
2011 жылы облыстық перинаталдық орталықта бірден төрт сәби өмірге келді. Бұл сүйінші хабарды нәрестелердің ата-анасымен бірге біздің газет тілшілері де оқырмандарға жеткізіп, қалың жұртшылықты қуанышқа бөлеген болатынды. Шаңырағы шаттыққа толған Ивановтар отбасы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында тұрады.
Бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке қарсаңында көпбалалы отбасының ата-анасымен хабарласып, қыздардың хал-жағдайын сұрап-білдік. Дүние есігін ашқанда екі килограмнан болған кіп-кішкентай шақалақтар бүгінде үш жастан асқан. Шаштарына бантик тағып, шыр көбелек айнала билегенді ұнататын Мария, Екатерина, Антонина және Елизавета ата-анасының көзайымына айналған. Қазір олар Бескөлдегі “Еркежан” шағын орталығына барып жүр. Аналарының сөзіне сүйенер болсақ, кішкентай көмекшілері кескін-келбетімен бір-біріне ұқсағанымен, мінездері әртүрлі. Мәселен, Катяның қозғалысы ширақ, қозылақтай секіріп, жүгіріп ойнағанды ұнатады. Оның осындайына қарап, ата-анасы қыздары болашақта мүмкін спортшы болар деп ойлайды. Маша түрлі көйлек-көншектерден әдемі, қызықты дүние жасағанды ұнатады екен. Осыны байқаған анасы өсе келе Маша бағытын сән әлеміне бұрса, таңғалмайтынын айтты. Қыздардың ішіндегі ең тұйығы Тоня болса, Лиза, керісінше, ашық мінезді, кез келген адаммен сөйлесе кетеді. Міне, аналарының қыздарына берген мінездемесі осындай. Ең бастысы – олар бір-біріне ерекше бауырмалдықпен, қамқорлықпен қарайды. Ойнаса да, тамақ ішсе де, үй жинауға аналарына көмектессе де, барлығы бірігіп істейді. Әрине, баланың аты бала емес пе? Кейбір кездерде араларында түсініспеушілік те болып қалады. Бірақ бауырлар ондайды тез ұмытып, әп-сәтте ойнап кетеді.
Ивановтар отбасы сәби сүюді он жыл бойы армандаған. Сол үкілеген үмітке қол жеткізіп, бүгінде үйлері сәбидің күміс күлкісіне бөленіп, бала базарына айналған жайлары бар. Бірден көпбалалы болған отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Кішкентай бүлдіршіндер “Ұрпақ қоры” бағдарламасына ілегіп, әрқайсысына банкте жеке есепшот ашылған. Қатарластарынан қалдырмай, қыздарын мектепке дайындау үшін шағын орталыққа апарып жүрген аналары осы орайда көпбалалы отбасы ретінде бір жеңілдік ойластырылса жақсы болар еді, дейді. Себебі, бала басына ай сайын жеті мың теңгеден төлеп тұру қалтаға салмақ салары сөзсіз. Отағасы Андрей де, Светлананың өзі де жұмыс істейді. Бірақ, бала бағу, оны өсіріпжеткізу оңай шаруа емес қой. Сөздің шыны керек, бүгінде кейбір ата-ана бір баланың өзін балабақшаға апара алмай отырғанда төртемнің жағдайын шамалары келгенше жасап отырған ата-ананың бұл тілегін де түсінуге болады. Қолы ашық, жаны жомарт жандар тым болмаса екі қыздарының шағын орталыққа тегін баруына мүмкіндік жасап, қолғабыс берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өмір жолында кездесетін осындай қиындықтарға мойынсұнбаған ата-ана қыздарының былдырлаған бал тіліне тәнті болып, әнін тыңдап, биін тамашалағанда, барлық мәселені ұмытып кеткендей болады. Себебі, олардың төрт құбыласы тең. Бақыты да, байлығы да – көз алдында жайқалып өсіп келе жатқан балалары.
Тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде облыстық перинаталдық орталықта төртемнің дүниеге келуі алғаш рет тіркелген жағымды жаңалық болды. Бірден бірнеше сәбиін аман-есен бауырына басқан аналардың алтын жібі әлі де жалғасуда. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана шілдехана тойы Петропавл қаласында тұратын Уәлиевтер отбасында да тойланды. Өмірге үшем әкелген Салтанат есімді қазақ келінінің қуанышы жайында да қалайша айтпассың?! Міне, бала байлығына бөленіп, сәбилерін тәуелсіз елдің азаматы етіп тәрбиелеп отырған отбасылардың қатары күн санап қалыңдай түсуде. Осының өзі жас отбасылардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды сезініп отырғандарының айқын белгісі емес пе?!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сурет отбасылық мұрағаттан алынды.