Өңірімізде екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) туған күні – Мәуліт мерекесін тойлау дәстүрлі игі шараға айналып отыр. Осы мереке қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлын әңгімеге тартқан едік.
– Мәуліт Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін үш ғасырдан кейін басталды. Сұлтан Музаффар халифаның басшылығы тұсында негізі қаланды. Сол кезден бастап, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Мәуліт Пайғамбарымызға арналған мадақ болғандықтан, игі іс ретінде біршама ғалымдар тарапынан құп көріледі. Тіпті, бұрынғы өткен ғұламалардың көпшілігі осыған амал еткен. Атақты имам Нәуәуидің ұстазы Әбу Шаммаһ деген кісі: “Әр жылы Пайғамбарымыздың туған күніне тура келетін, осы күні істелінетін садақалар, әмір-маруф (жақсылыққа шақыру) және зейнеттер мен қуанышын көрсететін істер осы заманымыздың жаңалықтарының ең жақсысынан”, – деп айтқан. Ал ғұлама Хасан әл-Басри (р.а.): “Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулулланың мәулітін оқытуға жаратқан болар едім”, – десе, Жүнәйд әл-Бағдади (р.а.): “Кімде-кім Расулулланың Мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол адам, шынында, иманды болыпты”, – деген.
Демек, Мәуліт айында сауапты амал жасап, халықтың Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігін арттырар болсақ, шексіз сауапқа бөленеріміз ақиқат. Яғни, Пайғамбар айы – Мәуліт күндерінде үй-үйлерде дастарқан жайылып, оған ағайын-туысқандар шақырылып жатса, жақсы іс болып табылады. Әрине, ондай дастарқан үстінде Пайғамбар өмірінен өнегелер мен хадистер айтылып, салауат оқылатын болса, біздің Алла елшісіне деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. Сол үшін кейінгі ұрпаққа Пайғамбар есімімен қатар, тәрбиеге толы ғұмырын насихаттау, оның атына салауат айтуды үйрету біздің еншімізге бұйырған.
– Демек, Мәуліт мерекесінің өскелең ұрпақтың тәрбиесіне өзіндік үлесі зор ғой.
– Әрине, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ерекше тұлға болғанын бүкіл адамзат біледі. Сондықтан Мәуліт айында Алла Тағала адамгершіліктің бүкіл асыл қасиеттерін бойына дарытқан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүріп өткен сара жолын дәріптеу, хадистерін айту, сүннетін насихаттау арқылы біз жас ұрпақты тәрбиелеуге тиіспіз. Ұлы тұлғаның туған күнінде – Мәуліт айында бір ай бойы ислам құндылықтары жайлы айта отырып, халықты дінге шақырудың еш айыбы жоқ. Яғни, қолға алған үлкенді-кішілі іс-шараларымыз арқылы мұсылмандардың Алланың Елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін күшейтеміз.
– Биылғы Мәуліт мерекесін атап өтуге дайындықтарыңыз туралы да айтып өтсеңіз.
– Мәуліт тойын қаңтардың 17-сі, жексенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мерекелеу жоспарланып отыр. Онда мұсылман бауырлар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерімен, өсиеттерімен, өмір жолымен таныса алады. Шараға облыс орталығының танымал әншілері, өнер ұжымдары шақырылды. Сондай-ақ, барлық облыс аудандарында Мәулітті мерекелеудің күні белгіленді. Аудан имамдары дәстүрлі дін өкілдерінің басын тоғыстыратын мейрамды танымдық, тәрбиелік тұрғыдан тойлауға ерекше мән беріп отыр.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туған күні – тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Оның (с.а.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, Исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мереке екенін түсінгеніміз жөн. Олай болса Алла Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) шынайы үмбет болуды нәсіп етсін! Мәуліт мерекесі құтты болсын!
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.