Тайынша қаласындағы “Агро-бизнес” колледжінің ұжымы бүгіндері кәсіптік білім берудің арнайы бағдарламасын жүзеге асырып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мұнда “Фермерлік шаруашылық”, “Тамақтандыруды ұйымдастыру”, “Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану”, “Дәнекерлеу ісі” мамандықтары бойынша 281 студент білім алуда.
Кәсіптік білім беруге, оның ішінде дуалды жүйеде маман даярлауға “Тайынша-Астық”, “Алабота” асылтұқымды мал зауыты”, “Ковыльное СК”, “Астық STEM” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты әлеуметтік әріптестер үлес қосуда. Оқытудың дуалды жүйесі – кәсіби мамандар даярлаудың тиімді жолдарының бірі. Мамандарға деген сұранысты өтеуді мақсат еткен білім ордасы жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ішкі және сыртқы нарыққа қажет білікті кадрлар даярлау және халықты еңбекпен қамту мәселесін де шешуді қолға алған.
Ұжым терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеді. Өзгермелі заманға лайықты жаңашыл тұлғаны тәрбиелеуде әртүрлі әдіс-тәсілдермен өтетін сабақтар жүйесі пайдалы. Студенттер арасындағы зияткерлік ойындар, олимпиадалар мен жарыстар, “дөңгелек үстел”, дебат пен пікірсайыстар – нәтижеге жетудің бірден-бір көзі.
Озық сабақ үлгілерімен түрлі байқауларға қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген оқытушылар да бар. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Садықова Алматы қаласында өткен “Қазақстан ұстаздары” республикалық олимпиадасында жеңімпаз атанса, облыстық “По страницам истории” байқауында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Қасымова жеңіске жетті. Тарих пәнінің мұғалімі И.Жумаревтің еңбегі “Лента времени: от прошлого к будущему” жинағына енгізілді.
Білікті басшы Даулыбай Тәшетовтің қадағалауымен білім ошағының материалдық-техникалық жағдайына көңіл бөлініп, оқу корпусы мен жатақхана, мәжіліс және спорт залдары жөндеуден өткізілді. Асхана мен жекелеген кабинеттерге арнайы жабдықтар, музыкалық аспаптар алынды.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша қаласы.