«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘСЛИХАТ АЛДЫНДА – КЕЗЕК КҮТТІРМЕС МІНДЕТТЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттар мен әкімдіктердің тығыз ынтымақтастығының, өкілді органдарды мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді іске асыруға тартудың маңыздылығына тоқтала келіп мәслихат депутаттарының құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттыруды, азаматтармен тікелей өзара іс-қимыл жасауды және қоғамды өз жұмысы туралы жан-жақты хабардар етуді тапсырды. Бұл міндет жаңа жүйе бойынша сайланған сегізінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының жұмысына үлкен серпін берді.

Жергілікті депутаттар алдында есеп берген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атқарушы билік органдары әрбір шешімді сессияда, комиссияларда егжей- тегжейлі пысықтап, талқылап отыратынын, практикалық мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарап, кәсіби түрде баға берілетінін атап көрсеткен болатын. Өкілетті органдардың жұмысы депутаттар алдына үлкен міндеттер жүктейді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттар депутаттарының пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша сайлануы саяси реформалар үрдісіндегі жаңашылдықтың бастауына айналды. Егер бұрын депутаттардың тек партиялық жауапкершілігі ғана болса және бір ғана бағдарламаны орындауға жұмылса, сегізінші шақырылымдағы депутаттардың сайлаушылар алдындағы дербес жауапкершілігі арттырылды.

Өкілетті орган болып табылатын облыстық мәслихат атқаратын жұмыс ауқымы әлдеқайда кең. Жергілікті қазынаны толықтыруға және мақсатты орындауға, мемлекеттің әлеуметтік саясаты мен экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға байланысты сессияларда, тұрақты комиссия отырыстарында нақты шешімдер қабылдап, орындалуын бақылап отырады. Халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және абаттандыру, жылумен және сумен жабдықтау, энергетика және көлік инфрақұрылымы, құрылыс және жер қатынастары салаларындағы әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесі, дәрілік препараттармен, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету сияқты тақырыптар саналуан. 2024 жылы мәслихаттың 10 сессиясы өткізіліп, өңірді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың кезек күттірмес міндеттері күн тәртібіне шығарылды. Нақтылап айтсақ, 90-ға жуық шешім, оның ішінде 19 нормативтік құқықтық сипаттағы шешім алынды. Мәслихаттың құқықтық актілеріне мониторинг жүргізіліп, шешімдерге түзетулер енгізіліп отырады. Мәселен, бюджет 8 рет нақтыланып, артық қаражат өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Әлеуметтік сала бойынша бюджет шығыстарының жалпы көлемі 58 пайызға жуықтайды. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, мүгедектердің мүдделері бірінші кезекте ескеріледі. Былтыр 10 мың техникалық оңалту құралдарын сатып алуға бюджеттен 2,6 млрд. теңге бөлінді. 248 отбасындағы 255 мүгедек балаға 20,2 млн. теңге мөлшерінде көмек көрсетілді. Инватакси қызметіне жергілікті бюджеттен 38,7 млн., халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй беру үшін 5,8 млрд. теңге қарастырылды.

Бюджетті нақтылау кезінде денсаулық сақтау саласына да қосымша қаражат қарастырылып, дәрілік заттардың, ана мен баланы қорғауға, медициналық иммунобиологиялық препараттарды орталықтандырылған әдіспен сатып алуға, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің тізбесі кеңейтілді. Бүгінгі таңда тізбеде барлығы 22 дәрілік заттың атауы бар, бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен азаматтар қосымша ала алатын мамандандырылған емдік өнімдер мен медициналық бұйымдар қосылды. Бұл мақсат үшін 5 млрд. теңге бөлінді. Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін телемедицина қанатқақты жобасы іске асырылды. Француз компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында медициналық мекемелерде 16 «Лимстар» телемедициналық кешені орнатылды. Облыс бюджетінің үштен бірі, яғни 6,4 млрд. теңге білім беруге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалды. Оқушыларды күнделікті және апта сайын тасымалдау үшін 37 автобус, 44 пәндік кабинет сатып алынды, 53 мектеп жөнделді. Жергілікті университет үшін 1200 орындық жатақхана салынып, орын тапшылығы шешілді. Қалалар мен елді мекендердің тұрғындарын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударылды. Дәл осы салалар бойынша депутаттар айрықша белсенділік таныта білді.

Соңғы сайлауда облыстық мәслихаттың жартысына жуығы жаңартылғанын айта кеткен жөн. Қазір оның құрамында 30 депутат болса, 15-і бір мандатты округтен, қалғандары партиялық тізіммен сайланды. «AMANAT», «Ақ жол», «Ауыл» және «Республика» сияқты төрт партияның өкілдері мандатқа ие.

Депутаттық корпустың үштен бірі – әйелдер мен жастар. Олардың ішінде жерлестерін жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік нысандар тұрғызатын, мәселелерді жедел шешетін, қайырымдылық, қоғамдық, партиялық қызметпен белсенді айналысатын кәсіпорындардың, ірі агроқұрылымдардың құрылтайшылары мен басшылары бар. Есімдері өңірге жақсы таныс Геннадий Зенченко, Серік Жүкеев, Ерлан Зікірин, Александр Касьяненко, Николай Кляйн, Сүйіндік Жолдасбаев, Сергей Домаев, Бейбіт Сыздықов, Ерлан Алпысов, тағы басқаларының тегеурінді іс-қимылы арқасында жұмыс орындарын ұсыну, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жобалары жүзеге асырылды. БАҚ өкілдері Наталья Аитова, Ербақыт Амантай, Юлия Пронина депутаттық қызметтің жариялылығын назардан тыс қалдырмайды. Сәуле Сұрағанова, Ольга Клишина, Мақсат Құдратуллаев, Ирина Эктова, Владимир Эрман, Берік Жанахметов, Досан Садықов сияқты депутаттар денсаулық сақтау, білім беру, спорт мәселелерін белсенді қорғайды. Кәсіпкерлік қызметті дамыту мәселелері бойынша Есжан Оразалин, Сергей Леонтьев, Галина Семенова, Жақсылық Есдәулетов, Гюлага Илдырымов белсенді. Кредиттеу және банк жүйесінің мәселелерімен депутаттар Құлыбек Шопанов пен Шынар Біләлова айналысады. Өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау бағытында депутаттар Орынбасар Ысқақова мен Евгений Кинцельдің қызметін бөле- жара айтуға тұрарлық.

Былтыр Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Елге сіңірген қажырлы еңбектері ескеріліп, жиырмадан астам депутатымыз «Қазақстан Республикасының депутаты» атағына ие болды. Басқа да марапаттар халық қалаулыларының маңызды мемлекеттік, жергілікті бағдарламаларды іске асырудағы, өңірдің инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласын дамытудағы сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға болып табылады.

Алдымызда Мемлекет басшысы белгілеп берген біртұтас мақсаттар мен асқаралы міндеттер тұр. Оларға қол жеткізу біздің іс-әрекеттеріміздің өзара түсіністігі мен келісімділігіне, депутаттық корпустағы моральдық- психологиялық ахуалға, атқарушы органдармен тиімді ынтымақтастыққа тікелей байланысты.

Владимир БУБЕНКО,

облыстық мәслихаттың төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp