Петропавлда солтүстікқазақстандық немістер жайлы жазылған кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туындыны басып шығару үшін авторы Александр Мерк шекара асып, Ресейдің Мәскеу және Омбы қалаларындағы мұрағаттарды ақтарған. Екі жыл бойы ізденіп, зерттеп жазған еңбегі “Солтүстікқазақстандық немістер туралы толғау” деген атаумен жарық көрді.
– Еңбегімде өз этносымның тарихын, тағдыр тәлкегіне ұшыраған немістердің бастан кешкендерін баяндадым. Кітап жазу барысында қиындықтар да кездесті. Әсіресе, немістер жайлы деректер табу қиынға соқты. Өйткені, революцияға дейінгі кезеңде Александр Колчак неміс ұлты жайлы барлық ақпаратты өртетіп жіберген. Сондықтан басқа елге барып, көп еңбектенуге тура келді, – дейді Александр Мерк.
Бұл 383 беттен тұратын кітапта осыдан екі ғасыр бұрын қазақ жеріне келген неміс этносы мен олардың бастан кешкені жайлы оқиғалар жазылған.
– Бұл кітаптың жастар үшін тағылымдық мәні зор. Өйткені, олар туған жерлерінің тарихын білулері керек, – дейді білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Темірғали Әбілмәжінов.
“Солтүстікқазақстандық немістер туралы толғау” кітабы 500 данамен жарық көрген. Автор алдағы уақытта кітаптың келесі бөлімдерін де жарыққа шығаруға ниетті.
Әйгерім ЕРЖАНОВА.