«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ

Бүгінгі таңда Мағжан Жұмабаев ауданында бір мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді. Осындай жандарды қолдау және тұрмыстық деңгейлерін көтеру үшін қолға алынған жұмыстар “Нұр Отан” партиясының назарында екені сөзсіз. Осы ауданда партияның облыстық филиалының “Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлжуаз топтарын қолдау” бағыты бойынша сарапшы тобының отырысы өтті. Отырыс барысында Мағжан Жұмабаев ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдарға медициналық көмек көрсету, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мәселелері кеңінен талқыланды.

Орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Валерий Уваров түрлі ауру бойынша 698 мүгедектің диспансерлік есепте тұрғанын, олардың үнемі амбулаторлық және стационарлық ем-дом алатындығын атап өтті. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрғандар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Мәселен, осы күнге дейін 1,5 млн. теңгенің тегін дәрілері таратылған. “Жалпы біздің мекемеде бұл жандарға барлық жағдай жасалған. Екі пандус орнатылып, осынша лифт бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған екі дәретхана жұмыс істейді”, – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.

Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі жандарды мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналастыру жаппай қолға алынған. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша 13 адам жұмысқа алынса, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы да осыншама адам екі қолға бір күрек тапқан көрінеді. Бөлім басшысы Ерлан Әубәкіров мүгедектерді тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыру жалғасын табатынына сендірді.

Ал әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мағжан Жұмабаев ауданындағы 77 нысанды бейімдеу қажет болса, оның тек 47-сі мүгедектер үшін қолжетімді. Он екі нысан жартылай қолжетімді болса, 48-нің есігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тарс жабық. Жоспар бойынша үстіміздегі жылы жиырма нысан бейімделуі тиіс болса, бүгінде оның үшеуінде тиісті жұмыстар атқарылған.

Ал көліктік инфрақұрылымды бейімдеуде де жұмыстар жүзеге асырылуда. Булаево қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үш жол белгісі орнатылыпты. Алдағы уақытта осындай жол белгілерін орнату аудан орталығында ғана емес, ірі елді мекендерде де қолға алынбақ.

– Булаево қаласындағы бірқатар нысанды араладық. Кейбір ғимараттардағы пандустардың тым биік орналасқандығын байқадық. Анықталған олқылықтар алдағы уақытта жойылады, деген сенімдеміз. Бұл бағытта әлі де жұмыс жасау керек, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының “Жұмыспен қамту және табыстар” бағыты бойынша өңірлік кураторы Серік Ахметбеков.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp