
Кеше Ақордада Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық экономиканың қазіргі ахуалы мен оны әрі қарай дамыту шаралары талқыланып, “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асырудың негізгі тетіктері қаралды.
Отырысты ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев жиынға Үкімет мүшелерімен бірге жергілікті әкімдер, басқа да ведомстволардың басшылары қатысып отырғанын атап өтті. “Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, былтыр Қазақстанның экономикасы 4 пайыздан артық өсті. Қазір дүниежүзілік экономика қиын-қыстау жағдайға тап болып отырғанын өздеріңіз көріп отырсыздар”, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы экономикалық дағдарысқа геосаяси текетірестің де қосылып отырғанын да баса атап өтті. “Соның салдарынан әлемдік нарық белгісіздік жағдайына тап болды. Бұл әлем халықтарының ажырамас бөлігі ретінде Қазақстанға да ықпалын тигізеді”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда экономикалық дағдарыс жоқ екенін атап айтты. “Біздің қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер – сыртқы нарықтың әсері. Қазақстан ішінде экономикалық дағдарыс жоқ. Біз қиындықтарды күтіп қарап отырмай, оның алдын алу үшін жедел шараларды қолға алдық. Оны халық біледі”, – деді Елбасы.
“Біз әлеуметтік міндеттемелерді мұқият сақтай отырып, кейбір жоспарларымызға өзгерістер енгізетін боламыз. Бірақ біздің халқымыздың алаңдауына еш негіз жоқ”, – деді Президент.
Елбасы Қазақстан экономикасының тамыры терең, іргесі мығым, қоры жеткілікті екендігін атап айтты. “Біз мұндай өткінші қиындықтарға қайыспай төтеп бергенбіз. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еске алыңыздар. Азия дағдарысынан, тіпті, дүниежүзілік дағдарыстан да табысты өттік. Экономикасы кемімеген санаулы елдердің қатарында болдық. Сол күндердің өзінде бойға қуат, ойға сенім орнаттық”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
“Кәсіпорындар өндіріс көлемі төмендесе де, жұмыс орындарын сақтауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. – Еңбек адамы үшін ең бастысы – өзінің жұмыс орнын сақтау. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Нәпақа табу үшін оны өзінің келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол мүмкін басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды”, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджет шығыстарын 10 пайызға қысқартуды тапсырды. “Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарын 700 млрд. теңгеге немесе жалпы шығыс көлемінің 10 пайызына қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте халық алдындағы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бір теңгесіне де тиіспеу қажет”, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы алдағы наурыз айында 1,3 мың отбасы жалдамалы пәтерге ие болатынын айтты. “Тұрғын үй бойынша 486 мың шаршы метр жалдамалы пәтер салу және сатып алу жоспарлануда. Бұл – 10 мың пәтер. Үстіміздегі жылдың наурызында 1353 пәтер, екінші тоқсанда 700 пәтер пайдалануға берілетін болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сауда желілерінде қазақстандық тауарлардың секциясы пайда болу үшін “Қазақстанда жасалған” акциясын ұйымдастыруды ұсынды. “Барлық қазақстандықтарды Қазақстан өнімдерін алуға шақырамыз. Бұл ел экономикасына үлкен қолдау болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бюджет қаржысы есебінен мерейтой жасаудан тыйылу керек, деді Елбасы. “Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған қазақ үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған? Мерейтойды туған-туысы, демеушілер өткізсін. Менің қарсылығым жоқ. Бірақ тек мемлекеттің қаржысына емес”, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Елбасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, экономиканың нақты секторын қаржылық ресурстармен қамту Ұлттық банктің бірінші кезектегі міндеті екенін қадап айтты.
(“ҚазАқпарат” агенттігінің жедел ақпараты бойынша дайындалды).