Алдағы екі-үш жылдың ішінде ауруханадағы ұзын сонар кезектер мәселесі толығымен шешілуі әбден мүмкін. Адамдар дәрігерге сабылмаса да болады. Себебі, әрбір пациенттің электронды денсаулық паспорты мен жеке кабинеті арқылы дәрігерлер бәрін бақылауда ұстап отырады.
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруларды бақылайтын “жасанды интеллект” жүйесін де енгізуге мүдделі. Алайда, осының бәрін іске қосу оңай шаруа емес, бұл үшін біраз кешенді шараларды атқару қажет. Әлбетте, бірыңғай электронды базаны жасақтау үшін, алдымен, әрбір аурухананың өз ішіндегі жергілікті желісін, яғни ішкі ақпарат алмасудың электронды жүйесін ретке келтірген жөн. Бүгіндері емханаға тіркелу, кезекке тұру сияқты электронды қызметтер де соны көздейді. Ал әрбір медициналық мекеменің ішкі жүйесін ретке келтіргеннен кейін, олардың барлығын ортақ бір желіге, бірыңғай платформаға қосу қажет.
Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, қазіргі кезде ақпараттық жүйелерді өзара қосу және бірыңғай деректер базасын құру мақсатында интеграциялық платформа жасалып жатыр. Бұл бастамаға Дүниежүзілік банк өзі қолдау жасап келеді. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін сол платформаны қанатқақты негізде іске қосу жоспарланып отыр. Соның негізінде электронды денсаулық паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеті құрылады. Алдағы уақытта электронды денсаулық паспортын ойдағыдай енгізу үшін әрбір медициналық ұйым пациенттер туралы деректерді беруі тиіс. Әрине, оған қажетті компьютерлік техника, сапалы интернет пен ақпараттық жүйелер керек.
Өкінішке қарай елімізде емханалардың жартысының көбі интернетке шыға алмайды екен. Оның да өзіндік себептері бар. Негізі облыстық және қалалық емханалардың барлығында интернет бар. Ал интернетсіз отырған мекемелердің басым бөлігі – шалғай жерде орналасқан ауыл емханалары. Келесі жылдың аяғына дейін шалғай жатқан емханаларды да интернетке қосу қажет. Өйткені, 2019 жылдан бастап барлық медициналық мекемелерді толығымен электронды жүйеге ауыстыру жоспарлануда. Содан бастап, дәрігерлер қағазбасты жұмыстан толығымен құтылады деген сенім бар. Себебі, амбулаторлық кітапшалар, тіпті, дәрігерлік рецепттер электронды түрде жазылады. Шыны керек, Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі бастамаларын іске асыру үшін әкімдердің белсенді әрекеті, ортақ іске деген жанашырлығы қажет-ақ. Себебі, ақпараттық жүйелерді құру мен компьютерлік техникамен қамтамасыз ету шаралары жергілікті жерде шешіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі үш жылдан кейін барлық қазақстандықтарға электронды денсаулық паспортын ашып беруді көздейді Онда пациент туралы ақпарат жинақталады. Адам туғаннан бастап қай емханаға барса да, оның дәрігерге қаралғаны, қандай диагноз қойылғаны және тағы басқа мәліметтер электронды денсаулық паспортына түсіп отырады.
Бұдан бөлек, мобильдік қосымшалар арқылы медициналық қызметтер дамиды. “IBМ” компаниясымен бірлесіп, онкология саласында “жасанды интеллектті” пайдалану жобасы ғылыми мақалаларды автоматты түрде талдап, нақты бір пациентті емдеу жолын ұсынатын болады.
Арман АСҚАРОВ.