«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӨЛДІР БҰЛАҚ БАСТАУЫ

Ыбырай атамыздың өлеңдері шыншылдықты, әділеттілікті көздесе, әңгімелерінің мағынасы өте тереңде жатыр. Оның әңгімелері балаларды білімге шақырып қана қоймай, адалдыққа, еңбексүйгіштікке, батылдыққа, адамгершілікке, сыйластыққа, қамқорлыққа, тапқырлыққа, мейірімділікке, тазалыққа тәрбиелейді. Адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, ар-ождан үнін естірткен ұлы ұстаз өз әңгімелерінде ең қымбаты – рухани байлық екеніне оқырманның көзін жеткізеді.

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына орай мектептің 4-сынып оқушылары “Ыбырай әңгімелері” атты іс-шара өткізіп, сахналық қойылымдар көрсетті. “Таза бұлақ”, “Нағыз адам” әңгімелері балалардың адами қасиеттерін оятса, “Бір уыс мақта”, “Шеше мен бала” үнемшілдікке үндеді.

Балалар Ыбырай атамыздың рухани тәрбиемен қатар имандылыққа да көп көңіл бөлгенін тілге тиек етті. Мұсылман бауырларымызға бес уақыт намаздағы тазалық пен тәртіпті, әдеп пен сыпайылықты, қамқорлық пен мейірімділікті, қиянат жасамай дұрыс әрекет ете білуді, Алланың берген әрбір сыйын ысырап қылмауды насихаттағанын мысалдармен дәлелдеді.

Оқушылар ақынның “Өнер-білім бар жұрттар” өлеңінен оның сол кезде-ақ өнері, білімі бар адамдардың қазіргі заманауи техниканың даму жүйесін тауып, ақпараттық технологияларға, ғаламторға қол жеткізетінін болжаған тұстарын тауып айтты.

Әсем СЫЗДЫҚОВА,

Семиполка орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp