Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұрнағы күні Петропавл қаласындағы “Коммуналдық”, “Дария”, “Южный” базарларын және “Семейный” гипермаркетін аралап, күнделікті қолданылатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.
Сауда сөрелеріндегі тағам өнімдерінің арасынан өңір басшысын картоптың бағасы қызықтырды. Қазан айында базарларда картоптың бағасы 120-130 теңгеге дейін көтеріліп кеткен болатын. Жүргізілген талдау мен мониторинг нәтижесінде қалыптасқан мұндай жағдай көкөніс өнімдерін тасымалдайтын делдалдардың келісуі және алыпсатарлық іс-әрекеттердің нәтижесінде болғаны анықталды.
Бағаны тұрақтандыру үшін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорына 800 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 100 тонна пияз және 100 тонна орамжапырақ сатып алды. Қазір базарларда картоптың бір килограмы 75 теңгеге, орамжапырақ 55 теңгеге, пияз 90 теңгеге және сәбіз 88 теңгеге сатылып жатыр. “Бағаны негізсіз өсірмеу бағытында базарлардың басшылары сауда нүктелерін жалға алушылармен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істегені абзал”, – деді Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында шаруашылықтар облыс орталығына көкөністі тікелей әкеледі. Әр ауданда 100 тонна картоп сақталған. Бұған қоса, апта сайын қаладағы төрт базарда сегіз ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңкелер өткізіп тұру дәстүрі өз жалғасын табатын болады.
Сенбі, 28 қазан күні облыс орталығында өңіріміздің барлық аудандарының, Петропавл қаласының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін агроқұрылымдары мен кәсіпорындары қатысатын “Өңір берекесі” күзгі жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде жалпы көлемі 930 тонна болатын өнімдердің 100 түрі саудаға шығарылмақ және бағалары базарлармен салыстырғанда 20-30 пайызға төмен болады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.