Петропавл қалалық Мәдениет үйі жанындағы балалармен жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Наталья Геращенко жуырда Ресейдің Омбы қаласында өткен “Сибирь зажигает звезды” атты халықаралық ән байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды еншілеп қайтты. Әлемнің отызға жуық елінен келіп сынға түскен жүзден жүйрік өнерпаздардың арасынан өзінің бағы жанып, жүлделі орынға ие болғанын жас әнші үлкен жетістігім деп бағалап, әрі қарай табанды еңбек етуге талпынатынын жеткізді.
Наталья облыс орталығындағы Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектепте, содан кейін өнер колледжінде білім алды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әртүрлі облыстық, республикалық әндер байқауына қатысып, биік белестерді бағындыра білді. Ол бағын сынаған “Мамыр жұлдыздары”, Шәмші Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным” сайыстары өнер жолындағы қабілетін шыңдауға әсер етіпті.
– Талантты жастарды анықтайтын халықаралық байқауға қатысудың өзі жеңіс деп ойлаймын. Маған қолдау білдіріп, қол ұшын берген өзім қызмет атқаратын қалалық Мәдениет үйінің мамандарына, жанкүйерлеріме үлкен алғысымды білдіремін, – дейді Наталья Витальевна.
(Өз тілшіміз).