Барған сайын Сергеевкаға, қалаға,
Бір ауыр ой артып алам санама.
Көше аттары тек орысша жазылған,
Қазақшасы жоқ па олардың балама?
“Улица” бар Абай мен Шал ақынға,
“Улица” бар Бөкетовтің атында.
“Дружба” деп әлі жүрміз Достықты,
Дұрысталар жағдайы жоқ жақында.
Ана тілге неліктен біз өгейміз?
“Первомайды” Бірінші мамыр демейміз.
Ширек ғасыр мәртебесін алғалы
Намыстанып тілдің қамын жемейміз.
Ғасыр бойы шұбарланып қирап ек,
Егемендік алып есті жинап ек.
Әлі күнге Бейбітшілік көшесін
Біз орысша атап жүрміз “Мира” деп.
Атаулары орыс тілде кететін,
Сергеевкада көше аттары жететін.
Сауалым бар кеңселерге құзырлы
Қазақшаға кезі бар ма өтетін?
Қауымдасып, салайықшы ақылға,
Осы жағдай ерсі екені мақұл ма?
Бұл не деген белең алған салғырттық?
Өзгерері байқалмайды жақында.
Егеменді елде ғұмыр кешеміз,
Қалады ма “улица” боп көшеміз?
Ұят-ау өзі өткен-кеткен халықтан,
Мәселені қай уақытта шешеміз?
Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шал ақын ауданы.