«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРДА — ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ

Жыл сайын көктемде Петропавлдағы Жәлел Қизатов көшесі “5 Н” мекенжайындағы тұрғын үйдің жертөлесін су басады. Жауын-шашын мен еріген қар суынан зардап шегетін тұрғындар бірнеше мәрте қалалық әкімдік мамандарынан көмек сұраған. Алайда, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. “Береке” шағынауданындағы Досмұхамбетов, Северная көшелеріндегі жолдар жөндеуді қажет етеді.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындарды алаңдатқан осы іспеттес мәселелер айтылды. Әсіресе, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, баспана бойынша сауал көп. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен басқарма басшылары, атқарушы органдардың өкілдері, өзге де жауапты тұлғалар тұрғындарды қабылдап, әр өтініш-тілекті ескерусіз қалдырмады.
– Петропавл қаласында 400 шақырым автокөлік жолы бар. Соның тең жартысына ғана асфальт төселген. Қалған көшелерді қалпына келтіріп, тым болмаса қиыршық тас төсеу қажет. Қай жерде қанша тұрғын барын ескере отырып, көшелерді кезегімен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуы тиіс. Көлік қозғалысы мен тұрғын үйлердің саны көп болса, қажетті қаржы алдымен сол жердің жолын жөндеуге бағытталуы керек. Қазір қаланың ішкі көшелерін қалпына келтірудеміз, – деген Құмар Іргебайұлы Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековке көшелерді жарықтандырып, жол белгілерін орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, Жәлел Қизатов көшесіндегі тұрғын үйге қатысты барлық мәселені тез арада шешуді міндеттеді.
Қабылдау барысында биыл облыс орталығындағы аулаларды жөндеуге 500 миллион теңге бөлініп, 60 ауланың қалпына келтірілетіні белгілі болды.
Жамбыл ауданындағы Сенжарка ауылынан келген Александр Фролов облыс әкімінен Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған ескерткішті қалпына келтіруге қолдау білдіруін өтінді. Ашық әкімдіктің қабылдауына көпбалалы аналар да келді. Соның бірі – Татьяна Пипус:
– Биыл сәуір айында үйімді су басты. Урицкий көшесі, 14 мекен-жайындағы тұрғын үй онсыз да апаттық жағдайда тұр. Бұған дейін қалалық әкімдікке көмек сұрап талай рет бардым. Жауапты тұлғалар жатақханадан сегіз шаршы метр орын ұсынды. Алайда, менің жеті балам бар. Бірінің мүмкіндігі шектеулі. Ол жерге бәріміз қалай сиямыз? Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма бірнеше жыл болды, – деп жанайқайын жеткізді. Өңір басшысы уақытша баспана тауып беруге уәде етіп, биыл көпбалалы аналардың 30 пайызын жаңадан салынған жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отырғанын айтты. Жалпы, Петропавл қаласында 1165 көпбалалы ана бар екен.
Надежда Клопцева да билік тарапынан тұрғын үй сұрай келген. Сегіз баласы бар “Алтын алқа” иегері аядай баспанада таршылық көріп отыр. Келіншек тым болмаса жалдамалы-коммуналдық пәтерге қол жеткізуді армандайды.
Ал көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектен қағылған Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тұрғыны Динара Тұрсынбаеваның жағдайына назар аударған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев оған жәрдемақы төлеу тәртібін түсіндірді.

Он жыл бойы үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі Рахима Қазбекованы да баспана мәселесі толғандырады. Бүгінде ол пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Жауапты тұлғалар оның жағдайы жіті назарда болатынын ескертті. Жалпы, қоғамдық қабылдауға 150 адам келсе, соның 32-сін өңір басшысы қабылдады.
– Қоғамдық қабылдау өткізу дәстүрге айналды. Бұл – тұрғындармен кері байланыс орнатудың тиімді әдісі. Кез келген мәселені қарап, дұрыс шешім қабылдауға тырысамыз. Өтінішпен келген бірде-бір адамды назардан тыс қалдырмаймыз. Қабылдауға келгендердің басым көпшілігін баспана, су, жол, жер мәселелері мен қоғамдық көлік қатынасы толғандырады. Осы күнге дейін өткен ашық қоғамдық қабылдау барысында 700-ден астам адамның өтінішін тыңдадық. Өзім 146 адамды қабылдадым. Біраз мәселе шешімін табуда, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Мәселен, өткен жылы Мамлют ауданындағы Леденево ауылының тұрғындары су құбырына қатысты мәселе көтерген. Нәтижесінде биыл қырыққа жуық ауылға құбыр орнату көзделуде.
Ашық әкімдік қабылдауында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевке де өтініш білдірген тұрғындар аз емес. Дамуында ауытқушылығы бар баласы үшін Үкімет тарапынан төленетін жәрдемақыға қол жеткізе алмай отырған петропавлдық Анастасия Гайвородская басқарма басшысынан көмек сұрады. Облыстық психо-неврологиялық диспансерде есепте тұрған кішкентай науқастың ата-анасын әуре-сарсаңға салған дәрігерлер қорытынды анықтама беруден бас тартып отыр. Түйінді мәселенің ақ-қарасын сол жерде анықтаған Тимур Сламжанұлы жас анаға сәбиін қайта тексеруден өткізу қажет екенін айтты. Бірнеше мәрте тексеруден өткізіп, жағдайы өзгеріссіз болса, сонда ғана ақ халаттылар нақты қорытынды шығаратынын жеткізді.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp