Уақыт арнасын тапқан ағын су іспетті, бөгелу дегенді білмейді, зымырап өтіп жатыр. Балауса үмітімді үкілеп, қолыма қалам алғаныма, журналистік жолға түскеніме де алпыс жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде біраз дүние жазыппын, алайда көңілімде күмбірлеп тұрса да ақ қағазға түспегендері одан да көп сияқты. Облысымызға есімі жақсы таныс ұстаз, өнерпаз, өзімнің жерлесім, әр ісіне сырттай сүйсініп жүретін апайымыз Мәшуда Нұрғалиқызы Ыбыраева туралы да жазсам ба деп жүруші едім, соған бүгін қайырылып отырған жайым бар. Өкініштісі, ол кісі арамызда жоқ.
Айтып келмейтін ажал қақпанына түсіргелі бір жылдың жүзі болып қалыпты. Соңғы рет өз шаңырағында кездестік. Үлкен ұлының соңынан небәрі 46 жасында асығыс кетіп қалған Тимурының қазасына орай көңіл білдіруге бардық, жұбаныш сөзімізді айттық. «Алланың басқа салғанына көнеміз» дегеннен өзге сөзге бармап еді. Бірақ мұндай қайғыға қандай жүрек шыдасын, көп ұзамай өзі де балапандарының соңына еріп, мәңгілік мекеніне аттанды.
Мәшуда кім еді, артына қандай із қалдырды дегенде менің көз алдыма өзім көрген, туған ауылым – Шал ақын ауданындағы Балуанның қасиетті топырағынан түлеп ұшып, қиянға қанат қаққан, өмір жолында биік-биік асуларды бағындырып, ыстық мекенінің атақ-даңқын шартарапқа жайған, елге танылған бір топ азамат оралады. Олар – Сейтен Сауытбеков, Есенғали Лиманов, Қосыл Омаров, Қағида Базарбаева, Есләмғали Мұқанов, Ғазез Мусинов, Күләш Сұрағанова… Мен осы шоғырға Мәшуда Нұрғалиқызын да қосамын. Ол да – Балуан ауылының жоғары білімге жол салған, өмірін өнермен өрнектеген аяулы перзенттерінің бірі. Оның да үлкен өмірге жолы Балуаннан басталғанын айту мен үшін зор сүйініш!
Мен білетін Мәшуда – өте қарапайым, көпшіл, ішкі мәдениеті бай, асып-тасуды білмейтін жан еді. Осы және басқа бекзат қасиеттер оның бойына, ең алдымен, әке-шешесінен дарыды деп ойлаймын. Ол кісілерді де көрдім. Әкесі Нұрғали ағаш шебері болды, балтасы қолынан түспейтін. Әлі есімде, өткен ғасырдың 60-шы жылдары тұрмыс біршама түзелгеннен кейін, бұрын шым кепелерді паналаған біздің ауылдың тұрғындары ағаш үйлер сала бастады. Сол үйлердің барлығын десем артық айтқаным емес, Нұрекең бастаған, араларында әкем Қабдолла да бар, азаматтар тұрғызды. Жұмыс дегенде уақытпен санасуды білмейтін жандар еді. Ертелі-кеш жарқ- жұрқ еткен балталарының жүздері күнге шағылысып, қайың, терек, қарағайдың жаңқасы қарша борап жататын.
Мәшуданың анасы Зейнеп те көзі ашық, көкірегі ояу, көркем мінезді адам болды. Ол кісімен тұстас анам: «Зейнеп ертеде «Қызыл отауда» қызмет істеген» деп отыратын. Қазіргі жастардың «Қызыл отаудың» не екенін бірі білсе, біреуі білмеуі мүмкін. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында біздің елімізде әйелдер арасындағы сауатсыздықты жою мақсатында «Қызыл отау» деп аталатын білім ошақтары ұйымдастырылған. Демек, ол кісі ерте хат таныған. Өнерге де қаражаяу емес еді. Кездесе қалған жерде: «Ойын қуа бермеңдер, сабақтарыңды төрт пен беске оқыңдар, жақсы білім алсаңдар, үлкен азамат боласыңдар» деп ақыл айтуды ұмытпайтын. Ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Міне, осы кісілерден тәлім-тәрбие алған Мәшуда да жастайынан ашық, оқу-білімге, өнерге құштар болып өсті.
Өзі бір сұхбатында ауылдағы жетіжылдық мектепті тамамдағаннан кейін оқуын Баянда жалғастырғанын айтыпты. Ол кезде осы елді мекенді жағалай қонған Киров, Үлгі, Айтуар, Жекекөл, Айымжан, Амангелді, Талпын, Балуан, тағы басқа ауылдардың білім қуған жастары Баяндағы орта мектепте тоғысатын. Мектептің жанында интернат болды ма, болмады ма, ол жағын қазір дөп басып айта алмаймын, менің есімде қалғаны – біздің ауылдан барған балалардың көпшілігі жақын туыстарының үйінде, пәтерде тұрып оқыды. Мәшуда нағашысы Ишанғали Қасымовтың (есімі республикаға танымал, белгілі өнерпаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовтың әкесі) үйінде тұрыпты. Оның болашақ мамандығын дұрыс таңдауына, өнер жолына түсуіне осы кісінің ықпалы болғаны сөзсіз. Өйткені Ишанғали ағамыз сол кездің өзінде өңірге белгілі өнерпаз болатын. Орта мектепте сабақ берген оның әнші-домбырашылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарғанын солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі.
Жас кезімде мен ол кісімен жиі кездесіп жүрдім. Қалада мектепте оқығанда ауылдың азаматы, туыстығы да бар, Ғазез Мусиновтың үйіне жиі барушы едім. Ишекең облыс орталығына жол түссе, ат басын үнемі сол үйге тірейтін. Кешке қарай Ғазекең қызметтен оралғаннан кейін дастарқан басында әңгіме қызады. Облыстық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімін басқарған Ғазез ағамыз «Әр қазақ менің жалғызым» деген аталы сөздерді көңіліне мықтап түйген өте бауырмал адам еді. Ол кезде қазекең қонақүй дегенді білмейді, қалаға келсе, танысын, туысын іздейді, әйтеуір үйінен қонақ арылмайтын. Ғазекең де, жиен апам Мәруар да өздері жұмысбасты болса да, келген қонақтарды жылы қарсы алып, көңілдерін табуға тырысатын. Өзі де өнерге қаражаяу емес, домбыра шертіп, ән айтатын ағамыз Ишекең келгенде тіпті, қуанып қалатын. Шай ішіліп, дастарқан жиналғаннан кейін домбыраны Ишекеңе ұстатып, өзі тыңдағанды ұнатушы еді. Ишекең де тартынбайды, домбырасын баппен шертіп, көбіне бұрын біз естімеген ескінің әндерін шырқайды. Ара-арасында сол әндердің тарихына тоқталады. Әйтеуір әңгімесі қызық, түннің бір уағына дейін көз ілмейміз.
Осындай адамның жиені Мәшуда қайдан өнерден шет қалсын, ол да жастайынан сахнаға көтеріліп, ән айтуға құмартты. Осылай мектеп былай тұрсын, ауылішілік шараларда да бой көрсете бастады. Сол кездегі ауыл өмірі думанды еді ғой! Жастар, арасында үлкендер де жүреді, жұмыстан қолдары босай қалса клубқа жиналып, алдағы мерекелерге концерт дайындауға қызу кірісіп кетеді. Әр ауылда осылай. Кировтен немесе Жамбылдан жастар келіпті, пьеса қояды екен дегенді жиі еститінбіз. Сол жыл дары Баян ауылының да аты дүркіреп тұрды. Өзінің айтуынша, Мәшуда осындағы орта мектепте оқып жүргенде, нағашысы құрған ансамбльдің құрамында өнер көрсетеді, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі бойынша қойылған спектакльде Шұғаның рөлінде ойнайды.
Осылай өнер жолына ерте түскен ол мамандық таңдау уақыты келгенде, еш ойланбастан құжаттарын Алматыдағы қыздар институтының музыка факультетіне тапсырады. 1969 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай тамамдағаннан кейін жолдамамен өзі туып-өскен Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданымен көршілес Тимирязев ауданына келеді. Ол кезде жоғары білімді музыка пәнінің мұғалімдері тапшы еді ғой, жас маманға зор сенім көрсетіліп, бірден жергілікті музыка мектебінің басшысы болып тағайындалады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін отбасы жағдайымен облыс орталығына қоныс аударғанда, мұнда да қызмет іздеп көп қиналған жоқ, бірден Мағжан Жұмабаев атындағы колледжде музыка пәнінен сабақ беруге кірісіп кетті. Содан зейнет демалысына шыққанша осы ұжымда табан аудармай 33 жыл еңбек етті.
Атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың «Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім» дейтіні бар еді ғой, Мәшуда да зейнет демалысына шықса да, балауса күнінде жүрегіне ұя салған әннен, өнерден ұзап кете алмады. Сөйтіп, бірде ол өзімен қатарлас, жиі араласатын құр быларына әжелер ансамблін құру туралы ойын білдіреді. Оның бұл ұсынысын құрбылары ғана емес, мәдениет саласының басшылары да қолдады. Осылай 2003 жылы «Балқадиша» вокалды-фольклорлық ансамблі өмірге келді.
Міне, Мәшуда Нұрғалиқызының жұлдызын қайта жаққан осы ұжым десек, қателесе қоймаспыз. Шыны керек, ақ жаулықты әжелер алғаш рет қаздай тізіліп сахнаға шыққанда, олардың қаптаған өнер ұжымдары арасынан өз орнын ойып алатынына, түптің түбінде топ жаратынына сенгендер аса көп емес еді. Оның бір себебі, ұжымға алғаш іріктелген 12 әженің денінің арнайы музыкалық білімі жоқ болатын. Соған қарамастан Мәшуда Нұрғалиқызы өзі мойнына алған міндеттің жауапкершілігін терең сезініп, уақытпен санаспай жұмыс істеді. Ақыры білімді де білікті басшы екенін дәлелдеп шықты. Ол халық әндерін, оның ішінде ұмытыла бастаған шығармаларды жаңғыртуға көп көңіл бөлді. Сөйтіп, репертуарға кіргіземіз деген халық әндерінің бәрін өңдеп, нотаға түсірді. Қазір олардың саны 50- ден асып кетті.
Бүгінде «Балқадиша» – сөз жоқ, облысымыздағы ең танымал өнер ұжымдарының бірі. Өңіріміздегі бірде-бір мәдени- бұқаралық шараның «Балқадишаның» қатысуынсыз өтпейтінін айтсақ та жеткілікті. Мәшуда Нұрғалиқызы басқарған 20 жылдың ішінде әжелер ансамблі талай биіктерді бағындырды. Оның бәрін қазір жіпке тізе алмаспыз. Шоқтықты деуге тұрарлық бір жеңісін еске алғанда, ансамблдің 2005 жылғы Ресейге сапары ойға оралады. Әжелер бұл жолы Түменде өткен «Достық көпірі» атты фестивальде Сегіз серінің, Ақан серінің, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқап, қошеметке бөленді. Арада бес жыл өткеннен кейін ансамблге «халықтық» атағы берілді. Олардың бұл атақты бір емес, екі рет қорғап шығуының астарында да өлшеусіз төгілген тер мен үздіксіз ізденіс жатқаны анық.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, ол ғибратты ғұмыр кешті, халқына, өнерге адал болды. Басқаша болуы да мүмкін емес еді. Өйткені өте сирек кездесетін оның есімінің өзі араб тілінде бақыт, жеңіс дегенді білдіреді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі.