«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА – КҮШТІЛЕР БӘСЕКЕСІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы ел экономикасы мен халықтың ахуалын жақсартуға, жаңаша өмір сүруге дағдылану мен жаһандық дағдарыс ызғарын еңсеруге, елдегі бірлікті сақтауға бағытталған. Стратегиялық құжатта кәсіпкерлікке қатысты көптеген мәселе айтылды.

Елбасы Үкіметке 2016 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін жаңа “Жұмыспен қамтудың” жол картасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа бағдарлама 2007-2009 жылдардағы тәжірибені қамтуы тиіс. Шындығында, осы бағдарлама негізінде қаншама қазақстандық өзіне табыс көзін тауып, бизнестің тізгінін ұстап, бүгінде тәй-тәйлап тұра бастаған іскер отандастарымыз ел экономикасына өз үлесін қосу әрекетіне кірісті. Ең бастысы – осы бағдарлама шеңберінде қаншама адам жұмыспен қамтылды. Енді, міне, Елбасы бұл бағдарламаға бағытталған қаржыны айтарлықтай көбейтуді көздеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бағдарлама жергілікті инфрақұрылымды, ауылдық аумақтарды дамыту нәтижесінде еңбек нарығының орнықтылығын сақтап қалады. Сонымен қатар, біліктілікті арттыру арқылы қысқамерзімдік кадрларды қайта даярлау жұмысының ауқымын кеңейте түседі. Шағын несие мәселесі оңтайлы шешімін табу қажеттігін атап өткен Елбасы осының бәріне Үкімет, жергілікті әкімдер баса назар аударуын талап етті.  

Мемлекет басшысы “ҚазАгро” мен “Бәйтерек” холдингтерінің жұмысына сын айтты. Әрине, алдағы уақытта бұл айтылған сынды ескере отырып, жұмысымызды ширата түсеріміз сөзсіз. “Даму” қоры “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауда ауқымды жұмыс атқаруда. Қордың өңірлік филиалы аталмыш бағдарлама бойынша 1 801 430 120 теңгенің 120 кепілдік шарасына, 35 841 312 361 теңгенің 468 жобасына қаржылай қолдау көрсетті. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері 1110 солтүстікқазақстандық жұмыспен қамтылды. Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкерлер биылғы жылдың тоғыз айында 2,409 миллион теңгенің салығын төледі. Бұл нәтижелер – мемлекеттік бағдарламаның тиімділігінің дәлелі.

Жолдауда Елбасы халықты және билік басындағыларды заманның ағымына қарай көсілуге шақырды. Ұлттық қордан бөлінген әр тиын тиімді жолға бағытталуы керек. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бизнесте мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың маңыздылығына көңіл бөлді.

Жалпы Елбасы үлкен мінберлерден ел экономикасының негізі шағын және орта кәсіпкерлікте екендігін жиі қайталайды. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау күтуді азайтып, бизнесті тиімді жүргізуді үйрену қажеттігі туралы ой тастады. “Бәсекелестік туралы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі”, – деп Елбасы ащы да болса, шындықты айтты.

Мереке СЫЗДЫҚОВ,

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp