«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МЕРЕЙЛІ БЕЛЕСІ

 

15 желтоқсан күні Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов бастаған солтүстікқазақстандық делегация да қатысты. Ал өзге қызылжарлықтар салтанатты жиынды Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналып, онлайн режімде тамашалады.

Алдымен шара өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайына еліміздің мемлекеттік рәміздері енгізіліп, Әнұранымыз орындалды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға мемлкеттіміздің дамуына, Тәуелсіздіміздің нығаюына зор үлес қосқан айтулы азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырғандығын атап өтіп, сөз кезегін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

“Баршаңызды еліміздің ең ұлы мерекеміз, әрі еліміздің асқар асуы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүрегімнен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түркінің бөрілі байрағының мұрагері көк туымызды БҰҰ төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік. Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңымызды қабылдадық. Қарулы Күштерімізді құрып, шекарамызды шегендедік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінбесінен сөйлеткіздік. Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін тұсында жазылған “Мәңгілік Ел” ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің XV ғасырлық тамырына нәр бердік. Мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік, – деді Елбасы.

Тәуелсіздік алған жылдардың елең-алаң шағында туындаған ауыр кезеңге тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын жазылған хатты оқып берді. “Өзімнің жеке мұрағатымнан бір адамның екі хатын тауып алып, бүгінгі жиынға алып келдім. Ол – Солтүстік Қазақстан облысының фермері Геннадий Иванович Зенченко. Біріншісін мен 1991 жылы алыппын. Онда Геннадий Иванович былай деп жазыпты: “Біз қазір республикамыз үшін қандай ауыр жағдай екенін білеміз. Бірден айтайын: ауылда да жағдай қиын. Бізде 2,5 мыңнан астам колхоз бен совхоз бар және олардың бәрі тоқырап тұр. Сіз таяуда халықпен кездескен кезде “Отаның ұлы әрі қуатты болса оны жақсы көру жеңіл әрі көңілге сенім ұялатады”, – деген едіңіз. Оны сын сағатта жақсы көру одан да маңыздырақ. Біз сын сағаты туғандығын білеміз. Бірақ біз Сіздің Қазақстанымызды гүлдендіретініңізге сенеміз, – делінген. Екінші хат та содан келіп отыр. Қазір ол – Қазақстанның Еңбек Ері. Хат жыл басында келді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Екінші хатта Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде еліміздің жеткен жетістіктері айтылыпты.

Қазақстан Президенті терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, “Мәңгілік Ел” болудың дара жолына түскенімізді де баса айтты. “Бүгінгі ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Тағылымды тарихын түгендеген жоралы жұртпыз. Барша қазақтың басын біріктірген бәтуәлі ұлтпыз. Біз даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз. Арқа төсіне Тәуелсіздіктің символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз. Достықтың дара дәстүрлерін дамытқан біртұтас ұлтпыз. Көршімен тату, шалғаймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсеткен, салиқалы сыртқы саясат жүргізген ұлағатты ұлыспыз. Біз әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халықпыз. Алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекетпіз”, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы экономикалық жетістіктер арқасында халықтың әл-ауқатының нақты өсімін қамтамасыз ете алғанымызға тоқталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы құрметіне Үкіметке алдағы жылы зейнетақы мөлшерін 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл өсім 2 миллион 200 мың қазақстандықты қамтитын болады. Сонымен қатар, ендігі жылдың 1 шілдесінен бастап бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 20 пайызға арттыруды да тапсырды. Құдайға шүкір, елімізде бала туу деңгейі жоғарылап, өсім 55 пайызға жеткен.

Қазақстан Президенті еліміздің халықаралық аренадағы табыстарына, соның ішінде еуразиялық экономикалық ықпалдастық саласындағы бастамаларына, бітімгершілік мақсат жолына жұмсаған күш-жігерімізге ерекше назар аударды.

Мемлекеттің экономикасының қарыштап дамуына елеулі үлес қосқан отандық бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірген Елбасы қазіргі кезде мұндай адамдар елімізде өмір сүріп жатқандықтан, Қазақстан өзінің күш-қуатына сенімді екенін атап өтті. “Алдағы он жылда Қазақстан экономикалық өсім бойынша көшбасшылардың қатарында болады. Біріншіден, елде меншік иелері мен кәсіпкерлердің өсіп келе жатқан жаңа санаты табысты жұмыс істеуде. Елімізде 1 млн. 300 мыңға жуық кәсіпкерлік құрылымдар бар. Олар ұлттық байлықтың үштен бір бөлігін өндіруде”, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы 20 есе өскенін еске салды. 1999 жылдан бастап біздің экономика жыл сайын үздіксіз өсіп келеді.

Бүгінде Қазақстан жасанды жүрек орнату жағынан әлем бойынша Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұрғаны да жеткен жетістігіміздің бір парасы. Осы орайда Президент отандық медицинаны әлемдік деңгейге көтерген екі қазақстандық дәрігерді ерекше атап өтті. Олар – Юрий Пя және Серік Ақшолақов. Екеуі де күрделі зерттеулер жасап, тың жаңалықтар әкелген өз ісінің майталмандары. Отандық медицинаны әлемге танытқан тұлғалар. “Олардың біреуі кеше ғана қиын бір операция жасап, бала мен оның анасын құтқарып қалды. Сондықтан екеуіне де “Еңбек Ері” атағын бергенім дұрыс болды деп санаймын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елдің болашағына көз жүгірткен Мемлекет басшысы 2050 жылдағы Қазақстанның жағдайын суреттеп берді. “Иә, оған дейін әлі 34 жыл бар. Алыс сияқты көрінеді. Дегенмен, бұл – тариxтың қысқа бір кезеңі. 2050 жылға дейін біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Қазақстанда орта санаттағы азаматтардың саны басым болады. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың долларға өсетін болады. Біз инновациялық даму моделіне көшеміз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қазіргі бесжылдығы аясында 300-ден астам жаңа инновациялық кәсіпорын салынады. 2050 жылға дейін 2 миллионға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылады. Осы орайда жалпыға бірдей кәсіби білім беру бағдарламасының рөлі зор. Шамамен, 1 млн. адам жұмысшы мамандықтарымен қамтылады. Мектепті бітірген әрбір түлекті мемлекеттің есебінен оқытып, нақты бір мамандық беретін боламыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Әлем елдері сияқты алдағы уақытта Қазақстанда да урбанизация үдерісі қарқын алмақ. Бұл дегеніміз, 2050 жылға қарай қала xалқының саны 70 пайызға артады. Осыған байланысты 380 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салынады. Қала мен ауылды сапалы жолдар байланыстыратын болады. Осы орайда болашақта транзиттік мемлекетке айналуымыз қажет.

Пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындап отырғанымызды да тілге тиек еткен Елбасымыз 34 жылдан кейін қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 82 жасқа жетіп, xалықтың саны 25 миллион болатынын айтты. Ал Астана Еуразиялық мегаполиске айналады. Оның тұрғындары 3 миллионнан асады.

Салтанатты жиында сөз алған шешендер, Риодағы жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар Тәуелсіздіктің ширек ғасырында ел еңсесін тіктеп, іргесін нығайтқан Елбасына шексіз алғыстарын жеткізді. Мінберге көтерілгендердің бірі – Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов: “Жастарды жігерлендіріп, азаматтарды біріктіретін бірақ ауыз сөз. Біздің бабаларымыз да ұран шақырылғанда бір тудың астынан табылған. Осыған байланысты спортшылардан өзіңізге ұсыныс бар. “Қазақстан, тек қана алға!” – деген сөзіңізді еліміздің ресми ұранына айналдырсақ”, – деді.

Салтанатты жиынның соңында Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайларда сенім артып, соңына ілескен халқына алғысын айтып: “Біз тарихтан білеміз, қазақты еш уақытта сырттан келіп жау алған жоқ. Алдымен ішімізді ірітіп, бір-бірімізге айдап салып, “бөл де жаулап ал” деген саясатты жүргізді. Қазақтың басы біріккенде барлық жауды жеңіп отырған. Сондықтан бірлігімізден танбайық. Бір болсақ, бірге болсақ, алдымен қазақтың бірлігі, екінші көпэтносты еліміздің бірлігі, бізге деген сенім болса барлық айтқанымыз болады. Ертеңнен бастап екінші 25 жылдыққа аяқ басамыз. Екінші 25 жылдық бітіп, Қазақстанның 50 жылдығында мұнан да керемет сөздер айтылатындығына сенемін”, – деген Елбасы Данияр Елеусіновтің Қазақстанның ұранына қатысты ұсыныс жасағанын айта келе: “Мұны қолдаймын. Ұранымыз “Алға, Қазақстан!” болсын”, – деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp