Бүгіндері Петропавл темір жол көлігі колледжі – талапқа сай материалдық-техникалық базасы бар, үнемі дамып және жетіліп отыратын заманауи оқу орны. Оқытушылардың құзыреттілігі, жоғары біліктілігі, мол тәжірибесі жас буынға сапалы білім беруге мүмкіндік береді. Ұстаздар ұжымының барлық жұмысы тез өзгеретін технологиялар жағдайында кәсіптік міндеттерді шешуге қабілетті, ғылыми құзыреттілікке, шығармашылық белсенділікке ие өндірістік жағдайларды талдап, дұрыс шешімдер қабылдай алатын мамандарды даярлауға бағытталған.
Біздің колледж 50 жылдан астам уақыт бойы темір жол саласының орта буын, қызмет көрсету, экономика және басқару мамандарын, 2000 жылдан бастап энергетика кешенінің мамандарын даярлап келеді. Осы жылдар ішінде 12 мыңнан астам маман даярланды.
Қазіргі кәсіптік-техникалық білім мекемесінің жұмысы еңбек нарығының қажеттіліктерін, жұмыс берушілердің нақты тілектерін қанағаттандыруға бағытталған. Колледждегі әлеуметтік серіктестік біліктілікті арттыруға бағытталған кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруді, оқу орнындағы теориялық білімді өндірістегі тәжірибемен үйлестіруді көздейді. Бұл оқудан еңбек қызметіне икемді көшуге көмектеседі. Колледждің әлеуметтік серіктерінің қатарында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ-ы, Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі, “СевКаз Энерго” АҚ-ы, “Петропавловск лифт” және “Горгаз-сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Әлеуметтік серіктестік аясында колледж кәсіпорындардың технологиялық базасын қолдана отырып, білім алушылардың кәсіптік тәжірибеден өтуіне, арнайы пәндер оқытушыларының тағылымдамасын алуға, оқыту үдерісіне экономиканың сәйкес салаларынан кәсіптік тәжірибесі бар мамандарды тартуға жағдай туды. Олар өндіріс мамандарының қорытынды аттестаттауына, оқушылардың кәсіптік даярлық дәрежесін бағалауға, мамандарды даярлауға және оларды жұмысқа орналастыруға, колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектеседі.
Барлық студенттер локомотив және вагон депосы, электрмен жабдықтау дистанциясы, сапаржай, жол бөлімшесі, “СевКаз Энерго” АҚ-ы сияқты әлеуметтік серіктестіктерде кәсіптік тәжірибеден өтеді. Студенттер теориялық тестілеу және жұмысшы мамандығын алуға арналған оқу мен кәсіптік тәжірибеден өту қорытындылары, емтихан нәтижелері негізінде сәйкес разрядты жұмысшы мамандықтарына ие болады. Оқытушылардың серіктес кәсіпорындардағы тағылымдамасы озық тәжірибені зерделеуге, алдыңғы қатарлы техника мен технологияның қазіргі жетістіктерімен таныстыру негізінде ғылыми-кәсіптік саладағы білімді жаңартуға және тереңдетуге мүмкіндік береді. Оған “СевКаз Энерго” АҚ-ы, Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің жоғары біліктілікті мамандары арнайы және жалпы кәсіптік пәндердің оқытушылары, тәжірибелердің, дипломдық жобалаудың жетекшілері ретінде кеңінен тартылады. Бұл мамандарды даярлаудың сапасына оң ықпал етіп, тәжірибелік және оқытудағы ақпараттық-технологиялар өрісін кеңейтеді.
“СевКазЭнерго” АҚ-ы бейінді мамандықтар бойынша оқитын үшінші курс студенттерінің арасында компанияның атаулы корпоративтік шәкіртақысын алуға арналған ғылыми жобалардың байқауын екінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Аталмыш байқау ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруға, дарынды және шығармашылық белсенді студенттерді кәсіпорында жұмыс істеуге тартуға бағытталған. Биыл Максим Бураков пен Игорь Першуткин байқаудың жеңімпаздары болды.
2016 жылдан бастап колледж Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жаңа жобасы аясында мектеп түлектерімен жоспарлы кәсіптік бағдарлау жұмыстарын бастады. Кәсіптік бағдарлау түлектердің жұмысшы мамандығын таңдауының дәлелді көрсеткіші болып табылып, колледжге деген қызығушылықты тудырды. Колледж оқытушылары Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Аққайың аудандарының 15 мектебінде кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізді.
Еліміздегі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжі үстіміздегі жылдан бастап: бухгалтер, тарату құрылғылары бойынша электрқұрастырушы, жылу желілері жабдығын жөндеу слесарі, электровоз жүргізушісінің көмекшісі, вагондарды қараушы слесарь, жолаушылар вагонының жолсерігі, темір жол станциясының кезекшісі, электрондық-есептеу машиналарының операторы, жол-құрылыс машиналарын және тракторларын жөндеу, газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу слесарі, лифт электромеханигі мамандарын даярлауға мемлекеттік тапсырыс алды.
Білім ошағындағы кабинеттер мен зертханалардың оқу-материалдық базасы жұмысшы мамандарды даярлауға жеткілікті. Әлеуметтік серіктестер колледждің материалдық-техникалық базасын күшейтуге белсене араласады. Сонымен қатар газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу слесарі, лифт электромеханигі жаңа бейінді жұмысшы мамандықтарды даярлауға байланысты әлеуметтік серіктестіктің аясын кеңейту үшін колледж “Петропавловск лифт” және “Гор-газ-сервис” ЖШС-мен нәтижелі ынтымақтастықта жұмыс істейді. Атқарған шаралардың нәтижесінде 2017-2018 оқу жылында 325 студент жұмысшы мамандығын игере бастады. Бұл бағдарлама мемлекеттік тапсырыс бойынша алғашқы техникалық жұмысшы мамандығын студенттердің шәкіртақы ала отырып оқуына мүмкіндік берді.
Оқуды жалғастырғысы келгендерге колледждегі жеделдетілген бағдарлама бойынша өз мамандығына сәйкес келетін орта арнайы білім алуына болады. Биылғы оқу жылынан бастап колледжде “Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету” мамандығы бойынша модульдік-құзыреттілік технологияға негізделген жаңа бағдарлама енгізілуде. Ол студенттерге жұмысшы мамандығын және техник-бағдарламашы біліктілігін алуға мүмкіндік береді. Болашақта жаңа білім технологиялары қолданылған мамандықтардың тізімін көбейту жоспарланып отыр.
Петропавл темір жол көлігі колледжінің ұстаздар ұжымы Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Колледждің алдында шешімін табуды қажет ететін маңызды стратегиялық міндеттер тұр. Оларға мамандарды даярлаудың сапасын, кәсіптік құзыреттілігін, бәсекеге қабілеттілігін, кәсіптік ұтқырлығын еңбек нарығы мен білім беру стандарттарына сәйкес қамтамасыз ету, тағы басқа міндеттер жатады. Бұл міндеттерді шешу Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжі ұжымының еңбек нарығының қазіргі талаптарына жауап беретін, үздіксіз өсуге дайын, әлеуметтік және кәсіптік құзыреттілікке, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерге ие мамандарды даярлауына жол ашады.
Михаил ШАТКОВСКИЙ,
Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінің директоры,
техника ғылымдарының кандидаты.