«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Негізделген болжам

Құтқарушылар биылғы көктемде Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны 2016 жылғыдан да күшті болады деген пікірде. Ол негізсіз де емес. Биыл өңірге ылғал орташа жылдық көрсеткіштен екі есе артық түсті.

Әсіресе, қар Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарында қалың. Былтыр көктемде жердің беткі қабатының қатуына байланысты кейбір елді мекендерді су алған болатын. Мамандардың айтуынша, биыл жердің қатуы былтырғы көрсеткіштен 15-55 см.-ден асып түседі. Синоптиктердің болжауынша, қаңтар айында өңірімізде Сібірден келген антициклонның әсерінен ауа райы суытады. Ол кезде жердің қабаты одан бетер қата түседі. Ал наурыздың үшінші жартысында күн күрт жылынып, ауаның температурасы едәуір көтерілмек. Құтқарушылар ондайда қар тез еріп, тасқын судың пайда болуына әсер ететіндігін айтады.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы Асхат Бәкішев 2016 жылғы және мұның алдындағы жағдайлар зерттелгендігін айтты. Нәтижесінде облыстағы 95 елді мекенді су басуы ықтимал деген болжам жасалған. Қауіпті аумақта 1,5 мыңнан астам үй бар, 4,7 мың адам тұрып жатыр. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 153 автомобиль және темір жол учаскесін су алу қаупі бар.

– Қазіргі уақытта облыста су тасқынының алдын алу шаралары жан-жақты ойластырылуда, – дейді Асхат Бәкішев. – Өңірде 70 елді мекенді қорғау бойынша инженерлік шаралар аяқталды, жол-көлік инфрақұрылымдары мен гидротехникалық құрылғылар салынды. Бекітілген жоспар бойынша су тасқынынан зардап шегуі ықтимал елді мекен тұрғындарын эвакуациялау көзделген.

Былтыр облысымызда соңғы 30 жылда болмаған су тасқыны орын алып, 400-ден астам үй мен 35 елді мекен судың астында қалғанды. Тасқын судың зардаптарын жою үшін Үкіметтің қорынан 1,3 млрд. теңге бөлінді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp