Олардың адал қызмет ету жолында тайсалмай, кеуделерін от пен оққа тосқан ерлік істері – ұрпаққа үлгі.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі, оның Конституциясы, Мемлекеттік рәміздері, ел астанасы, ұлттық валюта, тағы басқа егемен еліміздің негізгі белгілері оқушылардың мақтанышына айналуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары, “Мәңгілік Ел” патриоттық акті, қысқы Азиада және Олимпиада ойындары – қазақстандықтардың жетістіктері арқылы балалар патриоттық рухқа тәрбиеленеді.
Мектептегі рухани келісім және бейбітшілік орталығы қоғамда этносаралық келісім мен төзімділікті нығайтуды, өскелең ұрпақ бойында ынтымақтастыққа ұмтылысты қалыптастыруды, жалпы қазақстандық құндылықтарды қастерлеуді, өзінің және өзгенің тарихын сақтауды мақсат етеді.
Жоғары сынып оқушылары қонақтарды мұражай жұмысымен таныстырады. Келісім мен бейбітшілік орталығында ардагерлермен кездесулер, көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, суреттер конкурстары, ерлік сабақтары өткізіледі. Бұл жер тәрбиеленушілердің этномәдени ахуалға беріліп, бейбітшілік, халықтар достығы мен бірлігі, төзімділігін әңгімелеп, Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге ұмтылысын, патриоттық сезімін тәрбиелейді.
Наталья ТЫЩЕНКО,
есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатының сурдопедагогі.