Қызылжар ауданының Новокаменка ауылындағы “Карасев және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқылардың қатарында егін орағын аяқтады. Ұжым 50 гектар алқапқа егілген картопты да жинап алды.
2004 жылы құрылған шаруа қожалығы ауылдың 9 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биыл олар 1700 гектарға арпа мен бидай сепкен еді.
– Әрине, жыл ауыр болды. Ауа райы жаз бойы егіншілерге қабақ бермеді. Десек те, жанталаса жұмыс істеп, астықты қамбаға құйып үлгердік. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Бір айдың ішінде орақ науқанын аяқтадық, – дейді шаруашылық басшысы Михаил Карасев.
Қожалық бойынша астықтың шығымдылығы әр гектардан 16 центнерден айналған. Серіктестік биыл өзіне тиесілі алқаптың 400 гектарын парға қалдырыпты. Қазіргі таңда механизаторлар сол жерлерді баптаумен айналысуда.
Серіктестік басшысы алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтып, мал шаруашылығын да қатар алып жүруді жоспарлап отыр. Сол кезде ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, дейді ол.
Назерке ҒАЛЫМ,
журналист.